Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Баянның "Баяны" жұртқа неге жақпай қалды?

"Қозы Көрпеш- Баян Сұлу" телехикаясы эфирден алынып тасталды

02.01.2018 | 10:29
Баянның

"Қазақстан" ұлттық арнасынан көрсетіле басталған Баян Мақсатқызының "Қозы Көрпеш- Баян Сұлу" телехикаясы көптеген қоғам белсенділерінің сұрауы бойынша эфирден алынып тасталды деп хабарлайды NUR.KZ.

Бұл туралы Жолымбек Мәкіш есімді желі қолданушысы хабарлады.

"Достар, «Қазақстан» арнасындағы Баян түсірген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» фильмі енді қайтып эфирге шықпайтын болды. Осы жаңа ғана оны маған Ерлан Қариннің өзі хабарлап айтты. Ерланға да, бәріңізге де рақмет!", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Еске салсақ, бірнеше күн бойы аталған телехикаяның сценариі мен көркемдік мазмұнына көңілі толмаған бір топ журналист пен қоғам белсенділері "Қазақстан" ұлттық телеарнасының басшысы Ерлан Қаринге ашық хат жолдап, оның эфирден алып тастауын талап еткен болатын.

"Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры да - халқымыздың інжу-маржаны, жауһар қазынасының қатарына жатады. Енді мына сериалдағы кейіпкерлердің аузына салған сөздерді естігенде еңсең түскендей. Қыз басымен әкесінің бетінен алып, төсіне шапқан тасыр мінезді Баян: «Өздері өлейін деп жүрген жалаңаяқ кедейдің қай малын алмақсың?» деп, түйеден түскендей дүңк еткізеді. Әкесінің де оңып тұрғаны шамалы. «Байға беремін, бетімен кеткен қызыңды байы жөндесін, ұрын келсін!» деп айтатын жері тағы бар.

Қыз әкесінің аузына мұндай сөз салу сценарий жазған адамның «ұрын» дәстүрін білмейтіндігінен. Ұрын баруға қыз әкесінің тікелей қатысуы ұят саналады, демек сценаристің ұлттық салт-дәстүр жайлы білімі тайыз, дүбәра деген сөз. Баянның аузына «Қодарға тимеймін, əке-шешемнің өзі тиіп алсын» деген сөз салыпты. Тапа- тал түсте ұрын келген Қодардың қыз əкесімен едіреңдеп сөйлесуін, одан қыз отауына баса көктеп кіріп келуін қай ғұрыпқа жатқызуға болады? Мынау да сол Баян жайлы сериалдан үзінді: «Бағымыз ба – сорымыз ба, әйтеуір бізді еркектер билейді. Өміріміз солардың қолында».

Ол заманның қыздарында «еркек билейді» деген түсінік болмаған. Ол дәуірдің әйелдері еркекті пір тұтқан. Бүгінгі қыздарымыздың санасына мұндай көргенсіз ұғымды сіңіріп абырой табу қиын. Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі… «Сен бақытты болуға тиістісің» дейді, Баянды шығарып салып тұрып анасы. О заман да бұ заман, қазақ анасы кетіп бара жатқан қызына бұлай сөйлемеген, «Бір Аллаға тапсырдым», «Жаратқан Ием жар болсын», «Барған жеріңде бағың ашылсын» деген. Ал мынау барған жерін бақытты ететін емес, барған жеріне бақыт іздеп баратын, тәрбиесі кеміс ананың айтатын сөзі", - деп сынға алды журналист Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, аз уақыттың ішінде бұл ашық хатқа 151 адам қол қойған.

 
Көрілді: 1545
Жаңартылған: 01.01.2018 | 17:40
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет