Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Отырар ауданының Шымкенттегі күнінде екі анимациялық фильм жəне бір əннің тұсауы кесілді

14.08.2017 | 15:25
 Отырар ауданының  Шымкенттегі күнінде екі анимациялық фильм жəне бір əннің тұсауы кесілді

       Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы жəне "Түркістан -Түркі əлемінің мəдени астанасы" жылына орай ұлтымыздың ұлттық, мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған "Туған жер-алтын бесігім"облыстық фестиваліне ерекше дайындықпен келген киелі Отырар ауданы  «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі, «Түркістан– Түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік»,  «Ұлылар елі – Отырар» тақырыптарын қамтыды. 
    Фестиваль аясында Отырар ауданының мәдени күндері Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда баспасөз отырысымен бастау алды. Аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет журналистер мен әлеуметтік желі белсенділеріне ауданның мəдени дамуы және іс-шара бағдарламасы жөнінде мəлімдеп, сауалдарға жауап берді. 
     Отырар ауданы өнерпаздарының мəдени күндері  №5 облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Қам көңіл жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шарапатты шарада аудан əкімі Ерлан Айтаханов мекеме мен қарияларға арнайы сый-сияпаттар ұсынды. 
     Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Халықтық театры ұсынуымен мейірімсіздік пен қатыгездік, ата-ана қадірін ұғынбау жəне алтын босаға киесі сынды қоғамдағы кереғар қылықтардың тəрбиеге шақырар мəнін көрсеткен Т.Нұрмағанбетовтің «Ақ босағаң – арың» спектаклі шымкенттік көрерменге жол тартып, өз əсерін қалдырды. 
     Сонымен қатар,  Отырар облыстық ғылыми - əмбебап кітапханасында  əлем ақыны атанған Отырардың отты ұлы Мұхтар Шахановпен өткен кездесу кеші мəдениет пен руханият көкжиегіне самғатқан жүздесу ретінде өз таңбасын қалдырды.  Кешті отырарлық ақын Жұмакүл Нәлібаева жүргізді.  
       Кешкілік бағдарламада отырарлықтар түрлі форматтағы шаралар өткізіп "1 қауын, 1 қарбыз" акциясымен ауыл шаруашылық өнімдерінің жəрмеңкесі жəне ұлттық қолөнер, сурет көрмесі мен спорттық ойындар ұйымдастырды. Қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалды.
        «Шәмші әлемі» гүлзарында өткен мәдени күннің қорытынды гала-концертінде Отырар ауданы әкімдігінің арнайы тапсырысымен дайындалған режиссер Батырхан Дәуренбековтің «Көне құмыраның сыры», «Отырар дастаны» анимациялық фильмдерінің тұсауы кесілді.
Үш блоктан тұратын кешкілік бағдарламада танымал әндерден құралған топтама әндер, жеке орындаушылар мен дуэт, триодан құралған өнерпаздар  өнер көрсетіп, күй сайысы, жетіген аспабында орындалған əсем әндер әсері де көптің көңілінен шықты. 
         Ауданға қарасты 13 ауылдық округ түгелдей атсалысқан шарада 350-ден аса өнер иелері өңірдің мəдени келбетін айшықтаса, 100 адамнан тұратын хор мен облыстағы барлық аудан, қаланың таңбаларын бейнелеген көріністер кештің шырайын ашты. Ұлылар мен дарынын киелі топырақта баптаған Отырардың Шымкенттегі бір күні халық ақыны Әселхан Қалыбекованың сөзіне жазылған Сағынтай Құттыбайдың «Киелі мекен – Оңтүстік» атты әнімен қорытындыланды.

 
Көрілді: 897
Жаңартылған: 14.08.2017 | 15:29
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет