Өзбекәлі Жәнібековтың өнегесі

Oinet.kz 15-09-2011 1703

ХХ ғасырда қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін қайта түлетіп, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Кеңестік тоталитарлық қоғамның тар құрсауына қарамастан ол өзінің саналы ғұмырын қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғырту, дамыту ісіне арнады. 

Ұлттық рухтың ұраншысына айналған Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқы мәдениетiнiң, ана тiлiнiң, салт-дәстүрi мен әдеп-ғұрпының жаңарып, дамуына сүбелi үлес қосты. Сондай іргелі істерді тізіп шығу лайықты бағалай білу кейінгі толқын өкілдерінің  міндеті. Айталық,  Шымкенттегi Шығыс жастарының көсемi Ғани Мұратбаев ескерткiшiнiң орнатылуына, Отырардағы Арыстанбаб, рухани астанамыз – Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелерiнiң қалпына келiтiрiлуiне, Эрмитаждан Тайқазанды алдыруға, Бетпақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркiстан каналын қазуға ұйтқы болуы соның айқын дәлелі емес пе?

Screenshot_5.jpg

Оның ұлт алдындағы басты еңбегі сол, халқымыздың дарынды жастарына да қамқоршы бола бiлуi талай жастарға жөн сілтеп, қолдау көрсетті. Әсіресе, өнер адамдарына қол ұшын созып, демеу болды. Оның бастамасымен елiмiздiң көп жерiнде, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi елді мекендерде этнографиялық мұражайлар ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның мәдени ескерткiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерiнде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды. Наурыз мейрамының, қазақтың бес арысы – Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Шәкәрiм Құдайбергенов есiмдерiнiң туған халқына қайта оралуына белсене ат салысқан тұлғаның еңбегі шындығында ұшан теңіз. Ана тiлiн дамыту бағдарламасының мемлекеттiк тұжырымдамасын жасауға қатысқан ол «Қазақ ұлттық қолөнерiнiң мәдениетi», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуенi», «Жолайрықта», «Қазақ киiмi», «Ежелгi Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерiн жарыққа шығарды.

Әсіресе, наурыз мерекесі мен айтыс өнерінің рухани топырақта қайта көгеруіне Өзбекәлі Жәнібековтың төккен тері өлшеусіз.        1989 жылдың 22 наурызынан бастап – талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынып келген Наурыз мерекесі Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында Қазақстанда қайтадан ресми түрде атала бастады.

Қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғыртуда аянбай тер төккен ол еліміздің әр өңірінде өлкетанулық мұражайлар ашып, көнеден келе жатқан мәдени жәдігерлерді, асыл жауһарларымызды, бай мұрамызды бір ортаға жиыстыра білді.

Өзбекәлі Жәнібековтің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының құрылуына ұйытқы болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынылуына мұрындық болуы — ел болашағы үшін жасалған ұлы іс. Қорық-мұражай аумағының құжатталуына, шекараларының бекітілуіне, ондағы тарихи ескертіштердің қайта қалпына келтірілуінде басшылық етіп, киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге қатысып, ішкі жұмыстарына тіпті өзі де қызу араласып кеткен кездеріне куә болған жандар аз емес. Сондай естіліктердің біріне сүйенсек: 1982 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші басшысы Дінмұхаммет Қонаевтың Түркістанға арнайы сапары алдында Қожа Ахмет Ясауи ғимара­тын­дағы әлі жөндеуі бітпей жатқан Мешіт пен Қабыр­хана бөлмелерін қайта өңдеу жұмысына Өзбекәлі ағаның өзі белсене кірісіп кеткені, қолынан күрек, қайла түскен емес. «Балағын түріп, бет орамалының төрт бұрышын тас түйе басына киіп, зеңбілмен құм тасыған бейне бір аңыз секілді. Бұл орайда көз көргендердің айтуынша, бірде сырттан біреулер “бастықтарың кім?” деп сұраса керек. “Әне, анау адам” деп жұ­мысты беріле істеп жатқан ағаны көрсетсек, біздің бұл сөзімізге көбі сенбей, күмәндана қарайтын-дейді, естелік айтушы Қыдырбай Арыстанбеков. Ондайда Өзағаң балаша мәз болып күлетін. Ұжымда денсаулығы онша ауыр жұмысқа жарамайтын, бір науқас кісі бар еді. Үнемі костюм-шалбар киіп, галстук тағып жүретін. Аға әлгіндейлерді одан сайын састырып “бастық анау кісі” деп шырттай болып киінген сол кісіге қарай нұсқап жіберетін де, өзі ары қарай жұмысын жалғастырып,  зембілді көтеріп кете беретін. Бір жылға созылатын құрылысты біз солай екі айдың ішінде бітіріп тастадық»...

Өзбекәлі Жәнібеков «Түркістан тарихы» мұражайының ғимаратын қорық-мұражайдың өз меншігіне өткізуге де көп үлес қосқан азамат. Бұл ғимарат кезінде орыс әскерлерінің казармасы болған. ХІХ ғасыр ескерткіші ретінде мемлекет қамқорлығына алынғанмен Жеңіл өнеркәсіп министрлігіне қарап, онда трикотаж-тігін фабрикасы орналасқан болатын. 

Сонымен қатар, Тарихымыздың басты қазынасы – Тайқазанды 1989 жылғы 18 қыркүйекте әйгілі Эрмитаждан алдырып, Түркістан топырағымен қауыштырған қажыр-қайратын айтсаңызшы. Бұл жәдігер 1935 жылы Лининградқа «Ирандық ұсталардың көрмесі» конгрессіне әкетілген болатын.

Жә бүгінгі күннің тыныс тіршілігіне оралсақ, ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы мен мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдық мерейтойына орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде «Өшпестей із қалдырған Өзбекәлі» тақырыбында көрме ашты.

Жалпы, бүгінгі күні қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігер болса, Өзекеңе қатысты соның аса құнды деген  142-сі келушілер назарына ұсынылды. Аталмыш көрмедегі құнды жәдігерлер —  Өзбекәлі Жәнібековтің тұтынған заттары мен киімдері, «Адырна», «Шертер», «Сазген», «Отырар», «Торғай әуендері» этнографиялық фольклорлық ансамбль өкілдеріне тапсырыспен ұлттық нақышта тіктірген киімдері, қорық-мұражайдың қорына 1978 жылы халық арасынан жинап өткізген «Тұс киіз», «Сыр кілемі» (кейбір кітаптарда Қоңырат кілем деп те атайды), «Шұғыла кілем», ХХ ғасырдың басында ою-өрнектеліп жасалған кітап сөресі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің әр бөлмесіне қатысты жасаған тақырыптық экспозициялық жоспары, өзінің жеке қолы қойылған кітаптары көпшілікті тәнті етті. Өзекеңнің қорындағы аса құнды фотосуреттері де көрмені ажарландыра түсті.

Қорық-мұражайдың  көрмені өткізудегі мақсаты — Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік қасиеттерін, ұлтжандылығын, даналығын, көрегендігін, рухани мәдени мұрамызға деген жанашырлығын жас-жеткіншектерге насихаттауды мақсат тұтты.

Өзбекәлі Жәнібековке арналған бірінші көрме осыдан екі жыл бұрын көрермендерге таныстырылған болатын. Ол көрмеде Өзбекәлі Жәнібековқа қатысты елуге жуық жәдігерлер экспозицияға қойылса, бұл күндері Өзекеңе қатысты жәдігерлер мұражайда күн санап көбеюде. 2010 жылы Өзекеңнің жары Қалихан Жәнібекова ағамыздың көптеген жәдігерлерін қорық-мұражайға сый ретінде тапсырды.   

«Өзекең өзіндік ізі бар, өзіндік жігері бар, құрыштан сомданып құйылған батыр, ғалым, қайраткер, өнерпаз азамат ретінде қазақ тарихында есімі қатталды» деп жазған екен академик Манаш Қозыбаев.

«Оның халыққа сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол – киелі адам» – деп бағалапты Шерхан Мұртаза. 

Көрменің ашылу салтанатына Өзбекәлі Жәнібековтің зайыбы Қалихан Жәнібекова, ағайын-туыстары мен бірге қызметтес болған жақындары, ЖОО студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

*******

Мәулен Садықбеков, қорық-мұражай директоры: «Еліміздегі бірталай мұражайлардың экспозициясы Өзекеңнің қолынан өтті. Жергілікті жерлерде тарихи-өлкетану мұражайлардың құрылуына үлкен септігін тигізді. Қорық-мұражайдың да мұражай болып қалыптасуына Өзбекәлі ағамыздың сіңірген еңбегі айрықша деп бағалар едім. Кеңестер заманында мұндай іске бару екінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Халқымыз Өзбекәлі ағаға қандай құрмет көрсетсе де артықтық етпейді. Біздер болашақта Өзекеңнің өмірі мен қызметіне арналған жеке мұражай экспозициясын ашуды жоспарлап отырмыз.»

*******

Қалихан Жәнібекова, (Зайыбы): «Бұл қорық-мұражайдың Өзекеңе жасап жатқан екінші көрмесі. Алғаш мәрте көрмені 2009 жылы өткізген болатын. Сіздерге деген алғысым шексіз. Өзекең бүкіл өмірін халқына арнады. Ол отбасынан бұрын ұлттық мүдде деген принцпті алға қойды. Халықтың болашағы, өткен тарихы мен мәдениетін түгендеді. Жастардың болшағына қатты алаңдайтын.  

*******

Құлбек Ергөбек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің вице-президенті: «Өзекең әрдайым халықтың мұң-мұқтажын, өткен тарихы мен мәдениетін түгендеді. Ол Арыстанбаб, Әзірет Сұлтан т.б. әулиелерді демеді, әулиелер оны жебеді. Қарпайымдылығы мен іскерлігі халықтың мәңгі жадында қалды. Торғай облысына қызметке барғанда жоқтан бар жасады. Атқорадан драма театрын, қоймалардан мұражай, «Торғай әуендері» этнографиялық ансамблін жасақтады. Қазақ ССР-нің Сыртқы саясат бөлімінің де жұмысын дұрыс жолға қоя білді. Қазақ жастарына шет мемлекеттерде білім алуға үлкен мүмкіндіктер жасады. Өзекең жайында таңнан таңға дейін естеліктер айтуға болады.»

Байдулла Қонысбек айтқан анекдоттар
«Байдың балалары» жарап тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу