Маятас оқиғасы: сұмдық пен шындық

Screenshot_1.jpg

Қазан мен қараша Оңтүстiкке әйтеуiр бiр “жаңалық” алып келетiн болып жүр. Олай дейтiнiмiз, жуырда Сайрам ауданында “Маятас оқиғасы” қайталана жаздады. Бiрақ тәртiп сақшылары тәжiрибе жинақтап қалған екен. Ел арасында кiшiгiрiм бұзақылықтарды дер кезiнде ауыздықтап, “өрттiң” алдын алып тастады...  

Ұзынқұлақтан жеткен әңгiмелерге сенсек, Сайрамдағы даудың тұтануына да әлдебiр қазақ жiгiтiнiң зорлануы себеп болған. Құқық қорғау органдарының берген мәлiметтерiне қарағанда, 1972 жылы туған қазақ жiгiтi мен 1978 жылы туған өзбек жiгiтiнiң арасында әйтеуiр “түсiнiксiз” бiрдеңе болғанға ұқсайды. Артынан қазақ азаматтың әйелi тәртiп сақшыларына күйеуiнiң зорланғаны туралы арызданған. Бiрақ медициналық сараптама мұны терiске шығарған...  Дегенмен аталған ауданның Қарабұлақ өңiрiндегi қазақтар мен өзбектер арасында “қара мысықтың жүгiрiп өткенi” рас сияқты. Өзбектердiң үйiн, шөбiн өртеу оқиғаларының кездескенiн қазiр екiнiң бiрi айтып жүр. “От жанбаса, түтiн шықпайды ғой”... Былтыр Маятаста, биыл Мәдениде. Тып-тыныш жатқан елге қандай лаң тидi. Сұрақтың жауабын iздеу үшiн бiз әуелi Маятас оқиғасының түп-төркiнiн “қопарып” көрелiк.  

Бәрi де 20 қазан күнi алыс жайлауда 4 жасар қазақ баласының зорлануынан басталмап па едi? Адам айтқысыз айуандықты жасаған 16 жасар күрдi жiгiтi.  Бала сол күнi ауруханаға жеткiзiледi, дәрiгерлер оның зорланғанын растайды. Жәбiрленушiнiң анасы сол күнi-ақ тәртiп сақшыларына қылмыскердiң аты-жөнiн көрсетiп, арыз жазып берген. Бiрақ Төлеби аудандық iшкi iстер бөлiмi бастығының бiрiншi орынбасары Ж.Ержанов пен криминалдық полиция бөлiмiнiң бастығы З.Рустамов бұл қылмысты жауып тастаған. Осылайша баланың жарақатына “сүйек жұтып, үлкен дәретке отырғанда, тiк iшегiне зақым келген” деген қорытынды жасалған.  Ол кезде мәселенiң арты ушығып, iстiң насырға шабатынын кiм бiлген дейсiз?! 

Бұған дейiн де бұзақылық iстерiмен көзге түсiп жүрген Ильшаттың айуандық әрекетiнен хабардар болған маятастықтар ашу-нарызылық бiлдiредi. Ауыл ақсақалдарының шешiмiмен Үсеновтердiң отбасы үш күннiң iшiнде Маятастан көшiп кетуге мiндеттенедi, полиция Ильшаттың үстiнен қылмыстық iс қозғап, оны дереу қамауға алады. Осымен мәселенiң түйiнi тарқатылғандай едi. Бiрақ ол ешкiм күтпеген бағыт алды.  

31 қазан күнi кешкi мезгiлде Маятасқа бас-аяғы 15-20 шақты көлiк жиналған. Одан түскен 30-50 қаралы адам Iсеновтердi күзетiп жатқан тәртiп сақшыларына күш көрсетiп, үйге, аулада тұрған жүк көлiгiне от қояды. Сондай-ақ жанармай құйылған  бөтелкелер Iсеновтердiң көршiсiнiң үйiне де лақтырылған...“Өрттiң” тұтануы осылай басталған. Ертеңiне күрдiлердiң үйiн, шөбiн, дүние мүлкiн өртеу сияқты оқиғалар Төлеби, Түлкiбас, Сайрам және Бәйдiбек аудандарының бiрнеше ауылдарында бой көрсеттi. Тұрақсыздық шамамен бiр айға созылды... Өткен iс өттi. Ильшат 9 жылға сотталып, қазiр жазасын темiр тордың арғы жағында өтеп жатыр. 4 жасар баланың зорлануын жасыруға әрекет жасаған Ж.Ержанов да бас бостандығынан айрылды. З.Рустамов қашып жүр.... Маятас оқиғасы халықтың кенеттен тұтанған ашу-ызасы ма әлде оны әлдебiреулер қолдан ұйымдастырды ма? Өткен оқиғаларды ой елегiнен өткiзгенде “ұйымдастырылған” деген пiкiрдiң жаны бар сияқты болып көрiнедi. Олай болса КIМ? 

Бiрiншi болжам: Түркияның тапсырысы  

Маятас оқиғасы болған тұста Түркияда күрдi мәселесi күйiп тұрған болатын. Сондықтан Төлебиден болған бүлiктен әлдебiреулер саяси астар “тауып” алды. —Осы оқиғалар (Маятас оқиғасы. Ред) болар кезде түрiк армиясы бас штабының бастығы  күрдiлердiң қайда жүргенiне қарамастан, оларды жаппай қырып-жоятынын мәлiмдеген болатын. Бiздiң жолдасымыз Мехман Кучукаян Мәскеудегi Күрдi үйiнде жұмыс iстейтiн. Оны өзiнiң офисiнде төрт қарулы белгiсiз адамдар келiп шүйдесiнен атып өлтiрiп, жолдастарын жаралап кеттi. Осының бәрi де 29 қазан күнi болған едi. Дәл осы күнi Түркия өзiнiң тәуелсiздiгiн атап өттi. Осы күнi Қазақстанда күрдiлердiң үйiн өртеу оқиғалары бас көтердi,--дедi Ресейде шығатын “Тәуелсiз Күрдiстан газетiнiң бас редакторы Ишхан Мироев интернет арқылы жариялаған мәлiмдемесiнде.  Оған ресейдiң бiр топ күрдi зиялылары да қолдау бiлдiредi. Олар бiрауыздан Маятастағы оқиғаны Түркияның арнайы органдары ұйымдастырған, бұл Түркияның күрдiлерге қолданған саясатының жалғасы дейдi. И.Мироев: “Қазақстандағы болған оқиға—Назарбаевтың саясаты. Ол Түркияның қолдауымен жасалды” дегендi де қосып қойды. Бiрақ бұл сөздердi дәлелдейтiн ешқандай айғақ болған жоқ. Бос байбалам.  Күрдi зиялылары тiптi Маятас оқиғасының басты себебiне де  адамгершiлiкпен қарай алмады.  Сонау Мәскеуде отырған зиялысымақтардың “Жас баланы зорлау мүмкiн бе?! Жас бала зорланса, қан болып жатпай ма, ата-анасы оны неге дер кезiнде дәрiгерге көрсетпеген, неге дер кезiнде полицияға арызданбаған?” деген пiкiрлерiне не дейсiз?!. 4 жасар баланың зорланғанына Оңтүстiктiң суын iшiп, ауасын жұтқан Надир Надиров та күдiк келтiрiп, ол  да болған жайттан саяси астар iздедi. “Су iшкен құдығына түкiрдi”.   

Екiншi болжам: полиция   

Маятас ауылының азаматтарының айтуынша, маятастық күрдiлердiң әу бастан-ақ сүйкiмi болмаған тәрiздi. Бiрнеше күрдi отбасылары есiрткi сатумен айналысқан, ауыл жастарын есiрткi қолдануға тартқан. Отбасы мүшелерiнiң ешқайсысы жұмыс iстемейтiнiне қарамастан күрдi азаматтары бай-бақуатты тұрған.  Тiптi жергiлiктi халыққа мұрын шүйiрiп қарайтындай дәрежеге жеткен. Олардың ұл-қыздарын мектепке жiбермеуi, қыздарын 12-13 жасында күйеуге беруi сияқты әрекеттерiн де жергiлiктi халық дұрыс қабылдай алмаған. Жалпы күрдiлер осындай жағымсыз тiрлiктерi үшiн жаппай “жер аударылып” кетуi бұған дейiн де кездесiптi. Тоқсаншы жылдардың басында ол Түлкiбас ауданында, ал одан бұрын Өзбекстанда болған. Маятас соның жалғасы. Осы деректер Маятас оқиғасы құқық қорғау органдарының “дирижерлiгiмен” жүрген бе деген ойға жетелейдi. Олар ел iшiн керек емес адамдардан тазартып, криминалдық ахуалды жақсартып алуға тырысуы әбден мүмкiн ғой?! Бұл негiзсiз де емес.  Маятаста күрдiлердiң үйiн өртеу оқиғалары жүрiп жатқан кезде облыстық iшкi iстер департаментiне бiр жәбiрленушi телефон соғып, Маятас оқиғасының артында үлкен шендi полицейдiң тұрғанын хабарлаған. Маятастық күрдiлер де журналистерге қазақ-күрдi қақтығысының артында аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң Н. деген  бiр подполковнигiнiң тұрғанын айтқан болатын.  Жалпы Маятас оқиғасы полицияның өз iшiндегi былық-шылықтың да бетiн ашып бердi. Наурыз айында Шымкенттiң Әл-Фараби аудандық соты Төлеби АIIБ бастығының мiндетiн атқарған Ж.Ержановты 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сотта бiраз жайттың бетi ашылды. Темiр тордың арғы жағында отырған Ж.Ержанов облыстық iшкi iстер департаментiнiң бастығы генерал-майор Х.Досқалиевке 50 мың теңге пара бергенiн айтып салды. Облыстың бас полицейiнiң артынан осындай  ыңғайсыз әңгiмелердiң ерiп жүретiнi бұған дейiн де байқалған. Генералдың пара талап ететiнi туралы бес полковниктiң хаты “Время” газетiнде жарияланып, соның артынша Досқалиевтiң үстiнен қылмыстық iс қозғалған болатын. Бiр таңқаларлығы, Ж.Ержановтың сотта айтқан сөздерiне генерал тырс еткен жоқ... Кешегi Сайрамдағы болған оқиғадан кейiн Х.Досқалиевтiң өзi де тағын ауып түстi.   

Үшiншi болжам: оппозиция   

Маятас оқиғасының өрбуi 2007 жылы наурызында Казатком ауылындағы шешендермен, 2006 жылы желтоқсанда Шелектегi ұйғырлармен болған қақтығыстарға қатты ұқсайды. Бұл оқиғалардың бәрiне Қазақстанның әр түкпiрiнен,  жанжалға қатысы жоқ азаматтар араласқан. Қараңыз: 31 қазан күнi кешкiсiн Маятас ауылына бас-аяғы  20-ға тарта машина келген. Көлiктен түскен жiгiттер полицияға күш көрсетiп, үй-жайларды, көлiктi өртеген. Таң қаларлығы, маятастықтар оларды танымайды. Қайдан келгенiн бiлмейдi. Оқиға орнынан жеткен тәртiп сақшылары бұзақылардың iзiне де түсе алмаған. Казаткомда да, Шелекте де осы жағдай. Сонда бұл ұйымдасқан топтың көздегенi не? 

...Жiгiттер шынында да қазақтың тапталған намысын қорғап жүр ме, әлде...  

Интернетте жарияланған мәлiметтерде Маятас оқиғасын ұйымдастырушы ретiнде оппозицияның белдi бiр мүшесiнiң аты аталады. Оңтүстiкте және сол Төлеби ауданында туып-өскен әлгi азамат өзiнiң “барып кел, шауып келдерiне” ерекше тапсырма жүктеген. “Джип” мiнген жiгiттер Маятас оқиғасынан бiр ай бұрын ел iшiн адақтап, қайткен күнде де елдi Үкiметке қарсы көтеруге сылтау iздеген. 2007 жылдың күзiндегi бағаның бiрден шарықтап кетуi көтерiлiстiң негiзгi сылтауы болуы тиiс едi.  Алайда оппозиция пышақты буынсыз жерден сiлтедi. Маятастағы жас баланың зорлануынан әлеуметтiк емес, ұлтаралық қақтығыс шықты.  

Оқиғаға оппозицияның қатысы бар деген болжамға қосымша тағы бiр дерек: Маятас оқиғасынан бiр айдан кейiн ел арасында “16 желтоқсанда халық көшеге шығады. Қазақтар өзге ұлттарға қарсы көтерiледi” деген үрейлi хабар тарады. Бұл құқық қорғау органдарын аяғынан тiк тұрғызды. Бiрақ 16 желтоқсан әдеттегiдей тып-тыныш өттi...Көтерiлiс кiмге қажет болды? Оны өзiңiздiң iшiңiз сезген болар...  

Әрине, болжамның аты болжам. Бiрақ аңыздың артында бiр ақиқаттың болатыны сияқты, болжам да бекер жасалмайды. Бiр анығы—тарихта сыры ашылмай қалған саяси төңкерiстер, оқиғалар, толқулар көп, Маятас оқиғасы да солардың қатарында қала бередi. Оның жұмбағы шешiлмейдi. Ұзамай бәрi ұмытылады. Саясат дегенiңiз мiне, осы.

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: