Оңтүстіктің жас ақындары өз биігінде жүр ме?
Фотода Батырхан Сәрсенхан
Әр дәуірдің ақыны – өз заманының жаршысы. Поэзия көгінде қалықтай ұшып, қанатын кеңге жайғандар да, бәйгеге түссе де бауырын жаза алмай жүргендер де бар. Ең бастысы, сөз киесін ұғынып, қасиетін білетін жастар өсіп келеді. 2014 жылғы «Шабыттың» бас жүлдесін қанжығасына байлап, бүгінде Алматыда журналистік қызметке кіріскен Батырхан Сәрсенхан солардың ішінде жыр жинағын шығып үлгерген ақын. Қалған ақындардың өлеңдерімен облыстық, қалалық баспасөз және әлеуметтік желі арқылы таныспыз. «Мейірім ғаламшары»туралы ақын ағалар мен апалар, замандастар жылы лебіздерін білдірді. Ұлықбек Есдәулеттің алғы сөзімен ашылатын жинақта ақын тынысы мен арман-мұраты, өмірлік көзқарасы, сағыныш-мұңы, сезім сыры, жауабы жоқ сансыз сауалдары тоғысқан. Батырханның өзі «Өмірдің мәні, мұраттың мәні, Кеудеме толып, сұрақтың бәрі» дегеніндей, албырт жастықтың жалынды от шағында туған дүниелерден арпалысқа толы сансыз сауалдар, мазасыз күй жиі кездеседі. Тіпті тақырыбына сұрақ белгісі қойылған «Көшеде біреу күліп барады, сынық қарады ол неге?» деп басталатын өлеңі де бар. Оқырманын жауапты бірге табуға шақыратын Батырхан риторикалық сұрақ қоюға шебер. Ақын өзін жарық жалғанның кейде кіші, кейде үлкен бөлшегі ретінде көріп, өмірді тани алғанынша тілге тиек етеді.«Баз кешіп бар қызықтан, Ақын боп кеттім, күнім» дейтін арманы асқақ Батырхан Сәрсенханның бұл жинағын парақтағанда ақын үнін ести алдық. Бұл – оның табысы деуге болады. Әркез ізденісте жүретін жас ақын кейде пәлсапалық ой түюге тырысады. Онысы кейде сәтті, кейде сәтсіз шығып жататыны бар. «Адам ғұмырының кестесі» деп аталатын өлеңінде ақын адам өмірін А және В нүктесімен салыстыра келіп,
Сұрама түк те менен,
Үтірлермен отауын тіккен өлең.
Сұрапылға түзу жол керек емес,
Шын ақында болмайды нүкте деген,-
деп қорытындылайды.
Өз әлемін мейірім ғаламшары атаған Батырхан Сәрсенханда өзіне деген сенімділік пен батылдық бар. «Бір күндер болады» деп аталатын өлеңінде ол:
Бір бақыт болады,
Түкірген көбі.
Бір уақыт болады.
Күтіңдер мені!-, дейді.
Поэтикалық бояумен көркем кестеленген ойлы өлеңдер жинақтың салмағын арттыра алған. Формалық ізденістерге баруға тырысқан. Абай ізімен жазылған ақын жырлары көбінесе алты, жеті, сегіз буынды, шалыс ұйқаспен (Бір күндер болады, Күлкі білмейтін. Бір түндер болады, Кірпік ілмейтін), кейде қара өлең ұйқасымен (Бостаңдық ағаштары, Басқадан бағы асқалы. Неліктен гүлдемеді, Неліктен жақ ашпады?), кей-кейде 9-10 буынды, бірде 11 буынды болып келеді. Өлеңдерінің архитектоникасы, яғни көркемдік құрылымы жинақы.
Десек те, жинақта аздаған техникалық қателер мен қайталаулар ұшырасады. Кітаптың алғашқы өлеңі «Бұлқынудың» бірінші шумағы жайсаң қарттың сөзі болғандықтан тырнақшаға алынғаны дұрыс еді. Заманы бір ақындарда ой ортақтығы мен үндестігі қатар келуі қалыпты құбылыс болар. Батырханның «Мақта қызға» деп аталатын өлеңіндегі:
Бермеймін.
Бере алмаймын сені ешкімге,
Жүрегімнің мәңгілік алаугері!-деген жолдар ақын Ақберен Елгезектің
Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын жанымның мұнарасын!-дегенімен үндеседі.
