Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Алтын белгі" иелері жерде қала ма?

Оқу гранттарын бөлгенде «Алтын белгі» иегерлеріне қандай басымдық беріледі?

13.03.2018 | 19:03

Оқу грантын алуда «Алтын белгі» иегері тек бір ғана басымдыққа ие болады. Бұл туралы Мәжілісте тілшілерге ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінгі заң жобасында қарастырылған мәселе «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты. Өздеріңіз білесіздер, бұл мәселе көптен бері талқыланды. Өткен жылдарда «Алтын белгі» иегерлері грантты алғанда, оның толық басымдылыққа ие еді. Алған ұпайына қарамастан, оларда гранттың иегері атануға мүмкіндіктері болды. Өткен жылы ҰБТ-ның жаңа форматын енгіздік. Осыған сәйкес, аттестатты алу мектеп қабырғасында өтеді, сонымен қатар «Алтын белгіні» де мектеп өзі береді. Яғни, бұл шаралар мектепте тапсырылған емтиханға байланысты. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу бүгінде жаңа функцияға ие. ҰБТ тек қана жоғары оқу орнына түсу үшін жүзеге асырылады. Түлек ЖОО-ға ҰБТ-ны тапсырғанда оның «Алтын белгісі» қолында болады. Енді биылғы ұсыныс аясында «Алтын белгі» иегерлері балл ұпайлары тең болған жағдайда ғана басымдық беріледі», - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов. Осы орайда екі түлек бір мамандыққа бірдей ұпаймен барса, ол кезде грант бойынша басымдық «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Айта кетейік, Мәжілісте өткен жұмыс тобының отырысында осы бағыттағы ұсынысқа депутаттар қолдау жасады. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұған дейін бұл ұсыныс мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан пысықталды.

0203



 
Көрілді: 1207
Жаңартылған: 13.03.2018 | 19:12
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар