Танымал жазушылар өздерін жазуға қалай мәжбүрлеген

237342970.jpg

Әлем оқырмандарын таңдандырған кітаптар дүниеге қалай келді? Нобоков өзінің «Лолитасын» қалай жазды? Агата Кристи қай жерде жазылды? Хемингуэйдің күнделікті жұмыс тәртібі қандай?  Осы және бұдан басқа танымал жазушыларың шығармашылық процесі жайында біздің мақаладан оқи аласыздар.

Кітап жазу үшін ең алдымен жазушыға көл-көсір шабыт қажет. Әрбір жазушы осы шабыттың шырқау шыңына шығу үшін айналасынан мән іздеген, алайда ондай бақытты күндердің базарлы шағы оларда жиі бола бермеген. Ойға келген шығарма идеясы мен ғажайып сюжеттерді қағазға тезірек түсіру үшін олардың кейбірі тамаша сәтті күтсе енді бірі жер таңдап әртүрлі амал-айлаға да барған. Иә, оқырманды таңғажайып күйге бөлеген шығармалардың тағдырлы жолын көбіміз біле бермейтініміз анық.

Агата Кристидің (1890–1976) өмірбаянына үңілсек он шақты кітабын шығарғаннан кейін де үй шаруасынан қолы босамаған. Оның жазушылықпен емін-еркін айналысуға уақыты болмағандықтан тиіп-қашып жазуға тура келген, еңбекққор жанның жеке бөлмесі де болмаған тіпті жазу үстелі де жоқ еді. Жатын бөлмесінде жуынатын орындықты қойып алып жазған кейде тамақ ішіп болған соң босаған үстелге отырған. «Менде жазуға үнемі жағдай болған жоқ. Егер жазғым келіп бара жатса жатын бөлменің есігін тарс жауып өндірте жазатынмын, ондайда мен жарық дүниенің барын ұмытамын» – дейді  ол.

Фрэнсис Скотт Фицджеральд (1896–1940) «Жұмақтың осы жағы» романын дайындық лагерінде жұмыстан қолы босағанда жазған. Әскери тәртіпті ұмытып өзін шабыттандыру үшін арақ та ішкен. Түс уағында тыныққан кейде жұмыс істеген, түнін барақта сауық-сайранмен өткізген. Көңіл-күйі болғанда бірден 8000 сөзге дейін өндірте жазып тастаған. Мұнша сөз үлкен бір әңгімеге жететін еді алайда повестке жеткіліксіз болатын. Бірде Фицджеральд «Түн қандай тұнық» деп жазған себебі, ол бар болғаны үш-төрт сағат ішімдіксіз жүре алатын. «Шығармама редакция жасағанда ішкіліктің салдарынан ақылға қонымсыз дүниелерді шатпақтап кеткенім» дейді ол баспагерлерге жазған хатында.

Гюстав Флобер (1821–1880) «Бовари ханымды» бес жыл жазған. Жұмыс өте баяу жүрді және азапқа толы еді. «Бовари мүлде жылжымай қойды. Бір аптада екі-ақ бет. Үміт үзгеннен танауымды бірдеңемен бұзғым келеді» деп жазады ол. Флобер ұйқыдан сағат онда тұрады, төсекте жатқан күйінде келген хаттарды, газеттерді оқиды, трубкамен темекісін тартады, анасымен әңгімелесетін. Содан кейін ғана ваннаға түсіп таңғы асы мен түскі асын бірге ішіп серуендеуге шығады екен. Бір сағат жиеніне географиядан сабақ берген одан кейін креслода тапжылмай отырып кешкі жетіге дейін кітап оқыған. Кешкі астан кейін ол анасымен біраз әңгімелескен, содан соң ғана әйтеуір түнде жазуға кіріскен. «Ақыр аяғында жұмыс оң нәтижесін беріп, қарабайыр тіршіліктен шығармашылыққа түбегейлі бет бұрдым» деп жазады ол бір жыл өткен соң. 

Эрнест Хемингуэй (1899–1961) өмір бойы таң бозында ұйқыдан тұрған. Тіпті ол түн жарымға дейін сілтесе де таңғы алтыда төсектен тұратын. Хемунгуэй жарты күнін кітап сөрелерінің қасында тік тұрған қалпы кітап жазуға арнаған. Сөре маңында жазу мәшеңкесі және кейбір сөздерді жазатын ағаш тақтасы болған. Тақтаға жазылған сөздерді машинкаға теретін. Әр күн сайын жазғандарын өңдеп өзіне қатаң тәртіп орнатқан.  «Шығармаңды аяқтаған кезде өзіңді жеп-жеңіл сезінесің құдды сүйген жарыңмен аймаласқандай» дейді бір сөзінде. 

Джеймс Джойс (1882–1941) өзін: «Рақымшылығы аз, тайғақ және араққа шектен тыс құмар жанмын» деп санаған. Онда белгілі бір жұмыс тәртібі болмаған. Онға дейін ұйықтап, оразасын төсекте жатып кофемен және тіске басар қытырлақтармен ашатын болған. Ағылшын тілі мен пианинодан сабақ беріп күнделікті нәпақасын тапқан. Үнемі өзгелерден қарызға ақша сұрап және саясатқа қатысты сөздерімен кредит берушілерді мезі еткен. «Улисті» жазуға жеті жыл уақыты кеткен. Арасында кідірістер болып сегіз мәрте ауырған, он сегіз рет Швейцарияға, Италия, Францияға барған. Осы жылдарда ол жұмысқа шамамен жиырма мың сағатын жұмсаған.

Харуки Мураками (1949) таңғы төртте тұрып тапжылмастан алты сағат жұмыс істеген. Жазудан кейін жүгірген, кітап оқып, музыка тыңдаған. Сағат тоғызда ұйқыға бас қойған. Муракамидің ойынша уақыт тәртібі оған мол шабыт беріп, шығармашылығына үлкен септігін тигізген. Бір кездері ол қозғалыссыз отыра бергендіктен салмақ қосқан, сосын күніне үш қорап темекі тартатын болған. Ауылға келген соң тек балық, көкөністермен азықтанып, темекіні тастаған және 25 жылдан бері жүгіруді әдетке айналдырып келеді. Оның ең бір кемшілігі адамдармен араласып, емен-жарқын әңгімелесе алмайтыны. Өмірін жазушылыққа арнаған соң шақырған достарына бара алмай көбіне оларды ренжітетін.  «Оқырмандар үшін менің күнделікті өмір тәртібім маңызды емес, маңыздысы келесі кітабымның алдыңғы кітабымнан керемет болғаны» деп жауап берген.

Владимир Набоков (1899–1977) болса әрбір параққа ойға келгендерін жазып, оны үлкен қорапқа салып жинай берген кейін жиналған материалдарды романға айналдырған. Сондықтан оның қолжазбалары қорапшаға сақталып романға айналып отырған. Нобоков «Лолитаны» түнде машинаның артқы орындығында отырып жазған себебі ол жер тыныш әрі ешкім кедергі жасамайды екен. Түстен кейін Нобоков ешқашан жазуға отырмаған, бұл мезгілде футбол көрген, кейде шарап ішіп, көбелек аулаған. Көңілі түссе алыс шақырымға жүгірген.

Джейн Остин (1775–1817) «Тәкапарлық пен жаңылыс», «Сана мен сезім», «Эмма», «Сананың болжамдары» романдарының авторы. Джейн Остин анасы, сіңілісі, құрбысы және үш күтушісімен бірге тұрған. Оның шығармашылықпен жалғыздан-жалғыз айналысуға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан Джейнге көпшіліктің арасында жүріп жазуға тура келді әрине ол үшін үйдегі адамдар көбіне кедергі болатын. Ол қолына түскен бетке жаза беретін есіктің сықыры естілсе, қолындағы қағазын тыға қойып тоқымамен айналыса қалатын. Кейіннен сіңілісі мұны байқап қойып үй шаруасын өз қолына алады. «Миыңда үйдің ас-ауқаты тұрғанда қалай жазғаныма өзім де таңмын» деп жазады ол.

Марсель Пруст (1871–1922) «Ұрланған жылдардың іздері» романын табаны күректей 14 жыл жазады. Осы жылдарда бір жарым миллион сөз жазған. Жұмысқа бар ынта-шынтасымен берілуі үшін ол көпшілікпен араласудан тиылады тіпті жатын бөлмесінен шықпайды. Пруст көбіне түнде жазған күндіз үш-төрт сағат ұйықтаған. Демікпе ауыруы қоза бастағанда апиынның ұнтағын пайдаланып өзін тыныштандырған. Тамаққа тәбеті тарпағандықтан оразасын сүт қосылған кофемен ашып қытырлақты тіске басқан.  Пруст дәптерді тізесіне қойып, басына жастық төсеп шалқасынан жатып жазған. Қалғып кетпеуін ойлап дамыл-дамыл кофейн таблеткасын ішкен онысы ұйқысын бұзып ауруын онан сайын қоздырған. Ол ұлы өнер үшін өз-өзін осылай азаптап, биіктікке жанқиярлықпен жеткен.

Жорж Санд (1804–1876) әдетте 20 беттей мәтінді түнде жазған. Түнде жұмыс істеу бала кезінен әдетіне айналған, жастайынан ауру әжесін күндіз қарағандықтан сүйікті жұмыстарын түнде атқарған. Кейіннен ол «ұйқы досын» мүлде ұмытып түннің бел ортасына дейін жазу үстелінен тұрмаған. Таң шапағын ұйқылы ояу қарсы алғандықтан көп нәрсе есінде қала бермеген. Жорж Санд ешкімге ұқсамайтын адам-тын (еркектердің киімін киген, романында еркектер мен әйелдер өмірін шебер жеткізген), адам ағзасын улайтын апиын, арақ, кофені өлердей жек көрген. Ұйықтап қалмас үшін шоколад жеп, сүт ішкен кейде темекі тартқан. «Шығарманың әдден толысып мазалаған шағында адам өз ойын қалыпқа келтіру керек, өзіңді-өзің билей алуың қажет, ондайда ең жақын досың өзіңнің жазу бөлмең» деп жазады ол.

Марк Твен (1835–1910) «Том Сойердің басынан кешкендері» шығармасын фермада, өзіне арналған кішігірім күркеде жазған. Күркенің терезесі ашық, табиғаттың тамаша көрінісін қызықтап, шығармашылығына баппен қараған. Күркесіне ешкімді жуытпаған, егер де оны біреу іздесе алыстан кернеймен дыбыс беретін. Кешқұрым Твен жазғандарын қасындағыларға оқып беретін. Ол үздіксіз темекі шеккен, Твен жүрген жер көктүтіндеп кететін болғандықтан маңындағылар терезені ашып бөлмені желдетіп отыратын. Оны ұйқысыздық қатты мазалаған, достарының естеліктерінде ол ұйқысыздықты жеңу үшін шампан ішкен. Алайда оған шампан да көмектеспей Твен достарынан сыра әкеліп беруін өтінген. Кейіннен тек шотландық шарап көмектесетінін айтқан. Әртүрлі эксперименттерден кейін ол бірде кешкі ондарда ұйықтап кетеді. Бұл жағдай оны қатты қуантады. Жалпы оны кез-келген өмірдің  ерекшеліктері таңғалдыратын.

Жан-Поль Сартр (1905–1980) үш сағат таңертең үш сағат кешке жұмыс жасайтын. Қалған уақыттарында күнделікті тіршілікпен айналысып, тамақтанып, достарымен ішімдік ішкен және анаша шеккен. Осының барлығы философтың жүйкесін жұқартқан. Онымен қоса рахаттану үшін каридронға отырған және амфетамин мен аспиринді уақ-уақ 1971 жылға дейін пайдаланған. Аталған екі дәріні қоса бір күнде жиырма талын бірақ қолданған. Алғашқысын кофемен ішсе қалған дәрілерді аздап жұмыс барысында құрғақтай шайнаған. «Бір дәрі – бір бет» деген тәмсіл осы Сартрдан қалған.  Куәгерлердің айтуынша ол екі күннің бірінде екі қорап темекі, бірнеше мүштік табак, бір литрге жуық ішімдік, оған арақ пен вискиді қосыңыз, 200 миллиграмм амфетаминдер, барбитураттар, шәй, кофе және майлы тамақты пайдаланған.

Жорж Сименон (1903–1989) 20-ғасырдағы ең жемісті еңбек еткен жазушылардың санатына жатады. Оның қанжығасында 425 кітап бар. Оның екі жүздейі көркемдігі жоқ романдар жиынтығын құрайды бұлар лақап атпен жарық көрсе, екі жүз жиырмаға жуық шығармасы өз атымен жарық көрген. Бір қызығы ол жұмыс істеуге қатаң тәртіп қоймаған, үш-төрт аптада таңғы алтыдан таңғы тоғызға дейін бір отырғанда сексен бет жазған. Содан кейін серуендеген, кофе ішкен, ұйқысы келсе сәл тынығып телевизор көрген. Шығармасын аяқтағанша бір киііммен жүрген, өзін шабыттандырып отырған, ешқашанда жазған дүниелерінің үстінен қайта қарамаған.

Лев Толстой (1828–1910) жұмыс кезінде тұнжыр, терең ойға бататын. Ұйқыдан тоғыздар шамасында тұратын, беті-қолын жуып, сақалын түземей жатып ешкіммен сөйлеспейтін. Таңғы аста бірнеше жұмыртқаны суға пісіріп кофе ішкен сосын түске дейін жазу бөлмесінен шықпаған. «Соғыс пен бейбітшілік» жазылып жатқан кездері әйелі Софья үйде шыбынның ызыңы білінбейтін тыныштықты сақтаған. Түстен кейін Толстой серуендеуге шыққан. Үйге көңілді оралса жанұясымен сыр бөлісіп, балалармен әңгімелескен. Егер көңіл-күйі жоқ болса кітап оқыған, қонақтармен әңігімелесе отыра қарта ойнаған.

Сомерсет Моэм (1874–1965) саналы ғұмырының 92 жылында 78 кітап шығарған. Моэмнің өмірбаянына үңілсек ол шығармашылыққа мұқтаждықтан барған жоқ, қайта ол жазусыз өмір сүре алмайтынын білгендіктен осы жолды таңдаған. Моэм шығармашылықты араққа тәуелділік сияқты құтыла алмайтын ауру деп санаған. Шығармасының алғашқы сөйлемдерін ол ваннада жатып ойластыратын. Содан кейін-ақ бір күнде мың жарым сөз жазып тастайтын. «Қашан жазуға отырасың, қашан кейіпкерлеріңді тудыра бастайсың олар сенің қасыңда жүргендей, сенің олардан басқаны ойлауға мұршаң да болмайды, себебі олар тірі жандар» дейді ол. Жазуды тоқтатқаннан-ақ Моэм өзін бұл дүниеде жападан-жалғыз қалғандай сезіне бастайды екен. 

Иә, әр жазушының өмірі сан қилы. Алайда жазушылықты арқалап жүру қажыр-қайрат пен, төзімді керек ететінін бәріміз әркез мойындаймыз.

Аударған Марат Әзімхан

Қабылан ақпараттық порталы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: