Сахыбеков елді қашанға дейін шулатады?

Oinet.kz 23-04-2020 1717

Screenshot_1.jpg

Былтыр дәл осы уақытта «Рейтинг» газетінде Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінің аумағында  қытайлық компания қорғасын зауытының қалдықтарын өңдейтін зауыт салмақ болғанын, жергілікті халықтың бұған қарсылық білдіргені туралы мақала жазғанбыз. Тұрғындардың табандылығының арқасында шетелдік инвесторлардың қоршаған ортаға, халықтың пайдаланатын жер-суына, адам денсаулығына  қауіп төндіретін жобасы жүзеге аспаған еді.  Шымкент пен Түркістан облысының шекарасында тұрған Ақбұлақ, Қарабастау ауылының тұрғындары биыл тағы да шулап жатыр. Тағы да сол  жер мәселесі. 

Жалпы аталған ауылдарда жерге қатысты әңгіме бар. Бәрінің айтатыны бір сөз - «алды, сатты». Қалталылардың жерді мемлекеттен гектарлап алып, одан кейін кәсіпкерлерге сатуы қалыптасып кеткен үрдіс сияқты. Мұның бір ұшы жергілікті әкімдікке де барып тіреледі. Қарабастау ауылындағы жайылым жерді бір азаматтың иеленіп, жыртып жатқаны, ағын суды бекітіп тастағаны  туралы ақпарат алғашқыда әлеуметтік желіде пайда болған еді. Осы аптада ақбұлақтық тұрғын Асылбек Табылды мыңдаған халықтың талап-тілегін арқалап редакциямызға келді.  

– Ауылдағы жерді жергілікті Серік Сахыбеков деген азамат иелігіне алып қойған. «Әкімдіктен заңды түрде алдым» дейді. Туған інісі Берік Сахыбеков ауылдық округте жер жөніндегі инспектор болып істейді. Жерлердің бәрін ағалы-інілі екеуі иелене берген сияқты. Бір жерді өзінің, бір жерді анасының, бір жерді жұбайының атына рәсімдеген. Тіпті, ауыл ішіндегі үй іргелік жерге дейін өз аттарына заңдастырған. Енді міне, ауылда жайылым жоқ. Тіпті, әлеуметтік нысан салатын да жер қалмай барады. Осы жөнінде талай құзырлы органдарға, әкімдікке арызданғанбыз. Олар тексереді де «бәрі заңды» деп, жылы жауып қоя салады. Сахыбеков алған жерлерін зауыт салатын инвесторларға саудалайды. Былтыр бір жерін Шымкенттегі қорғасынның қалдықтарын әкеліп өңдемек болған қытайлық компанияға сатып, оның ақыры үлкен дау-дамайға айналғанын сіздердің «Рейтинг» газеттеріңіз жазды. Белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың салып жатқан мұнай зауытының жерін де Сахыбеков сатқан. Ең ақыры осындағы «Асыл төре» кооперативінің жерін де иемденіп алған. Қазір дау-дамай Түркістандағы экономикалық сотта қаралып жатыр. Менің өзім де жақын күндері сотқа талап арыз бергелі отырмын. Себебі Сахыбеков осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылықтан пай үлесі ретінде алған жеріме таласып отыр. Жеріме еккен өнімімді түнделетіп келіп, трактормен жыртып кетеді,- деді арызданушы. А.Табылдының айтуынша, осы жолы халықтың мал жаятын жерін жыртып, ағын суды бекітіп тастауды Сахыбеков әдейі ерегісіп істеп отыр.  

Screenshot_4.jpg

А.Табылды

- Себебі ол осыған дейін Бадам өзенінен тас алатын. Сол жерге  тас артатын тракторын апарып қояды. Әр «КамАЗ» тасты 5 мың теңгеден сатып отырады. Бәрі заңсыз тірлік. Иелігінде бір малының жоқтығына қарамастан осы тас алатын жердің айналасының бәрін жайылым ретінде сатып алған. Қарабастау ауылы осы Бадам өзеніне жақын орналасқан. Егер тасты ала берсе, өзеннің арнасы бұзылып, ауылға ағын су келмей қалады. Содан кейін халық тас алдырмады. Тас алдырмаған соң, жайылымды жыртып, ағын суды бітеп отыр. «Тас бермесеңдер, жайылым жоқ» дейді. Осы мәселе әлеуметтік желіде көтерілген соң Шымкент қаласы Абай ауданынан (себебі бұл аумақ бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласына өтіп кеткен) жер мамандары келді. Олар «картада бұл жер егістікке арналған, сондықтан жырта беруіне болады» деп кетіпті. Прокуратура, әкімдік, жер кадастры тарапынан ешқандай қозғау болмай отыр. Сонда Сахыбековке келгенде заң жоқ па?- деді арызданушы.

Алайда біз хабарласқан Серік Сахыбеков арызданушының айтқандарын жоққа шығарды. Ауылдағы мектепте директордың орынбасары болып істейтін, одан бөлек шағын шаруашылығы бар азамат көпшілікке қарсы ешқандай қысастық жасамағанын, адал кәсібімен күн көріп жүргенін айтып ақталды.

- Мен өзім Ақбұлақ ауылында тұрамын. Айдап жатқан өзімнің өкіметтен алған заңды жерім. Уақтында Ордабасы ауданына қараған кезде пайдаланған жоқпыз. Шымкентке өткен соң әкімдіктен хат келді.  Енді айдап, жүгері егіп жатырмын. Жер жайылым емес,  егістік егуге арналған. Ал ағын су осындағы елді мекендердің қауіпсіздігі үшін бекітілген. Соңғы күндері Бадам өзеніндегі су көтерілді. Ауылдағы үйлерді алып кететін болған соң, тұрғындар техникамды сұрап, арықты бітеді. Енді жәрдем берген мен жаманатты болып отырмын. «Өзеннен тас алады» деген бос сөз. Заңсыз тірлік істеуіме осындай кезде  құзырлы органдар жол бере ме? Ал жердің бәрін уақытында өкіметтен заңды түрде алғанмын. Бұған інімнің ешқандай қатысы жоқ. Егістік жер аудан әкімдігінің шешімімен беріледі. Оған Бадам ауылдық округінің құзыры жүрмейді,-деген Сахыбеков ауылда өзін қарабет қылу үшін жұмыс істейтін азаматтардың барын алға тартты.

- Мен сол Қарабастау ауылына кезінде мешіт салып бергенмін. Жетім-жесірлерге қарайласып тұрамын. Былтыр мені тіпті бір адамға атқызған. Құдай сақтап тірі қалдым. Атқан адам сотталды, - деген Сахыбеков Бадамға қытайлық кәсіпкерлерді өзі емес,  әкімдер алып келгенін, қытайларға жерді сатпағанын, басқа кәсіпкердің жерімен айырбастағанын алға тартты. Серікжан Сейітжанов мұнай зауытын салып жатқан жерін өкіметтен сенімді басқаруға алғанын да тілге тик етті. Дегенмен Сахыбеков осындағы қазақ-түрік индустриалды аймағындағы кейбір инвесторларға жер сатқанын жоққа шығарған жоқ.

Бадам ауылдық округінің әкімі Бақытжан Оразалиев Серік Сахыбековтің сөздерін растады.

- Үш үйге тасқын судың қаупі төнген соң арықтарды бекітуге Сахыбековтың техникалары пайдаланылған. Осы жөнінде халықпен әңгіме өткізілді. Бір аптадан кейін ағын су берілетін болып келісілді,- деген әкім Сахыбековтің жерді заңды пайдаланып жатқанын мәлім етті.

Қос тараптың пікірінен кейін мәселеге төрелік айтудың қиын екендігі рас. Әрине, дау-дамайға төрелік айту біздің құзырымызда емес. Дегенмен...

Осындайда өкіметтің жерді жаппай сату жөнінде заң қабылдап, оған  халықтың қарсылық білдіргені, оның соңы заңға мораторий жариялаумен аяқталғаны еске түседі. Егер ауылдағы жердің бәрін қалталылар иелене берсе, мұның соңы бітпес дауға айналады. Жоғарыдағы жәйт осының айғағы. Бадамдағы дау-дамайдың түп-төркіні жайылымның жыртылғанында, арықтың бітелгенінде емес, бар гәп жергілікті атқамінерлердің жердің көбін Серік Сахыбековтің қанжығасына байлап бере салғанында жатқан сияқты. Бұдан кейін өкпе-реніштің туындауы заңды. Ал С.Сахыбеков өкіметтен алған жерін жекелеген инвесторларға сатып, пайдаға шаш етектен кенеліп жатса, наразылық өршімегенде қайтсін.

Осыншама жер бір азаматтың иелігіне қалай өткен? Мұның арғы жағында қандай құпия бар? Серік Сахыбековтің өзі мойындағандай мемлекеттен егістік ретінде берілген жерлер бұған дейін жайылым ретінде пайдаланылған. Оншақты жыл бойы ештеңе егілмеген. Сонда жерді қадағалап отырған құзырлы мекемелер қайда қараған? «Егер жер пайдаланылмаса, мемлекет алып қояды» деген талап Сахыбековке келгенде неге іске аспай қалған?  Жер кодексі бойынша халықтың ортақ жайылымы, мал айдайтын жерлер, суаттар жекеменшікке берілмеуі тиіс.  Сахыбековке мұндай жерлер қаншалықты заңды берілген? Ал алған жерін инвесторларға сату қандай заңның аясында жүргізілген? Мұның арғы жағында қитұрқы әрекеттер жатқан жоқ па? Соңғы жылдары «жерге қадағалау күшейді» дедік. Қазір облыста осы жұмыстармен бір емес екі бірдей басқарма айналысады (жер қатынастары басқармасы және жер инспекциясы басқармасы). Қос басқарма қайда қарап отыр? Даулы жердің біразының Шымкенттің аумағына қарайтынын жоғарыда айттық. Мегаполистегі жерге жауаптылар неге үнсіз? Егер жердің бәрін қалталылар иелене берсе, оның ақыры неге апарып соғады? Ауылда тұратын халықтың бәрінің де жерге хақысы бар емес пе?

Бір анығы, қос елді мекендегі жерге қатысты дау-дамай мұнымен бітпейді. Былтыр қытайлық инвесторлар, биыл жайылым. Ертең тағы да бір нәрсенің бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. 

Адам атылса да... Жер дауы жиілеп барады. Тек бір ғана мысалға тоқталсақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түлкібас ауданы Балықты ауылында «жерімді жергілікті кооперативтің басшысы заңсыз алып қойды» деген жігіт түн ішінде төрағаның екі ұлын атып өлтіріп, оқиға орнына көмекке келген тағы бір әйелді мерт қылды. Осыдан кейін жігіттің өзі атылып қаза тапты. Қазірдің өзінде тып-тыныш жатқан Ақбұлақ пен Қарабастауда оқ атылып жатса, ертең қайғылы оқиғалардың орын алмасына кім кепіл? Сахыбеков халықты қашанға дейін шулатады? 

"Рейтинг" газеті,

№16, 23 сәуір, 2020 ж

Болашағы зор Байбекті тастап зейнеткер Сапарбаевқа оралған Жылқыбаев қызметінен кете ме?
Назарбаев елдегі мәселелерді шешетін батыл басшылар керектігін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу