Тұрсынай Оразбаева: «Шын мәнінде ақындық әйелден бастау алған»
Сайрам ауданы қасиетті сансыз баптар мекені. Жері - жұмақ, даласы - байтақ өлкеде талай таланттар туылған. Солардың бірі, ақын, аудармашы, сазгер, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, А.Фадеев атындағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалі мен «Құрмет» орденінің иегері - Тұрсынай Оразбаева. Қазақтың аяулы ақын қызы өзі сонда тұрғанына 20 жылға жуықтаған Мәскеуден «науқастанып келіпті» дегенді естіп, ата дәстүрмен алдына көңіл сұрай бардым.
- Мәскеу жайлы айтыңызшы, әпке.
- Мәскеу - көп ұлтты қала. Адамдарының бәрі асығыс. Әрлі-берлі сапырылысып жатады. Көшелерінде адасқандай болсаң, кетіп бара жатқан жолаушыдан жөн сұрауға бата да алмайсың. Қарапайым жанға Мәскеуге бару арман көрінгенмен, бизнесмендер топырлап күнде келіп жатады. Біз жақтан барған бизнесмендер ырду-дырду ресторандардан шықпай, мың долларға қиналмай түстеніп кетеді екен. Осыны естігенде: «Жетіскендер,» - деп ызам келеді. Одан да сол қаражатты жетім-жесір, мұқтаж жандарға берсе ғой, сауабы тиер еді.
- Қазақтың талай марғасқасы Мәскеу туралы қалам тербеген. Көркем әдебиет бойынша сіздің өлеңдеріңіз бен Айгүл Кемелбаеваның хикаяты арқылы Мәскеуге қанықпыз. Туған елге деген сағыныш Айгүлдің прозасында «сүт құбырына» айналыпты...
- Иә, иә оқығам. Ел мен жердің қадірін жырақта жүрген адам қатты сезінеді. Сағыныш - қиялды қанаттандырады. Жалпы адамзаттың қиялы жүйрік қой. Айгүлден қаншама жылдар бұрын, Саха елінен телегей-теңіз боп, буырқана аққан Лена, Ньурба, Марха, Таатта өзендерін көрдім. Абайсызда түсіп кеткен адамды жұтып жібере жаздайды. Көл-көсір су жергілікті халықты әбден мезі еткен. Күн жылынса болды, сай-саланы топан су алып кетеді. Ми батпаққа батып, немесе тасқын суға кетіп өлген адам шығыны көп. Менің көз алдыма шөл далада кенезесі кеуіп, тұзға шөгіп, қайраңдап қалған Аралдағы кемелер елестейді. Сондайда: «Тайга менен Азияның арасын жалғайтын канал салынса ғой,» - деп армандайтынмын. Ғалымдар да тиімді жоба жөнінде зерттеулерін ұсынып жүрді. Кейін одақтас елдер тараған соң, әркім өз дүниесін қорып, бұлдап жатқанында әкімдер бас қатырып жатсын ба, ғалымдардың үздік жобалары кәдеге аспай қалды. Соған әлі күнге жүрегім ауырады, себебі екі елдің мұң-мұқтажын көзбен көріп, жаныммен сезінген пенде ем...
- Жаңа сөзіңізде әкімдер жөнінде айтып қалдыңыз. Жалпы ақ жағалылар жайында не дейсіз?
- Мен өмір бойы әкімдермен тіл табыса алмадым. Қатар замандастарымның әдеби кештері мен кездесулері жергілікті биліктің қолдап-қолпаштауымен өтіп жатты. Оларға қарап, әрі сүйсініп, әрі қызығып жүрсем, сайлау кездерінде әлгі өзің айтып отырған ақ жағалылардың шашбауын замандастарым көтерісіп жүр. Содан дүниенің сен - маған, мен - саған айырбас екендігін түсіндім. Өнерге қашанда шынайылық, тазалық керек қой.
- Ал туған жеріңіздегі билік өкілдері сізге қандай сый-құрмет көрсетті?
- Е-ее, айналайын-ай! Атам заманнан ақын бабаларымыз шен-шекпенділермен алысып, өз дәуірінде биліктен қолдау таппаған. Бұл жерде «сарай ақындары» туралы әңгіме жоғарыдағыдай. Биліктегілердің ақын-жазушылар үшін қадірі қалмады, ал биліктегілер үшін ақын-жазушылардың сүйкімі қашты. Жан баласынан жасырып келіп едім, саған шынымды айтайын.
Үзеңгілес достарым қоярда қоймай, туған жерім Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте және Шымкентте шығармашылық кешімді өткізуге себепкер болды. Сонда ғой, Сайрам ауданын басқарып отырған әкімнің орынбасары иығыма қамзол жапты, қолыма гүл ұстатты. Ел-жұрттың көзінше: «Ат мінгіземіз!» - деп дабырайтып, қой келетін қаражат берді. Екінші рет, Шымкенттегі шығармашылық кеште тағы сол орынбасар сахнаға шығып: «Сайрам ауданының атынан машина! - дегенде, мені қойшы, отырған жұрт дүр сілкінді. Мәртебем үшін, халқым қуанды. Басқалар сияқты ақын да адам. Сахнадан шыққасын, конвертті ашсам, іші бос! Атқамінерлердің мұнысы қай мазағы деймін күйініп. Көз бе көз, жүз бе жүз санап алмаған соң, сөзімді қалай дәлелдермін?! Содан кейін туған жерде билік жүргізген ақ жағалылар мені іздемеді, мен оларды іздемедім. Бірақ бұған да тәубе, осындай құрметтің өзі Ерсінбек ағама (Қойбағарұлын айтады) бұйырмай кетті ғой. Берді екен деп, байып кетпеймін. Жоқ екен деп, құдай берген дарын жоғалмайды. Көңіл-дағы... Мейлі ғой, елдің ізеті мен құрметіне рахмет!
- Тұрсынай әпке, көңіл-күйіңізді түсіріп жібердім ғой деймін. Мәртебеңізді көтерген кездесулер жайлы еске алыңызшы...
- Мен өз өнеріме алғашқы құрметті Саха елінен көріппін. Сол елдің танымал ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болдым. Мен оларды, олар мені аударды. Сол елге барған әрбір сапарымда ел-жұрты тікесінен тік тұрып, шет елдің президентін қарсы алғандай қошеметпен күтіп алады, қошеметпен шығарып салады. Саха-Якутия автономиялы Республикасының президенті «Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын салтанатты түрде өз қолымен табыстаған.
Кейінгі құрметті Өзбекстан елінің басшысынан көрдім. Ташкент қаласында Қазақстанның Өзбекстандағы мәдени-әдеби күндері өтіп жатты. Делегация құрамында мен де бармын. Сол сапарда екі өлең өмірге келді. Бірі - «Өзбек бауырларға», екіншісі - «Құрма түбіндегі кездесу» деп аталады. Әлішер Науайы атындағы драма театрда кездесу ұйымдастырылды. Кезек маған тиіп, әлгі екі өлеңді оқып бердім. Ду қол шапалақтау. Қошемет. Сахнаға Өзбекстан Республикасының бірінші хатшысы Усман Ходжаев жылдам шықты да, иіліп келіп, қолымнан сүйді.
- «Құрмет» орденін иелендіңіз. Елбасымыздың қабылдауында болған боларсыз?
- «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегенді ата-бабамыз текке айтпаған. Марапатталар кезде, Алматыдан Мәскеуге енді ғана оралып ем. Қаражат қолбайлау болды да, Қазақстан Жазушылар одағына наградамды ала тұруды телефон арқылы аманаттадым. Кейіндеу Алматыға жол түскен сапарда Нұрлан Оразалин өз қолымен табыс етті. Елбасының еңбегімді елеп-ескергені шабытымды еселеді.
- Алдыңғы буын ақын-апаларыңыз бен қаламдас сіңлілеріңіздің өмірі мен шығармашылығы жөнінде не айтқыңыз келеді?
- Шымкенттен қос ақын қыз қатар жарқ еттік. Ханбибі Есенқараева екеумізді Фариза апамыз Алматыға қайта-қайта шақырып, біздердің өнер мен мәдениет ортасында біте қайнағанымызды қалады. Жұмысымды Алматы қаласына ауыстырып, «Қазақ» радиосының поэзия бөліміне редактор болып орналасқаннан кейін, бір күні құшақ толы раушангүлдерін көтеріп, Марфуға Айтқожина келді. Үйіне қонаққа шақырды. Дәмнен кіші қазақтың баласымыз, бардым. Осылай танымал тұлғалармен таныстығым арта берді, әрі ақын, сазгер ретінде елге таныла бастадым.
Өнердегі достарым Қатира Жәленова, Күләш Ахметова, Жадыра Дәрібаевалармен мақтана алам. Ал талантты ақын, аудармашы Сәуле Үсенбекованың шығармашылығынан зор үміт күтем.
80-90 жылдары көркем әдебиетке келген жастар арасында қолына қалам ұстаған нәзік жандыларды көзге ілмеушілік сезіле бастаған. Ер-азаматтар жағы қыз-келіншектерден ақын-жазушы шықпайды деп бір тиіссе, «кәріқыздар» деп екі тиісті.
- Есенғали Раушанов сынды ағаларымыз ба?
- Иә. Сол кезде ашумен: «Әйелден ақын шықпайды!» - дейді біреу масқара-ай! Ақылды сөз айттым деп, Білгішсінген қасқаны-ай! Айдай әлем алдында, Барыңды жоққа шығармақ, Жонынан емес, тілінен, Тілер ме еді таспаны-ай!» деген өлең жолдары жазылып еді.
Шын мәнінде ақындық әйелден бастау алған. Сезім, махаббат, өнер сияқты адами қасиеттер о баста әйелден пайда болды. Нақты дәлел ретінде «Бесік жырын» алайық. Күллі өнер атаулы әйелге бірінші дарығандығы ғылымда дәлелденген. Әйел-аналардан «Бесік жыры» арқылы ұрпақтарға жалғасты. Қазақ әдебиеті тарихынан Ұлбике мен Сараларды алайықшы, өз тұсындағы азулы ақындардың ешбіріне дес бермеген. Бұл менің ақын апаларым мен қатар құрбыларым жөнінде айтпағым.
- Жерлес ақын-жазушылардан кімдермен шығармашылық байланыстасыз?
- Кейінгі жастарды танымаймын. Елден жырақта жүрген соң, олардың қабілет-қарымын байқау едәуір шектелді. Ерсінбек Қойбағарұлы, Мирполат Мирзо, Захардин Қыстаубайұлы, Қабылбек Төретайұлы, Сабырбек Нұрманұлы, Үсен Шойбеков, Баян Тіленшина, Зияда Исатайқызы, Әбдірахым Пратовтарды ақын-жазушы ретінде бағалаймын.
Ерекеңмен сонау жастық шақтан ағалы-қарындастай болдық. Екеуміз көршілес ауылдардан: мен - Қайнарбұлақтан, ол - Құрлықтан едік. Біз бір-бірімізді қажет кезде демедік, жетектедік, қамшыладық, пікірлестік. Оның мәдениеті мен түсінігі, білімі, өз ортасында өзгелерден озық тұратын. Сол даралығын көзі қарақты оқырман шығармаларынан байқар. Жайсаң азамат еді, жарықтық. Науқастанып қалып, Бағдагүл жеңешеме көңіл айтуға да жарамадым. Менің Ерекең жайлы айтарым ішіме сыймайды. Өте көп. Сәл тәуір болып алайын, сосын...
-Өмірдің мәні неде?
- Тіршілік үшін от пен су, ауа қандай қажет болса, адамға да соның бәрі зәру. Денсаулық, өнер, білім, отбасы, ұрпақ, қызмет, дәулет, дос-жаран бәрі-бәрі керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, төрт құбылаңды түгелдеу оңай емес. «Өлең, өлең!» - деп жүріп, ауруды асқындырып, отырысым мынау. Жалғыз қызым Сардаананың әкесі - Абай, Семейдегі арғынның жігіті еді, ерте дүниеден қайтты. Ақындықпен де алыстым, тұрмыспен де тайталастым. Асау өмір өз дегенін істеді. Көңілімдегі бір медет - қызым мен күйеу балам. Олардан өрбіген немерем - Нұрәмір. Артыма қарайласам, өмірде де, өнерде де із қалдырған сияқтымын...
P. S: Қадірлі, әдебиет сүйер қауым! Ардақты ақынмен кездесіп осылайша сырласып қалу маған үлкен сабақ болды. Тұмадан тұнық Тұрсынай әпкем Мәскеуге аттанар алдында қалта телефоныма хабарласып, қайыр қош айтты. Тамағымда тізбектелген түйдек-түйдек сұрақтар сол жақ кеудемді тыз-тыз түйнетіп, мен қала бердім, елде. Біздің сұхбатымыз аяқталмай қалды. Қоштасқым келмеді...
Өткен аптаның соңында жарық дүниедегі талқаны таусылған таусылған жарын талант иесіне арналған қаралы жиын облыстық филормония алдында өтті. Ақын Нармахан Бегалы тізгін ұстаған қаралы жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, ақын Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сәбит Досанов, ақын Несіпбек айтұлы, тағы басқалар жүрек тебірентерлік сөз айтты. Марқұмның денесі туған жері Қайнарбұлақ ауылындағы зиратқа қойылды. Шымкенттегі «Алтын сарай» мейрамханасында аруағына бағышталған құран оқылып, ас берілді.
Бақұл болыңыз жанымнан артық жақсы көретін аяулы әпке, дарабоз дарын!
Гүлдәрия Әшірбаева,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.