Мадина Көкенова: «Тәуекелшіл әйелдердің көбісі біздің орталықта босанады»

Oinet.kz 01-07-2019 1091

Screenshot_35.jpg

Мадина Көкенова, №1 Оңтүстік Қазақстан облыстық  перианталдық орталығының бас дәрігері

-          Орталықта өткен жылы неше сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер және үшемдер бар ма?

-           Орталықта жыл сайын 9 мыңнан астам әйел босанады. Босанудың қай қайсысы болмасын қиын процесс. Әр науқасқа жеке, ерекше күтім қажет. Өткен жылы мамандарымыздың көмегімен 9347 сәби дүние есігін ашты. Оның 203-і егіздер болса, үшемдердің саны 7-еу.  Ал осы жылдың үш айында туылған 2192 сәбидің 54-і егіз және 1-і  үшем. Біздің перзентхана облыстағы сәби ең көп дүниеге келетін орталық екенін мақтанышпен айта аламын.

-          Қазіргі  медицинаны заманауи аппарат, техникалық құралдарсыз елестету мүмкін емес. Перинаталдық орталық та мұндай көштен қалып жатқан жоқ шығар?

-          Біздің мекеме облыс көлемінде ғана емес Қазақстан бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ең үлкен орталық болып саналады. Ғимаратымыз 356 орынға лайықталған. Заманауи жабдықтардың барлығы бар.  Он бес жылдан бері диагностикалық және  хирургиялық лапароскопия тәжірибесі жүргізіліп келеді. 2010 жылдан бастап перзентханада созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын әйелдердің босануын жеңілдететін бүйрек гемоультрафильтрация аппараты қызмет жасайды.

-          Босану процесінде көп жағдайда  ана мен балаға қандай қауіп төнеді?

-          Ана мен бала денсаулығы біз үшін бәрінен де қымбат. Көп жағдайда босанатын әйелдер перзентханаға ауыр жағдайда түсіп жатады. Акушер-гинекологтарымыз осындай оперативті босанулар жағдайында ананы да баланы да аман алып қалуға күш жұмсайды. Жатырдағы тыртық, шарананың жатырда  жамбаспен немесе басқадай дұрыс келмеуі, экстрагенитальды патология,  преэклампсияның ауыр сатысы мұның барлығы ана және бала өміріне қауіп төндіреді. Соңғы жылдары медицина саласына көңілдің көбірек бөлінуінің арқасында ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді.  2016 жылдың басынан бері орталықта мұндай қайғылы факті әлі тіркелген жоқ.

-          Мерзімінен бұрын босану жағдайлары орын алып тұратын шығар. Осы ретте  «шалабайларға» қандай күтім жасайсыздар?

-          Облыстың 12 ауданынан тәуекел тобына кірген әйелдердің көбісі біздің мекемеге қабылданады. Бұл орталықта уақытынан бұрын босандыру (22 апталық, 500 грамм болып туған бала күтімі жасалады) жағдайлары жасалған. Орталық жеті, сегіз айдың жүзін көрген нәрестелердің денсаулығын қалыпқа келтіруде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырған бірден бір мекеме. Статистикалық мәліметтерді келтіре кететін болсам, өткен жылы 1053 бала шала туылса, биылдың үш айында олардың саны 207-ге жетіп отыр.

-          Анадан балаға берілетін қандай аурудың түрлері бар? Олардан сақтанудың жолдары қандай?

-          Жатырдағы балаға берілетін қауіпті аурудың бірі АИТВ инфекциясы. Орталықта 8 жылда бері «АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуін болдырмау» бағдарламасы жұмыс  істеп келеді. Бұл  дерттің анадан балаға жұғу қаупін 2 пайыздық деңгейде төмен ұстап тұруға мүмкіндік берді. 2010, 2011, 2014, 2015 жылдары ВИЧ-ті жұқтырған аналардан сап-сау балалар дүниеге келді. Мұндай керемет көрсеткішке республиканы айтпағанның өзінде әлемде  әлі бірде-бір медицина ошағы қол жеткізген жоқ. Облыста сондай-ақ алғаш болып жүкті әйелдерге арналған генетикалық ауруларды анықтайтын бөлімше ашылған. Есепте тұрған барлық аяғы ауыр келіншектер осы скринингтік бақылаудан өтеді. Аталған бөлімшеде жыл сайын  16 мыңға жуық  әйел ұрықтың хромосомалық ақауларын анықтау үшін  және 36 мыңнан астам жаңа туылған сәбилер туабітті гипотериоз бен фенилкетонкрияға тексеріледі.  

-          Отбасын жоспарлау, жүктілікке дайындалу кез-келген ана үшін маңызды. Осы секілді тақырыптарда орталықта насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандар бар ма?

-          Демографиялық өсімге айтарлықтай септігін тигізіп отырған перинаталдық орталық  медициналық қызметкерлер үшін акушерлік, гинекология, неонатология бойынша практикалық дағдылар қолға алынған оқу базасы болып табылады. Болашақ аналар үшін біздің есігіміз әрдайым ашық. Бірнеше жылдан бері біз тұрғындарға консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетіп келеміз. Кез-келген келіншек, ана біздің мамандарға келіп репродуктивтік денсаулық жайында кеңестер ала алады. Онда қызметкерлер отбасын, жүкілікті жоспарлаудың дұрыс бағыт-бағдарын беріп, сау анадан сау баланың дүниеге келуіне жол ашады.

-          Жұмысы ауыр, жауапкершілігі көп дәрігер деген  мамандық иелерінің еңбегін қалай бағалайсыз, жалпы медицина қызметкерлерінің бүгінгі беделіне көңіліңіз тола ма?

-          Ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен, жауапкершілігі көп. Сондықтан әріптестерімнің жұмысы қаншалықты ауыр әрі қызықты екенін білемін. Кейінгі жылдары медицина қызметкерлерінің беделі артып келеді десем де болады.

Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл

Дүйсенбай Мергенбаев: «Биіктерді бағындыра беретінімізге сенім мол»
Қанатбек Досалиев: «Реформаларды жүзеге асырамыз деп жүріп уақыт өткізіп алдық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу