Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қай университеттің түлегі жоғары жалақы алады?

03.10.2018 | 13:37
Қай университеттің түлегі жоғары жалақы алады?

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін бітірген маман ең жоғары жалақы алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына жүргізілген рейтингтің екінші кезеңінің нәтижесін жария еткен оның айтуынша, рейтинг 4 критерийге сүйеніп жасалған. Олар - түлектердің жұмысқа орналасу пайызы және олардың орташа еңбекақысы, бағдарлама өзектілігі бағасы, сонымен қатар түлектерге жүргізілген сауалнама нәтижесі мен жұмысқа тұру туралы деректер. «Өздеріңізге белгілі, бірінші кезеңде 33 мамандық бойынша 784 білім беру бағдарламасына бағалау жүргізген едік. Қазір соның екіншісі жүргізілді. Бүгінгі таңда 31 мамандық бойынша 681 бағдарламаны бағалап шықтық. Екі кезең  ішінде ЖОО-ны бітірген 6 мыңға жуық азаматтан сауалнама алдық», - деді Талғат Ешенқұлов. Оның дерегінше, университетті аяқтаған жылы жұмысқа орналасудың ең жоғары деңгейін «Металлургия» мамандығы көрсеткен. Олардың қатарында Рудный индустриялық институты мен О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлектері бар. Жұмысқа орналасудың 58%-ын «Су ресурстары мен суды пайдалану» мамандығының түлектері көрсетіп отыр. «Рейтингтің екінші кезеңінде салалық сарапшыларды қатыстыра отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнындағы алшақтықты бағалау және талдау жұмыстары жүргізілді», - деді ол. Комитет басшысының пайымынша, ЖОО-лардың негізгі қателігі - оқу бағдарламасында теорияға басымдық беріледі. Осы ретте түлектің дайындық деңгейіне тікелей байланысты еңбекақы критерийі маңызды. Оқытушылық-профессорлық құрамы мықты және сауатты бағдарламасы бар жоғары оқу орнын бітірген түлектер анағұрлым бәсеке қабілетті екенін талдау көрсеткен. Жоғары еңбекақы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша тіркелген. Ал Қазақ технология және бизнес университетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы» мамандығы ең төмен бағаланады екен. 2018 жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 29 мамандық бойынша рейтинг дайындауды жоспарлап отыр.

depositphotos

 



 
Көрілді: 2805
Жаңартылған: 03.10.2018 | 15:09
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика