Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Үш студентке Қожакеев атындағы стипендия берілді

18.09.2018 | 11:05
Үш студентке Қожакеев атындағы стипендия берілді

Өте әдемі әсер, керемет көңіл күй сыйлаған өткен аптада Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің сырттай бөлімін 1998 жылы бітірген түлектер 20 жылдықтың құрметіне мәре-сәре, мәз-мейрам болып бас қостық. Алдымен қанатымызды қатайтып, томағамызды сыпырған Білім ордасы—қарашаңырақ ҚазГУ-ге барып Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияда студенттермен, ұстаздармен ашық-жарқын сырласу бір жарым сағаттан аса бастаған соң аттың басын жіп керіп әрең тоқтаттық.

008

Курстастар кездесуі дәл Қожакеев атындағы аудиторияда ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес. «Адамның да адамы бар азаматы бір бөлек, жылқының да жылқысы бар қазанаты бір бөлек» дейтін халық даналығына жүгінсек те, «Тоғыз ұлым бір төбе Ер Төстігім бір төбе» деген әйгілі ертегіні еске түсірсек те, қалай десек те Қожакеевтің ҚазГУ-дің тарихында аты алтын әріппен жазылып әсіресе журналистика факультеті мен шәкірттері, түлектері үшін алар орны, абырой-беделі, сый-құрметі мен болмыс-бітімінің жөні бөлек, жосығы ерек екені талас тудырмайды. Атақты академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес серігін Мықшегеге теңеген екен, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қайталанбас Нартұлға санайды, кешегі шәкірті, бүгінгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Дарабоз декан дейді, тағысын тағылар...Курстастар кездесу жайлы кеңес құрғанымызда осы жағын да ойласа келе қарашаңыраққа құралақан бармай шәкірттері-түлектер атынан ғажап Ғалым, біртуар Қайраткер, ұлағатты Ұстаз, Қазақ сатирасының Сардары Темірбек Қожакеев атындағы стипендия тағайындап үздік үш студентке ұсынуды бірауыздан ұйғардық. Болашақта ақпарат айдынында желкен керуге белдерін бекем буған 1 курс студенттері Аружан Жаңабаева мен Нұртілеу Мәлікұлының, 3 курс студенті Ақдана Иманқұлованың қолына бір реттік стипендиямен бірге Қожакеев туралы тамаша шығарылған жинақты қоса ұстаттық. Олардың стипендия иегері атына лайық болуларын, өзі өлгенмен өшпес ізі қалған Дарабозды жан-жақты дәріптеп, насихаттап жүрулерін өтіндік, үлкен үміт арттық. Үміт ақталар деген ойдамыз. Біздің курстың ғана емес, қазіргі қазақ журналистикасының марғасқасы, мақтанышы болып тұрған десек асыра айтқандық болмас, Бейсекең-Бейсен Құранбек Темірбек Қожакеевтің, Темкеңнің қатал талабының арқасында қалай сабаққа дайындалғанын, «қойған 3-і 5-ке татитын» қызығын баяндап берді. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп босқа айтады дейсіз бе? 

ҚазГУ-де журналист мамандығын сүюді ғана үйренумен шектелмей қызды сүюді де үйренгенімізді жасырмай ортаға салып 20 жыл бұрынғы, 20-ға да толмаған сол тұста оянған от сезімімізге қайтадан ептеп шоқ тастап та қойдық. Әрине әркімнің өз Ханшайымы бар...Жарасымды әзіл-қалжыңмен жалғасқан басқосуда студент шақтағы тәтті естеліктерді ойға оралтып осы күнге жете алмай Алланың пәрменімен, тағдырдың жазуымен ғұмыр кесесі тым ертерек толған курстастар жайлы тілге тиек еткенде бір сәттік мұңға да бөлендік. 

Жақында ғана асқаралы 60 жасқа толған ұлтжанды азамат, журфактің қазіргі деканы Сағатбек Медеубекұлы мен сол жылдары кафедра меңгерушісі болған жақсы ағайымыз, жақсы ақын Бауыржан Жақыпты арнайы шақыртып иықтарына шапан жаптық. Аудиторияларды аралап көріп факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Әсіресе Сағатхан Әшімбаев атындағы сыныптың өзгеше өрнекпен жабдықталғанына риза болып Сағатбек Медеубекұлының басшылық қарым-қабілетіне, іскерлігіне сүйсіндік. 

Махаббат ерекше тер төгіп Түймегүл, Жайна, Алма қоштап, қалғандары да хал-қадірінше атсалысқан ғаламат кездесуге ақпарат қазанының қашанда бұрқ-сарқ қайнауы басылмайтын Шымкент өңіріндегі журналистердің көшін бастап жүрген Айгүл Қапбарова айрықша дайындалып, 20 жылдыққа жиналған 20-дан аса курстастың әрбіріне лайықты номинациямен диплом жасап апарып жеке-жеке сыйлық ұсынуы кешкілік банкетіміздегі той-думанымыздың тіптен ажарын ашты, күміс көмей, жез таңдай танымал өнерпаздар әннен шашу шашты, курстастар мың бұралып әр алуан биге басты...осының бәріне, бәріне көңіл тасты. Әйтеуір бір-бірімізді ұшып-қонып сыйлай, бір-бірімізді өліп-өшіп қимай аман-есен жиірек жүздесіп тұруды Алладан сұранып таңға таяу әрең тарқастық. 

Аман болыңдаршы курстастарым менің!!!

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

704

 
Көрілді: 1768
Жаңартылған: 18.09.2018 | 11:11
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір