Жүйткіген уақыт. Саңлақ спортшы, талантты қылқалам шебері Бексейіт Әбдезұлы Түлкиевтің Батыраш, Қотыраштардың қолынан қапыда қаза тапқанына 11 жыл толып үлгеріпті. Есіл ердің есімін есте қалдыру мақсатында әр жылдары әр түрлі деңгейде әр тарапта ол меңгерген қос өнерді өркендетуге бағытталған игілікті іс-шаралар жүзеге асып жүр. 2000 жылы Үкіметтің шешімімен өзі оқыған Қасқасу ауылындағы орта мектепке есімі беріліп, мәрмәр тастан мүсіні орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт мектеп оның атымен аталады. 2003 жылы көркемсуреттеріне арналған республикалық көрме болды. 2005 жылы ақын Темірғали Көпбаев “Қазығұрт” баспасынан “Қос өнердің жұлдызы” атты естелік кітапты елге сыйға тартты. Алдағы кезде танымал суретші Ерболат Төлепбайдың ұйытқы болуымен Бексейіттің қылқаламынан туған дүниелер жинақталған кітап жарыққа шықпақшы. Иманғали Тасмағанбетов бастаған бір топ достарының ұйымдастыруымен және Бексейіт пен Мұстафа Өзтүрік қорының атсалысуымен өткен жылы қаза тапқанына 10 жыл толуына орай 24 сәуірде Алматыдағы Республика сарайында оны еске алу кеші ұйымдастырылды.
22 қаңтар-Бексейіт Түлкиевтің туған күні. Туған күн қарсаңында марқұмның ағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, академик Қансейіт Әбдезұлымен әңгімелесіп, жүрек түкпіріндегі сырларын жазып алған едік.
-Бексейіттің шыр етіп жарық дүниеге келіп, кіндік кескен күннен бастап өмірінің соңына, мәңгілік сапар жолына түскенге дейінгі бүкіл тағдыры туған топырағымен, яғни қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданындағы Қасқасу атты атамекенімен біте қайнасқан. Ұшар басын ақ қар, көк мұз көмкерген таулар, етек-жеңі көкпеңбек жасыл желек жиектеген алаптар, баурайында қыздың қос бұрымындай күндіз-түні сарқырап ағып, салқын самал желпіп отыратын қос өзен – Қасқасу мен Сайрамсу, осының барлығын Бексейіт бала кезден жадына тоқып, жүрегімен түйсініп өсті. Оның таланты туған жер табиғатымен тамырласып жатыр.
Бексейіттің мінезі баламен де, шағамен де құрдасындай сырласа беретін аңғал, ақкөңіл әкеміз Әбдез Шүменұлына тартты. Әкеміз бүкіл саналы ғұмырын бау-бақшаның ортасында ел игілігін, шаруашылық меншігін қарауылдаумен өткізді. “Әбдездің бауы қайсы?” десеңіз еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгілер тегіс біледі. Табиғатты жанындай жақсы көретін әкеміздің қасиеті Бексейітке дарыды. Әкеміз сияқты табиғатты тамашалаудан жалықпайтын Бексейіттің сурет өнеріндегі тырнақалды туындылары табиғат көріністерін кескіндеуден басталды. Бексейіт бала кезінде түн жарымында майшамның сығырайған жарығымен жарысып, әдебиет оқулықтарындағы қазақ жазушыларының партреттерін сан қайтара салып отыратын. Оны әкем шаң тигізбей жинап, сақтап, көздің қарашығындай қорғаштайтын. Сол сарғыш тартқан суреттер анамның көне сандығында әлі күнге қаттаулы жатыр. Бексейіт соңғы суреті атақты “Ұлы көште” баяғы бала кезде салған қазақ зиялыларын майлы бояумен қайта сомдады. Оның талантты суретші ретінде танылуы Алматы көркемсурет училищесінде 2-курста оқып жүрген шағынан, дәлірегі 1973 жылдан бастау алады. Училище директоры басқаратын қазылар алқасы оқу жылының аяғында шәкірттері салған таңдаулы суреттерді сараптан өткізу барысында Бексейіттің елден ерекше қолтаңбасына жоғары баға берген болатын. Сурет әлемінде ешкімді қайталамайтын өзіндік соқпағымен келе жатқан дарынды баланың сондағы туындыларындағы жаңаша бір құбылысқа, тың мәнер-машыққа ұстаздары қатты қызығушылық танытқан. Бексейіттің талантына, алғашқы суретшілік қадамына айрықша қуанған, кейіннен көзі жұмылғанға дейін ағалық, әкелік қамқорлығын аямаған, сүрінгенде демеген, жығылғанда сүйеген абзал азамат Тоқболат Тоғысбаев еді. Талантты қылқалам шебері Тоқаңдай болуға ұмтылған Бексейіт ұлылықтың ұстыны саналған ұстазы 1996 жылдың жазында кенеттен дүние салғанда кәдімгідей дүниеден түңіліп, баз кешіп бірнеше айлар бойына ауыр қайғы кешті. Ал ауылда жүріп салған суреттеріне бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямаған талантты суретші Еркін Айтбаев ағасы екенін атап айту қажет.
Бала кезден біз білетін білегі жіңішке, мойны шидей бала Бексейітті әскери өмір ерте есейтті. Әскерден болаттай бекіп, құрыштай шыңдалып, қайтпайтын қажырлықты, мұқалмайтын ерік-жігерді бойына сіңірген басқа адам болып оралды. Оның спортпен шындап шұғылдануына Мәскеу қаласына оқуға баруы себеп болды. 1977 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесінен Мәскеудегі аты әлемге әйгілі Строганов атындағы сурет және қолданбалы өнер институтына 2 бала іріктелсе, соның біреуі Бексейіт еді. Ол үлгілі оқып қана қоймай, ауылдағы қарапайым қарауылдың баласы болғандықтан жұмыс та істеді. 1979 жылы Қазақстан комсомолы орталық комитетінің жауапты қызметкері ретінде Мәскеу қаласына іссапармен барғанымда орыс халқының бірден бір ұлттық мақтанышы – академиялық көркемөнер театры жатақханасының бір бөлмесінде сол театрдың қарауылы әрі шаруашылық жағының қызметкері ретінде жалақы алып, ойнап-күліп тұрып жатқан “тамағы тоқ, көйлегі көк” інімді көріп таңданысымды жасыра алмадым. Інім маған ертеңіне қаланы армансыз аралатудың орнына атақты каратэшілердің жарысын жасырын түрде өткізетін кішкене қалашыққа алып барды. Шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын, құпиясын үйренуді сол жылдардан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін бір сәт қол үзген жоқ. 1980 жылы Мәскеу қаласында каратэ-додан өткен біріншілікте күміс жүлдені иеленіп, екінші орынды еншіледі. 1991 жылы Қазақстанда тұңғыш рет таэквондо федерациясы құрылғанда оның президенттігіне бірауыздан сайланып 7 жыл біліктілікпен басқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы “тар жол тайғақ кешу” кезеңде таэквондо спортын қазақ топырағына сіңіруге, қаржылай қолдайтын демеуші табуға Бексейіт қыруар күш-жігерін жұмсады. Талай есікті ашып, талай жақсы мен жаманның алдына барды. Айтысқан, тартысқан, жүйкені жегідей жеген күндері аз болмай бірде қуанды, бірде ренжіді. 1993 жылы жан досы Мұстафа Өзтүрік екеуі қаншама қиындықтарға қарамастан қазақтың қайсар жігіттерін Америкадағы әлем біріншілігіне апарып, ұлтымызды ұлықтағандары әлі көз алдымнан кетпейді. Сол жарыста біздің жігіттер жеңіске жетіп, еліміздің Әнұраны шырқалғанда екеуінің балаша қуанғанын көрсеңіз. Бір-бірін қабағынан түсінетін, бір-бірі үшін отқа да, суға да түсуде дайын жүретін екі асыл достың, қос қыранның қыршынынан қиылған, құйрықты жұлдыздардай ағып өткен ортақ тағдырлары әлі талай көркем дүниелерге арқау болатыны сөзсіз. Енді олар дүниеден өтіп кеткен соң сырттарынан дүмше молдалардай тон пішіп, рухтарына көлеңке түсірмесек екен.
Бексейіттің есімін елге танытуға әсіресе салған суреттері септігін тигізді. Қасқасуда жүріп салған “Көкпардан” бастап, әйгілі “Ұлы көш” полотносының арасында жүзге тарта таңдаулы туындылары қазақ қылқалам өнерінің тарихына енді. 1988 жылы топты жарып, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Не істейміз, қолда не дәрмен бар?!. Бексейітіміз бізден алыстаған сайын біз оны бұрынғыдан да жақын тартып, бар жан-дүниемізбен сағына түсетіндейміз. Өзек өртеген өкініш, іште қалған арман-мұң әлі де талай-талай жүрегімізді жаншып, көзімізге жас ұялататыны да даусыз. Ең жанға бататыны – ол табиғат берген дарынын халқына сарқып бере алмай кетті. Қылқаламынан әлі де болса дүниеге келетін сандаған көркем дүниелер бізге бұйырмады. Қазақтың сурет өнеріндегі өз орнын анықтаған, өз биігін межелеген бауырымның әлі де талай асуларға көтерілетінін іштей сезетін едім. Бірақ сол тағдырдың тағылымы мол, жас буынға берері көп, қысқа болса да мағыналы, мәнді өткеніне шүкіршілік жасаймыз.
Әңгімелескен Раушан Баударбек.