Бұл өмірде менен артық келін жоқ
21-10-2024
Мен өмірлік серігімді алғаш рет 1979 жылдың желтоқсан айында кезіктірген едім. Жол түсіп, жақын досымның ауылына қыдырып барып қалдым. Барсақ ауылдың клубында «вечер» болып жатыр екен. Досым үйленген, ал мен бойдақпын. Ары-бері жүріп, қыздарға көз қырымды салып қоямын. Сол қыздардың арасынан көзім бірден Ханымзияға түсті. Өте биязы, қарапайым, сұлу екен. Аруды айналшықтап танысып алдым. Сол күннен бастап әлгі ауылға барғыштап кеттім. Досым арқылы қызбен кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Арамызда махаббат ұшқыны пайда болғасын, үйленуге шешім қабылдадым. Ондағы ойым сұлу қызды өзгелер қағып кетпесін дедім. Не керек қызды алдымен анаммен таныстыруды жөн көрдім. Сол жылдың 23 ақпанында мереке күні әкемнің үйде жоқтығын пайдаланып, үйге кішігірім кеш ұйымдастырдым. Достарыммен қатар үйге сүйген қызымды да шақырдым. Оны анаммен таныстырғалы жатқасын шынымды айтсам аздап қобалжи бастадым. Бірақ менің қобалжуым бекер екен. Өйткені Ханымзияны анам бір көргеннен ұнатып қалды. Меніңше анамның көңілінен щыққаны оның ауылдың, қарапайым отбасынан шыққандығы, тәкаппарлық, менсінбеушілік, жалқаулық қасиеттерінен аулақ болғаны шығар. Анам маған өзі де үйдің бар шаруасын алып кете алатын, бала-шаға, мал-жанға қарай алатын жан іздеген екен. Ханымзия сол анамның сынынан өткен секілді.
Содан не керек, сол күні екеуміз қол ұстасып некеге тұруға өтініш беріп келдік. Арада бір ай өткесін шаңырақ көтердік. 79-80 жылдары ансамбль деген енді шығып жатқан кезі. Оған әркімнің қолы жете бермейтін. Бағыма орай тойымызға институтта бірге оқыған жолдасым өзінің вокалды инструменталды ансамлін, керекті құрал-жабдықтарының барлығын әкеліп, тойдың көркін қыздырып еді. Тойымыз ауылдағы құрылыс жөніндегі басқарманың клубында өткен. Екі жарты бір бүтін болғасын Атырау облысының шет жағындағы әуежай маңындағы ауданында тұрдық. Жеке, жаңа өмірге қадам басу оңай болған жоқ. Сүріндік, жығылдық, бірақ аяғымыздан тік тұрып кеттік. Үйде сиыр, қой секілді мал ұстадық. Шынымды айтсам менің үй шаруасына онша икемім жоқ. Әйелім ата-анама да, балаларымызға да, төрт түлік малдың да жағдайын жасап, барлық шаруаға үлегеретін. Марқұм анам «Ханымзия сенің бағыңа қарай жолығыпты» деп отырушы еді.
Жанұя болғасын әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ біз шектен тыс айғайласып, шаңырағымыздың берекесін кетірмеппіз. Мұның барлығы жарымның сабырлығы, төзімділігінің арқасы деп білемін. Мен 19 жыл кәсіподақтарда басшылық қызметтер атқардым. Сол уақыт аралығында кәсіподақ берген пәтерді аса мұқтаж қызметкерлерге беріп жібердік. Тіпті балаларымды өзгелердің балаларына орын болмай қалмасын деп балабақшаға да бермедік. Осы істің барлығында әйелім мені үнемі қолдап, қуаттап отырды. Бірде қыстың қақ ортасында ескірген үйімізді су басып қалып, тұруға жарамсыз болып қалды. Қақаған қыстың көзінде арлы-берлі көшіп жүріп, кейіннен жаңа үй тұрғыздық. Міне, осындай алма-ғайып кезеңдерде ол өміріне немесе маған шағымын айтып көрген емес. Айлап іс-сапарда жүргенде ерінен күдіктеніп, қызғанып көрген емес. Өмірдің ащысын да, тәттісін де бірге көріп келеміз.
Қазір ойланып қарасам бүгінгі жастар, жас отбасылар тағдырдың осындай тезіне шыдай алмай жатады. Бұрынғы біздің аналарымыз, әйелдеріміз атқарған шаураларды бүгінгі келіндер, жас аналар атқара алмайды. Соның өзінде ұрыс-керістен көз ашпай соңында ажырасып жатыр. «Сен табыс таппайсың, пәленшеден кем болып қалдық» деген сыңайлы әңгімелер айтылғасын ерлі-зайыптылардың арасында татулық, ауызбіршілік болмайды. Жанұяның тірегі біріншіден, сыйластық, төзімділік және сабырлылық. Осы қасиеттерді сақтай отырып біз бүгінгідей дәрежеге жеттік. Екі қыз, үш ұл тәрбиеледік. Қазір олардан балдай тәтті немерелерді көріп отырмыз. Екі келін түсіріп, кенже баламызды биыл үйлі-жайлы етсек деген ниетіміз бар.
Oinet.kz мұрағатынан, 2015 ж