Жұп-жұқа болса да жып-жылы жинақтың соңғы парағына келгенде Сізді де сансыз сұрақтар иектеп алғанын аңғарасыз. Ақынның ізденімпаздығына сүйсінесіз. Іштей тілекші боласыз. Азды-кем қателіктерді оқырман ретінде аңғармай да қаласыз. Бұл, бәлкім, Батырханның «Өлең» деп аталатын мейірім таяқшасының әдемі әсері болар. Әйтсе де, ақын қызбалықтан гөрі салқынқандылық пен сабырлылықты серік етсе, тақырып аясын кеңейтсе, мазмұнын тереңдетіп, формалық, көркемдік ізденістерге барыңқыраса дейміз. Бүгінде «Дәстүр» журналы бас редакторының орынбасары деген уәзипалы қызмет атқарып жүрген ақыннан әлсіз өлең күтпесіміз анық. Жинақ шыққаннан соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы оқыған екі өлеңім бұл сенімді ақтамады. Әлде жас ақынды тым көтермелеп, «талантты өлтірудің тамаша жолы – мақтай беру» екенін және бір дәлелдегіміз келді ме екен?! Келешекте, мұндай әлсіз өлең тумас деп үміттенеміз. Рахатынан азабы мол ақындық ғұмырда жанкештілікпен жемісті еңбек етуіне тілектеспіз.
2014 жылғы «Шабыттың» «Жас үздік ақын» номинациясының иегері, 2015 жылы жұлдызы жанған ақын –Әлімжан Әлішер. Үлкенді-кішілі түрлі деңгейдегі мүшәйралардың бас жүлдесін қатарынан бірнеше рет қанжығасына байлаған көктемге ғашық, «бақытқа бақыт болып жолығуды» аңсайтын сары бала «өлеңдегі кіріспесімен-ақ» оқырманды елең еткізді. Әлімжанда өлеңнің киесін ұғыну, қасиетін сезіну бар. Сезімнің сынық сәулелерін жинауға ұмтылған нәзік лирикалары «Апааа» деп басталатын перзенттік сағыныш пен мұңға оранған өлеңдегі бала Әлімжанның өскенін аңғартады. Ол қай тақырыпты жырласа да жүрегінің ең түпкі мекенінен қимас, ешнәрсеге айырбастамас құнды дүниесін ұсынуға тырысады. Мүшәйра тақырыбына өлең жазу кей ақындарда сәтсіз туынды тууға себеп болып жатса, Әлімжанның жыр бәйгесіне баптаған өлең-арғымақтары мәре сызығын суыған аттай еркін алады.
Ол портрет жасауға шебер:
«Қазақ,
Қалам,
Өлең,
Жайық,
Ожау,
Мұң,
Сол апамнан көргенім.
Ұлы күнді көздеп келем қазық қып
Ұстанымым ол менің.
Сезім,
Сенім,
Ерлік,
Өрлік,
Нәзіктік,
Сол ақыннан көргенім.
...Күлсе – күндей,
Түнергенде – түнектей,
Жанарына от сыңар.
Махамбеттен кейін келген жүрек қой,
Ондай өрлік жоқ шығар.
Төлегенге жолықпаған Жібектей,
Махаббатын топшылар.
Мұқағали сырын айтқан жүрек қой,
Ондай сенім жоқ шығар.
Ойлы жанға оратылған аз ба сын?
Тазалығы бұлтқа тән.
Арулардың,
Аналардың көз жасын
Жүрегімен сүртті апам» деп ақын Фариза Оңғарсынова бейнесін көркем кестелеген.
Фотода Әлімжан Әлішер
Талай ақынның жырына арқау болған Лаура ару Әлімжан Әлішердің де кейіпкеріне айналған. Әлеуметтік желіні пайдаланушы жастардың, әсіресе Лаура есімді бойжеткендердің жатқа оқыр жырына айналған бұл өлеңге кейіпкері жауап та жазған. «Амалсыздан қала берді шырылдап, Жүрек дейтін қоңырау» дейтін ақын махаббаты кейде шалықтап кетеді. «Мұң болып төгілемін бе? Жас боп ағам ба? Мен үшін Касспиден де қымбат Ол, Астанадан да!» деп басталатын өлеңіңде ақын:
«Білмеймін,
Мәжнүндей жындана ма, сағына ма?
Сіз қалай десеңіз де,
Бар әлем сүю керек соны ғана.
Амалын тапсын, оны көрмеген көздер жыласын,
Оны ойламаған кемелер батсын,
Ұшақтар құласын,
Ол шақырса бармаған аяқтар баспай қалсын.
Оны сүймеген жүректер тасқа айналсын»,-деп, кемерден таса, әдеттен аса екпіндетеді. Мүшайрада бас жүлде алған өлеңіндегі:
Өз-өзімнен алыстап, өз-өзіме оралдым,
Өз-өзімді таптым да, өз-өзімнен жоғалдым.
Басы болды сөзімнің, көші болды бағымның.
Жасы болды көзімнің, досы болды жанымның.
Басымды иіп тағы бір ұлылықтан жеңілдім,
Қалып қойған ақын ол жүрегінде өмірдің,
-деген жолдар Жұмекен бейнесін ғана емес, ақынның да ой-өрісі мен бітім болмысын көрсетіп тұрғандай.
Десек те, ақын ескерер бір жайт бар. Ол – тыныс белгіні дұрыс қоя білу. Бір үтір, кейде бір нүктенің адам тағдырын шешуге пәрмені жетерін еске түсірсек, өлеңдегі тыныс белгіге мұқият болған абзал. Екіншіден, өлеңім-өмірбаяным дегендей, жас ақынға өз өміріне қатысты пікірге абайлашы дегіміз келеді. «Кететін болсам баспаға енбеген өлеңдер», «Жазып бітпедім өмірімді әлі» деуге тым ерте ақынға. «Бір-бірінен алыстайды ғашықтар, Бір-бірінің жүрегіне мініп ап» деп жүректі жүрекке мінгестіріп қойғанын да құптай алмадық.
Жас ақындар поэзиясына 2015 жылы әдемі леп, нәзіктік пен әсемдік, тазалық пен іңкәрлік ала келген есім – Арайлым Мұраталиева. Тағдыр тауқыметімен ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген,өзге балалардан өмірі өзгешелеу өрілген Арайлым – бүгінде студент. «Жас жанымды түсіретін әлекке Жанарлардың жаңбырынан сескенгем» дейтін ақын өлеңге асқан сезімталдықпен қарайды. «Сыйдырмап еді көңілдер, Сыйып кеттім дәптерге» деген екі жолдан өмірге деген назын аңғардық. «Есігінен жүректің, Сезімім тұр сығалап» дейтін ақын «Жылар дейсің кім мәңгі, күлуім де мүмкін ғой» деп келер күнге үлкен үміт артады. Томаға тұйық күн кешуді дұрыс көретін Арайлымда мейірімге, жылылыққа толы үлкен жүрек бар. Ол жылылықтың қуаттылығы «Мұзды ерітіп жіберді, Жанарымнан шық құлап» дегеннен байқалады.
«Келеді кеткім», «Қоңырауыңды күткен ем» өлеңдеріндегі кей шумақтардың артық, ой қайталанулары кездесетіндігіне, кей өлеңдерінде өлең құрылымына, техникасына көңіл бөлмей мазмұн қуалап кететіндігіне қарамастан Арайлым – бірсарындылықтан ада. Иә, ақында жастыққа тән сағыну мен мұңаю, торығу бар. Ол табиғилық. Айды өзіне дос еткен Арайлымда ерекше ырғақ бар. Қазіргі қоғамның кейпін қаламына көшіруге тырысқан қаршадай қыздан күтерім көп!
Аталған ақындардың ішінде өмір көрген, көңілі көркем бір ақын бар. Қосу мен теңнен құралған «оқылмайтын» «Өмір – Өлең» арқылы өзгеше өрнек салуға ұмтылған, күні кеше облыстың үздік ақыны атанған Дәурен Айманбетов өмірге я өлеңге өкпелі. Жиі-жиі ғашық болатын ақынның «Айкезбелігі» ұстап, өлең жаза алмай жүр ме екен?!
Лирикалық өлеңдері арқылы Тағайбек Тұрысқұлов композиторлармен шығармашылықта жұмыс жасап жүрген ақын не жазса да шынайылық танытады. «Рахмет, кардиолог» деп Мұқағалиша дәрігерге сыр ақтарған ақын келешекте өлеңнің шұбалаңқылығынан арылып, ойын қысқа өлеңге сиғызып үйренсе деген тілек бар.Бірнеше жылдан бері жас ақындар мүшайрасын үзбей ұйымдастырып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты(ректоры п.ғ.д., профессор Оңалбай Аяшев) жас таланттардың танылуына себепкер болып жүр. Өңірдегі білімнің қарашаңырағы танытқан есімнің бірі – Сарманова Лаура.
«Кактус, сен түсінесің бе?
Жанымды бәрі ұқпаса Күндей,
Қымбат шығармын кім білген.
Өзімді саған ұқсатамын ғой,
Тұйық болсам да гүлмін мен!» деп өзін кактусқа теңеген ақын қызға көп ізденіс, шығармашылық шабыт, өмірді көркем өрнектеуде табыс тілейміз.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған өткен жылғы «Сен жанбасаң лапылдап...» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасының жеңімпазы Мұқағали Кенжетайұлын жаңа жырлармен күтеміз. Әнге сөз жазу оңай дүние емес, әрине. Десек те өлең есігінен аттаған соң киелі табалдырықта тұрмағаны жөн ғой деп ойлаймыз. Мүшайра танытқан есімнің бірі, «Адамдар аман жүрсін деп» атты алғашқы жинағын шығарған Қалдыгүл Әлімбаева қайда жүр?
Өлеңді тамсанып оқу аз, оның көркемдік эстетикалық ләззатын сезіну – бөлек дүние. Жас ақындар поэзиясын оқып қана қоймай, алдыңғы буын ағалар мен апалар, замандастар ойлы пікірін білдіріп тұрса дейміз. Орынды сыннан ақынның өсері анық.
Қарлығаш Сапарбаева,
Филология ғылымының кандидаты,
Мұрағаттан, 2016 ж