«Нұр Отан» ақшалыларға артықшылық туғызып отыр
«Көп қорқытады, терең батырады». Мықты әлсізге тізесін батырады, мұның бәрі де әрине тіршіліктің заңы. Саяси науқанда да солай. Егер қағидаға салсақ, жұрттың қолдауына ие болған, абырой-атағы биік кандидат сайлауда бәрінен озып келуі тиіс. Бірақ соңғы жылдары биліктің партиясы «Нұр Отан» сайлауға нағыз серкелерді емес, жоғарыдағы басшыларға ұнайтын кандидатты ғана жіберудің жүйесін жасап алды. Оның атын праймериз дейді.
Рас, праймериз бұл партияішілік шаруа. Оның мақсаты бір партияға мүше кандидаттарды өзара қырқысудан, ырылдасудан алыс әкету. Алауыздықтың, пікір қайшылықтың бәрін партияның өз ішінде шешу. Көпшілік дауыспен ең ықтимал деген кандидатты анықтап, сайлауға партияның атынан жеке дара қосу. Болды, қағаз жүзінде бұдан басқа мақсат жоқ.
Сіздердің ауылдарыңызда осы праймериз дегеннің қалай өтіп жүргенін қайдам, бірақ Оңтүстікте сайлау сайын ол дау-дамайға ұласады. «Нұр Отан» басшыларының әрбір округтегі жалғыз орынды әбден саудалап үйрегені ақиқат па? Мұның қаншалықты рас-өтірігін білмедік, бірақ партияластар арасындағы талас-тартыстың, өкпе-реніштің үдеп кеткені рас. Ереже бойынша праймеризде жеңіске жетіп, көпшіліктің ақ батасын алған кандидат сайлауға қатысады. Ал жеңілген жақ бәріне мойынұсынуы тиіс. Егер мойынұсынбаса, сайлауға өз-өзін ұсынса, онда партиядан шығады. Бір сөзбен айтқанда «партия айтты, бітті» болуы шарт. Партияның (дәлірегі партия басшыларының) шешімімен келіспей, сайлауға өз-өзін ұсыну арқылы қатысып, саяси додада «нұротандықтарды» қақырыта жеңген бір емес бірнеше кандидат болды. Қызықтың көкесі мұнымен де бітпейді...
Осы жуырда «Нұр Отанның» облыстық мәслихатқа үкілеп қосқалы жатқан (праймеризден сәтті өткен) кандидаттарының тізімі белгілі болды. 50 орынға - 50 үміткер. Кейбір аудандық мәслихаттағылардай 50-дің бәрі түгелдей депутаттық мандатты иелене ме? Бұл жолы үмітті ақтамайтын кімдер? Олар кімге жеңіледі? Экс-нұротандықтарға ма? Өткен тізім мен бұл жолғы тізімнің арасында нендей өзгерістер бар?
Шымкент қаласындағы №4 округтен бұған дейін «Нұр Отанның» облыстық филиалының партиялық бақылау бюросында жетекшілік ететін Шәріпбек Жамалбек депутат атанды. Алайда ол бұл жолы сайлауға өзінің туған жері Бәйдібек ауданынан ат қосқанды дұрыс санаған сияқты. Ал оның округі Жұмағали Білісбековке бұйырды. Жалпы Білісбековтер әулеті көпшілікке жақсы таныс болғанымен, Жұмағали Білісбековтың облыстық мәслихаттың мандатына таласқанынан аздап таңырқағанымыз рас. Өйткені Жұмекең өткен сайлауда Шымкент қалалық мәслихатына өте алмаған болатын. Бұл жолы қалай болады? Билік ұсынған әлсіз кандидат деп басқа бәсекелестердің бірқатары осы округтен бақ таластырмақ.
№5 округтен елге белгілі кәсіпкер, бұрынырақта бұған дейін де мәслихат депутаты болған Қайрат Молдасейітов додаға түспек. Кезінде Түркістан, Шымкент қалаларының әкімі қызметін абыроймен атқарған. Іскерлігін былай қойғанда жұрт Қайрат Құсейінұлының алдымен адамгершілігін бірінші айтады. Түркістан қаласының тізгінін ұстаған жылдары ол мүгедек балаларға тұрғын үй берді, олардың ем алуы үшін арнайы ғимарат салды. Шымкентте әкім емес кәсіпкер ретінде жеке қаражатына ВИЧ дертіне шалдыққан балаларға арнап сауықтыру орталығын салды. Бұл бүгінде «Отау строй» деп аталатын ірі құрылыс компаниясына жетекшілік ететін Қайрат Молдасейітовтің жасаған көп қайырымдылық істерінің бірлі-жарымы ғана.
№6 округтен бақ сынайтын Қайрат Сүлейменов те бизнесте тасы өрге домалаған кәсіпкерлердің бірі. Жасы 35-те. «Ұлы Орда» деп аталатын серіктестіктің құрылтайшысы әрі президенті. Шымкенттегі «Ұлы Орда» деп аталатын жанармай бекеттерінің мұнымен не байланысы барын білмедік. Оны күні ертең сайлауда жеңіске жетеді деп сеніммен айту да дәл қазір қиындау сияқты. Өйткені осы округтен елге белгілі азамат, кәсіпкер Қилыбек Тұрлыбек бақ сынайды. Өткен сайлауда да «нұротандықты» айқын басымдылықпен ұтқан азаматтың бірі осы Қ.Тұрлыбек. Бірақ Қилыбек Тұрлыбек мықтылығын дәлелдеп мәслихаттың мандатын иеленген соң әлдебіреулер сияқты биліктің партиясын жағалай жөнелген жоқ. Бұл жолы да саяси додаға өзі қолдайтын «Ақжолдың» атынан ат қосады.
Сайлауда партияның шешімімен келіспей, өз-өзін ұсынған, саяси додада «Нұротандықты» ұтқан кандидатты артынша қайтадан биліктің партиясына қабылдай салатын әумесер әрекет бар. Партиядан осындай жағдаймен кетіп, қайта келген депутаттың бірі Ерлан Нұрмаханов. Өткен жолғы сайлауда ол «нұротандық» Сайфулладжан Юсуповты ұтты. Сайлаудың алдында «тіл алмағаны үшін» партиядан шығарылып, жеңіске жеткен соң «Нұр Отанға» қайта қабылданған. Ерлан Нұрмаханов әлдекімдердей мандатын малданатын, тендер алу кезінде мансабын алға тартатын пендешіліктен ада. Бизнесін газет сатудан бастап, бүгінде Шымкент пен көрші облыстарда, Астанада баспас ісімен, баспасөзге жаздырумен айналысады. Заманауи баспаханасы да бар. Күні кеше сайлаудағы жеңісінен кейін биліктің партиясына қайта қабылданған Е.Нұрмахановты «Нұр Отан» бұл жолы да кандидат ретінде ұсынған жоқ. Егер ертеңгі сайлауда тағы да жеңіске жетсе, қайтадан төбесіне көтере ме? «Нұр Отанның» мүшелігінен шығарып жіберу, артынша қайта қабылдай салып партбилетті бұлайша баланың ойыншығына айналдыра беру қашанға дейін жалғаспақ?
№7 округтен Арман Берденов азамат бақ сынайды. Кәсіпкер. 33 жаста. Атақты «Еврофарма» дәріханалар жүйесінің қожайыны. Ал №33 округ Нұрмахан Жолдасовқа бұйырды. Биліктің де, бизнестің де дәмін қатар татқан азамат. Іскер азамат Болат Жылқышиев облыстың тізгінін ұстаған жылдары Бәйдібек, Сарыағаш аудандарын басқарды, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Бертінде Антимонополияның облыстағы филиалына басшылық жасады. Соңғы жылдары биліктің ауылынан алыстау кеткен азамат енді халықтың қалаулысы атануға бел буып отыр.
Мәслихаттың барлық шақырылымына депутат болған, депутаттық мандатты бес рет иеленіп, рекорд жасаған арыстық Пернебек Райымбеков бұл жолы сайлауға қатыспайтын сияқты. Оның округінен кандидат болу бақытын «Шымкент-ет» серіктестігінің директоры Әбдіхалық Қасымбай иеленді. Ал естеріңізде болса, былтыр Сталиннің ескерткішін үлкен жолдың бойына орнатып, бүкіл елді шулатып жүрген Ескі Иқандағы №17 округтен бұған дейін дауысқа түскен Даныш Маннатовтың орны осындағы орта мектептің директоры Зуппархан Чалдановқа бұйырыпты. №21 округ бойынша бұған дейін іскер азамат Жеңісбек Тұрғанов бақ сынап жүр еді, бұл жолы саяси додаға ат қосып жүргенімен жолы болмай келе жатқан «Карданвал» кәсіпорнының-президенті Мұрат Мейірманов биліктің қолдауын иеленді.
№25 округтен өткен жолы бақ сынаған, «Нұр Отанның» өз ішіндегі дау-дамайға бірнеше дүркін себепкер болған Сұлтанбек Сүгірбаевтың орнын «Алтын орда» ЖШС-інің бас директоры Айдархан Орынбасаров басты. Ол қаңтардың ортасында дәл праймериз өтер тұста «Нұр Отанға» кіргенінен хабардар болдық. Билік партиясының праймеризі баланың ойыншығына айнала бере ме деп осы тұста екінші рет айтуға тура келіп тұр. №30 округтен кәсіпкер Нұрлан Омаровтың орнына іскер, идеяшыл, уақтысында ауданды, басқарманы басқарған Серікбай Ибадуллаев түспек. Істің көзін білетін осындай тәжірибесі мол алдыңғы буын ағалар да мәслихатқа керек шығар дейміз.
Бұл жолғы тізімге көп өзгеріс жасаған Сарыағаш ауданы. Депкорпустағы ең жасы үлкені, «шешесінен депутат боп туып», нақ «госактісін» иеленіп қойған сияқты сайлау сайын мәслихаттың мандатын иеленетін өздерінің «жекешелендіріп» алған тұрақты сайлау округі бар депутаттардың бірі, бірегейі 70-тегі Әбілқасым Досболов бәз-баяғыша билік партиясының атынан бақ сынамақ. Тағы бір кандидат Жаңабай Ағабеков мұның алдындағы Сарыағаштағы сайлауда биліктің додаға қосқан кандидатын оңдырмай ұтқан. Жұртқа жанашырлығы бар екенін ел айтатын азаматқа билік бұл жолы өздері ақ батасын беріп отыр. Осы Сарыағаштағы 5 округтің 3-еуі жаңа «нұротандық». Ал бұл округтерден бұған дейін депутат атанған Бағлан Батыршаев, Амангелді Сопбеков, Сәрсенбай Шонабаев туралы ел жақсы жағынан айтпаса, олар жайлы оғаш пікір жоқ.
Созақтан қазіргі Данабек Бекеновтың орнына кәсіпкер, қырқында қамал алуды көздеген Мағауия Тұрысбеков бақ сынымақ. Түлкібаста «Қазтрансгаздың» аудандық бөлімшесін басқаратын Келесбек Жартыбаевтың орнына 40 жастағы Есей Өркеннің тасы өрге домалап, «Нұр Ортанның» жеңілдігін пайдаланбақ.
Шардарада билік партиясының атынан аудан әкімі Қамытбек Айтөреевтің өзі додаға қосылды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержанның Мәжіліс депутаттығынан үміткер болып тіркелуіне байланысты оған осындай таңдау жасалған көрінеді. Облыс әкім Бейбіт Атамқұловтың сынына соңғы кездері көбірек ілігіп жүрген ол біржолата аударып тастамай тұрғанда басқа атқа ауысып алуды жөн санаған сияқты. Әйтпесе Қамытбек Айтөреевті әкімдерің арасында әлсіз дей алмаймыз, қайта бірқатарынан көш ілгері.
Сонымен 50 үміткердің ішінде бір мектеп директоры, бір бас дәрігер, бір оқу орнының ректоры, бір аудан әкімі бар. Байқасақ қалғанының бәрі қалталы кәсіпкерлер. «Нұр Отан» ақшалыларға артықшылық беріп отыр. Партия ұсынды, ертең билік белден басып жібермесе, ел ертең өзінің таңдауын жасайды. Кім мықты, сол жеңіске жетеді. Ал әлсіз кандидатты сайлауға түсіріп, мықтыны партиядан шығарып, күні ертең жеңіске жеткен кезде қайтадан партияға кіргізгеннен «Нұр Отан» жеңіске жетіп жатыр ма? Міне, мәселе қайда?..
Ғалымжан Елшібай,
Оңтүстік Қазақстан облысы
«Рейтинг» газеті №5, 11 ақпан 2016 жыл