Шымкент қаласында этномәдени бірлестіктер «Қазақ дастарқаны» фестиваліне қатысты

Oinet.kz 15-10-2023 201

Шымкент қаласында сандаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті тұрып жатыр. Ұлттар арасындағы бірлік пен берекеге көз тимесін. Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, қазылар алқасының мүшесі Мырзатай Омаровтың айтуынша, кеше шаһардағы этномәдени бірлестіктер қала бойынша ұйымдастырылған «Қазақ дастарқаны» фестиваліне жұмыла қатысып, өз өнерлерін көрсеткен. 

Screenshot_73.jpg

Қазақтың дастарқаны халқымыздың пейілі сияқты кең. Бұл үйіне келген қонақты құтқа балаған дархан мінезі ұсынған асынан-ақ аңғарылып тұрады. Шымкент қаласында сан этностың ынтымағын ұйыстырып, бірлігін бекемдейтін «Достық» үйінде өткен «Қазақ дастарқаны» фестивалінде этномәдени бірлестіктері қазақ халқының ас мәзірінен құралған тағамдары мен сусындарынан дастарқан жайды. 

Фестивалге қатысушы барлық этномәдени бірлестіктер қазақтың ұлттық тағамын жасауға, дастарқанды безендіруге барын салған. Қазылар алқасы тағамдарды бағамдап, ыдыстардың орналасуы, табақтың тартылуы, дастарқанның реттілігіне қарап бағалады. 

– Қаламыздағы түрлі этнос өкілдерінің қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуге бар ынтасымен кіріскені көрініп тұр. Біз ұсынылған тағамдардың көрінісіне ғана емес, дәміне, мәзірді таныстыруына да мән бердік, - дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, қазылар алқасының мүшесі Мырзатай Омаров. 

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, ІІІ орынды түрік этномәдени бірлестігі қанжығаласа, ІІ орыннан өзбек этномәдени бірлестігі көрінді. Славян этномәдени бірлестігі қазақтың құрт-майы, ірімшігі мен балқаймағы, қымыз-қымыраны секілді ағарғанын ұсынған дастарқаны жүлделі І орынды иеленді. Ал, байқаудың бас жүлдесі жүректен жасалған үлпершегін дайындаған корей этномәдени бірлестігіне берілді. 

Өз кезегінде барлық этномәдени бірлестіктері әзірлеген қазақтың ұлттық тағамдарын бағалағаннан кейін жайылған дастарқан фестивалге жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды. 

Шымкент қаласында құқық бұзушылық пен нашақорлыққа қарсы жұмыс жандана түсті
Шымкент қаласының дәрігерлері алматылық әріптестерімен бірлесе күрделі ота жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу