Ит төбелестіру де қызық болып па?
Бала күнімізде мысықты ұстап алып, оны биіктен жерге құлатып, қала берді аяғын жіпке байлап, ағашқа іліп қойып, немесе итпен бетпе-бет кездестіріп, екеуінің «қуаласпақ» ойнағанын қызық көретінбіз. Ауыл балаларының қошқардың үстіне мініп, ары-бері «шабатын» өнері де бар еді. Өз басым тасбақа тауып алып, оны сүйікті төбетімнің «ойыншығы» еткенім есімнен кетпейді. Мұндай шалалық бәрінің де басынан өткен шығар. Үй жануарларын немесе басқа да бір тірі жан иесін мазақ еткенімізде әжелеріміз оңдырмай сабайтын. «Малдың да киесі болады, қинама» деп айтқан ақылдарын ес кіре жадымызға сақтап жүрдік. Әрине, балалық не істетпейді?
Алайда мені толғандырған басқа мәселе. Бүгінде жануарларды қинауды саналы түрде істеп, тіпті осыдан ләззат алатын талай ересек бар. Әсіресе ит, қораз төбелестіруді бизнеске айналдырған адамдар да кездеседі арамызда. Елімізде ит төбелестіруге заңмен тыйым салынбаған. Керісінше спорт түрі ретінде әр өңірде сайыстар өткізіліп тұрады. Мұны ежелгі қазақтың саятшылық өнерімен байланыстыруға болатын шығар. Рас, ұлтымыздың алабайлары кезінде қасқырдың өзін жығып берген. Аңшылық, мал бағуда ит адамның ең сенімді серігі болды. Алайда қазақ иттерді ортаға алып, олардың бір-біріне ырылдасып, тістесіп, қан-жоса болғанын қызық көріп пе еді? Әрине жоқ. Текті ұлтымыз итті бейбіт мақсатта, үй, мал күзетіне, аң аулауға пайдаланған, жолаушылағанда жанына ерте жүрген. Бүгінгі қазақтар ата-бабамыздың итті «жеті қазынаның бірі санағанын» ескермей жүрген секілді. Ит төбелестіру сайысына келгендер бейшара жануарлардың қыңсылап, жараланғанына мәз болып, жеңілгенді менсінбей, «жеңімпазды» олимпиада чемпионындай көріп жатады. Мұндай төбелеске арналған итті бағудың өзі оңай емес. Итті жекпе-жек үшін өсіретіндер оған тонналап тек балғын ет беріп, ерекше баптайтыны белгілі.
Негізінен ит төбелестіру үрдісі Ежелгі Рим империясынан бастау алыпты. Римдіктер амфитеатрларында иттерді бір-бірімен, жолбарыс немесе арыстандармен төбелестірсе, кейде тіпті адамдарға айдап салып қызықтаған екен. Кейін бұл XIX ғасырда Англия мен Францияда кеңінен таралады. Сөйтіп, Еуропадан бастау алған ит төбелестіру үрдісі біртіндеп бүкіл әлемге жайылды. Ал итті малды қасқырдан қорғайтын күзетші ретінде ұстаған қазақ үшін бір-біріне айтақтап, төбелестіру дегеннің жат нәрсе болғаны белгілі. Ит төбелестіру, оларды бір-біріне талаттыру адам бойындағы қатыгездікті тудырады. Мұндай спортпен келешек жас ұрпаққа жақсы тәлім бере алмаймыз. Сайысты тамашалаған жастардың бойындағы обал, аяушылық сезімдерін жоғалтып алмаймыз ба?
Жануарларды қинау, төбелестіруді шариғаттың өзі құп көрмейді. Еш себепсіз хайуандарға жапа шектіру, оларды азаптау, қасақана зиян тигізу күнә. Тіпті, құмырсқа екеш құмырсқаны да себепсіз өлтіруге дінімізде тыйым салады. Қиямет күні Алла тағала алдында оларға шектірген зардаптарымыз үшін сұралатынымызды ұмытпаған дұрыс. Алла Елшісі бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім ермек үшін (ғабәсән) бір шымшықты өлтірген болса, әлгі шымшық қиямет күні Аллаға: «Уа, Раббым! Түгенше мені құр ермекке өлтірді, мені жеу үшін өлтірмеді», – деп шиқылдайды».
Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне айдақтатуды қойып, қатегез спорттың қанымызға сіңіп кетуінен сақтанайықшы!
Ербол Сарбасов,
Тараз қаласы