«Жарты адам»

Oinet.kz 10-08-2019 2329

Screenshot_9.jpg

Адамзат тарихындағы зұлмат жылдар Ұлы Отан соғысы тақырыбына қаншама том-том кітаптар жазылып, көркем және деректі фильмдердің пленкасы жер шарын он орауға жететіндей ұзын болса да ол бір таусылмайтын әңгіме. Ұлы Жеңіске жетпіс жылдан асса да әлі айтылмаған естеліктердің көптігіне қайран қаласың. 

Ауылымыздың шет жағында бір-біріне жабысып, қосарланып салынған қазақы тамдарда Теңге және Әселхан атты екі апамыз тұрды. Екеуі де соғыс жесірлері еді. Теңге апамыз күйеуі соғыста шейіт болғанда екі қызымен қалып қойған. Кейін екі қызы да тұрмыс құрып кеткенде бір қызының ұлын асырап алған. Ал, Әселхан апамыздың үйінен екі бірдей азамат майдан даласынан оралмаған. Ағасы мен інісі соғыста қайтыс болғанда бір үйде екі келін қара жамылып қала берген. Әселхан апамыз бала көтеріп үлгермеген, ал кіші абысынының қолында бір ұл қалған. Сонда апамыз абысынына «сен әлі жассың, біреудің етегін ұстап, теңіңді тауып кет. Қолыңдағы балаңды маған бер. Осы үйдің отын өшірмей осында қалайын» деген екен. Құрсақтан шыққан баласын қанша қимаса да кіші апамыз үлкен абысынының айтқанына көніп, баласын сол үйге тастап кете берген. Қабаттасқан қос үйде көрші тұрған екі апамыз да өмір бойы шылым шегіп өтті. Шеккенде де ең ащы «Север», «Прибой», «Беломор канал» деген темекілерді сорып отырушы еді. Ешкімде ол кісілерге «әйел болып неге шылым шегесіздер?» деп сөкпепті. Іштеріндегі қатып қалған қайғы-қасіреттерін жеңілдету үшін  түтінге үйір болған шығар, бәлкім.

Сұрапыл соғыс кімге де болса оңай тиген жоқ. естеріңізде болса көрермен сүйіспеншлігіне бөленген  көркем фильмдерінің бірі «Жансебілде» актер Қасым Жәкібаев сомдаған екі аяғы және қолы жоқ қазақ шалды арбамен орыстың кемпірі сүйреп жүрген көрінісі бар еді ғой. Халық жауы деген айыппен ұсталып, кейін мүгедек болып, Ресейдің Қиыр Шығысында қалып қойған атамыздың аянышты тағдыры ешкімді де болса бей-жай қалдырмағаны анық. Туған еліне сәлемдеме жолдағысы келіп, күнде перронда: «Абыралыға баратын адам бар ма?» деген зарлы дауысы құлағымызда ұмытылмастай болып қалып қойған жоқ па. Дәл осыған ұқсас оқиға Оңтүстік өңірдің Төле би ауданында кішкене ғана Ащы деген ауылда болған десем сенер ме едіңіздер? Бөбіш апамыздың күйеуі соғысқа екі аяғын бірдей беріп, сол кезде көмір өндіру  шахтасы болған Ленгір қаласына пойызбен жеткенімен, ауылына, туған-туысына, әйелі Бөбішке көрінуге арланып, сол жерде қалып қояды. Кейіннен «Күйеуің Ленгірде жүр» деген хабарды естігенде апамыз жаяулатып, айтылған жерге барған. Жан жарын қайыр сұрап отырған жерінен кездестірген Бөбіш атамызды, яғни «жарты адамды» қапқа салып алып, бес-алты шақырым ұзақта жатқан ауылға арқалап жеткізген екен. Бөбіш апамыз мүгедек атамызды аялап бағып, одан төрт бала туып, өсірген. Әйелі колхоздың жұмысына кеткен кезде үйде қалған атамыз тамақ істеп, баланың кір-қоңын жуып, малға қарап, шөп орып, үйдің бар шаруасын арба үстінде отырып-ақ  атқарған. Міне, ерін пірім деп санап, қандай қиыншылық болса да төзіп, арды ойлаған аналарымыз осындай болған. Бүгiнгi шайқалған шаңырақтарды көрiп Бөбiштей апаларымыздың темiрдей төзiмiне қайран қалып, ерiксiз бас иесiң.

Осы бiр жүрек тебiрентер оқиғалар көркем шығармаға немесе көркем фильмдерге сұранып-ақ тұрған жоқ па?! Жақсы сценарист пен талантты режиссер болса кейiнгi ұрпаққа тәрбиелiк мәнi зор тамаша туындылар жарыққа шығар едi деп ойлаймыз.

Төрехан Ерназаров, 

Шымкент қаласы   

Бақытжан Қасымов: «Мырзатай Жолдасбековтың дауысын салып, талай проблемамды шештім»
Сәбидің етін жеген қытайлардың жазасы қандай болмақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу