Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Оңтүстік" АИО-ның жетістіктері айтылды

13.09.2017 | 13:47

       Астана қаласы әкімдігі мен "G-Global» заңды тұлғалар бірлестігі  халықаралық хатшылығының  ұйымдастыруымен  "Назарбаев» университеттетінде халықаралық форум өтті.  Жиынға 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Р.Жошыбаев, «ОҢТҮСТІК» АИО төрағасы Қ.Байтөре, сонымен қатар халықаралық сарапшылар, министрліктердің жəне бизнес құрылымдардың өкілдері қатысты. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

      Іс-шара барысында Қытай, Корея, Эстония жəне Ресейден келген қонақтармен қоса 150-ден астам қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, медицина, қайырымдылық, жасыл экономика жəне энергетика, қаржылай серіктестік жəне өзара екі жақты қарым-қатынасты нығайту секілді бірқатар мəселелерді талқыға салды.

      Өз кезегінде сөз алған «ОҢТҮСТІК» АИО төрағасы Қ.Байтөре компанияның атқаратын қызметі мен осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері туралы айта отырып, бүгінде жас мамандарды қолдау жəне оларға 5 млн.теңгеге дейін кепілсіз несие беру бойынша жаңа бағдарлама əзірленіп жатқандығын жеткізді. «Бұл бағдарламаның мақсаты - жас кəсіпкерлерлерді қолдау болып табылады. Сонымен қатар, кооперация бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын ескере отырып, АИО кооперативтерді кепілсіз жəне аванстық төлемсіз қаржыландыру бағдарламасын енгізді, - деді Қ.Байтөре.

     Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының əкімі Ж.Түймебаевтың Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиялық жоспарындағы тапсырмасы аясында, ел экономикасына тартылатын жеке жəне шет ел инвестицияларының үлесін көбейту мақсатында 2020 жылға дейін сыртқы  инвестициялардың үлесін 14,5 пайыздан 25 пайызға ұлғайту қажет деген пікірін алға тартты. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының  инвестициялық тартымдылығы жоғары жəне сəтті бизнес құруға ең қолайлы өңір екендігін тілге тиек етті.

 
Көрілді: 158
Жаңартылған: 13.09.2017 | 13:50
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар