Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жаңалықтарға шолу

Фарзиза Оңғарсынова рухына жабық мүшәйра жарияланды

35-тен аспаған ақындардың назарына!

16.09.2014 | 10:55
Фарзиза Оңғарсынова рухына жабық мүшәйра жарияланды

"Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлтымыздың ұлы ақыны Фариза ОҢҒАРСЫНОВАның рухына арналған республика жас ақындарының «Жыр – менің жалғыз тарланым, аялап өтер ардағым" атты жабық мүшәйра өтеді

 Асқақ рух пен терең сезімге тұнып тұрған нәзік те намысты жырлар туындатқан поэзиядағы өр мінезді өрен жүйрік, қазақ халқының аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы аса шынайылығымен, асқан көркемдігімен оқырмандарының жүрегіне берік орнықты. Ол өлмес, өшпес мұра қалдырды. Аяулы ақынның ақырғы арманы артынан ерген жауҺазын жыр иелерінің өсіп-өнгенін көріп сүйсіну еді. Көзінің тірісінде бірнеше мәрте республика жас ақындарының бәйгесін ұйымдастырды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде талай таланттың бағын ашты. Бірегей тұлға, біртуар дарын иесі ел мен жердің, ертеңге ұмтылған ер азаматтардың, көксеңгірлерді көздеген кеңпейіл халқының келешегі-жастар поэзиясы арқылы жарқырап көрінетіндігіне көзсіз сенетін. Міне, осыған орай Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы және Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалы асқақ ақынның жаңашыл көзқарасын, жалынды өмірін, дауылпаз мінезін, туған елге деген перзенттік махаббатын өлеңмен өрнектеп, өршіл ақынның рухын жаңғырта түсу мақсатында және туғанына 75 жыл толуына арналған республика жас ақындары арасында «Жыр – менің жалғыз тарланым, аялап өтер ардағым» атты жабық мүшәйра жариялайды.

Жабық мүшәйраның негізгі талаптары

Республика жас ақындарының жабық мүшәйрасы Ф.Оңғарсынованың туған күні – 25-желтоқсанға орайластырылады. Мүшәйраға жасы 35-тен аспаған ақындар қатыса алады. Мүшәйраға жіберілетін шығармалар 1-қарашаға дейін қабылданады.

Мүшәйра үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге ақындар патриоттық тақырыптағы кез-келген өлеңін немесе поэмасын жолдай алады. Бірақ бұл шығармалар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы керек. Өлеңдердің көлемі 10-12 шумақтан, поэмалар 50 шумақтан аспауы талап етіледі.

Екінші бөлім - Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын, өмірін, қоғамдағы орнын, елдікті, ерлікті, әділеттілікті аңсаған ақынның арманын айғақтайтын жырларға арналады. Бұл өлеңдердің де көлемі 10-12 шумақты қамтуы қажет.

Шығармалар жасырын атпен және бөлек конвертке шынайы аты-жөні жазылып жіберіледі. Конверт тек комиссия мүшелері толық жиналғанда ғана ашылады.

Ұйымдастыру комитеті жабық мүшәйрада алғашқы екі бөлімнен жеңімпаз атанғандарды Атырау қаласына арнайы шақырады.

Үшінші бөлім жабық мүшәйраның алғашқы екі бөлімінде жеңімпаз атанған осы ақындардың сахнада берілген тақырыпқа қолма-қол өлең шығара алатын қабілетін бағалауға арналады.

Республиканың белгілі ақындары қазылық ететін жабық мүшәйра аталған үш бөлім бойынша негізгі жеңімпаздарды анықтайды. Қазылар алқасы жүлделерді бөліп бере алады.

Жеңімпаздарды марапаттау

Бас жүлде - біреу;

Бірінші орын - біреу;

Екінші орын - екеу;

Үшінші орын - үшеу;

Арнайы сыйлықтар мен ынталандыру марапаттары қарастырылған.

Жабық мүшәйраға қатысушылар ұйымдастыру комиссиясына өздерінің төлқұжаттарын, өмірбаянын және 6х9 фотосуреттерін ала келеді. Жол ақысын (теміржол), қонақүй, ас-ауқат мәселелерін ұйымдастырушылар жағы көтереді.

Шығармалар мына мекен-жайда қабылданады:

Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 11 (шарбақ ішінде),

Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалы.

Байланыс телефондары: факс: 8(7122) 32-78-03, тел: 8(7122) 75-57-48, 8701 736 64 73, e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

 

Көрілді: 1796
Жаңартылған: 16.09.2014 | 11:07
Категориялар: Жаңалықтарға шолу, Мәдениет