Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Журналистика: бүгін, ертең

29.06.2017 | 11:20

     

1. Қазақ журналистикасының көкейкесті проблемасы не?

2. Журналистикаға қандай жаңалық әкелгіңіз келеді?

3. Мерекеде айтар тілегіңіз?

00004Асхат САДЫРБАЙ, журналист:

Екінің бірі тележүргізуші, екінің бірі редактор 

1. –Қазақ журналистикасында проблема көп, қайсы бірін айтайын. Сыртымыз жылтырап бүтін болып тұрғанымен ішіміз түтін. Бұрын журналистиканың баспалдағы болатын. Бұл мамандықты таңдаған адамға  алдымен аудандық, облыстық, одан соң республикалық басылымға мақала шығару үлкен арман, жетістік еді. Талап та күшті болатын. Екінің бірі тележүргізуші, екінің бірі редактор емес еді. Қазір бәрі керісінше. Бұрын сапаға көңіл бөлетін, қазір санға. Барлығы арзандап кетті, журналистің өзі де, сөзі де арзан...

2. –Журналистикаға әкелгім келетін жаңалық көп. Егер қолыма бір телеарнаны басқару немесе жетекшілік қызмет бұйырса, бәрін сөзбен емес іспен көрсетер едім. Қазір оның бел ортасында жүрмегендіктен тасадан тас атқандай ақылгөйсігім келмейді.

3. –Журналистердің мәртебесі жоғарыласа екен, мәртебелерімен қоса жалақылары да жоғарыласа жақсы болар еді. Журналистикаға жоғары деңгейде көңіл бөлінсе деп тілеймін.

0003Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті саясат бөлімінің меңгерушісі:

               Журналистика бизнес ретінде дамуы керек

1. –Біріншіден, қазақ журналистикасының негізгі проблемасы «кадр» дайындау мәселесі өзекті болып тұр. Қазір елімізде журналистерді даярлайтын жиырмадан астам жоғары оқу орны бар. Дегенмен олардың сапасына көңіл бөліп қарайтын болсақ, көптеген кемшіліктерді байқаймыз. Материалдық техникалық базасы нашар, студиясы қажетті құралдармен жабдықталмаған. Саны бар сапасы жоқ оқу орындарын азайту керек. Екіншіден, отандық БАҚ-та менеджмент пен маркетинг дамымаған. Жалпы бизнес ретінде қазақ журналистикасы жолға қойылмаған. Осы екі мәселе қолға алынса, қазақ журналистикасы үздіксіз дамып отыратын еді.

2. – Меніңше отандық журналистикада салалық БАҚ өкілдерін даярлау қажет. Мәселен экономика, ауыл шаруашылығы, мәдениет, қоғамдағы кез-келген салаларға маманданған журналистерді дайындау. Салалық журналистика дамитын болса, журналист таңдаған саласының нағыз маманы болып шығады. Бүге-шүгесіне дейін ашып көрсететін, проблемаларын талдай алатын журналистер болып қалыптасатын еді. Әр салаға маманданған интернет сайттарды ашу керек. Бұл қазақ тілді ресурстардың көбеюіне алып келеді.

3. –Мерекеде әріптестерімізге табыс тілейміз. Ең бастысы қазақ журналистикасының ауызбіршілігі бекем болсын. Баспасөз деген үлкен күш, бірлік бар  жерде күш те болады. Барлық БАҚ өкілдері бір ауыздан, бір азаматтық позицияны ұстанатын болса кез-келген мәселе шешімін табар еді. Оған талай мысалдар бар. Сондықтан халықтың игілігі, мемлекеттің тұрақтылығы, ұлттық мүдде жолында қазақ журналистикасының бірлігі бекем болғанын тілеймін.

00001Сабит ТАСТАНБЕК, «Шымкент келбеті» газеті бас редакторының орынбасары:

Өткір мәселелер айтылмайды

1. –Меніңше , қазіргі қазақ журналистикасы көштен қалып жатқан жоқ. Әр газеттің, телеарна мен сайттың немесе радионың өз аудиториясы бар. Сала-сала бойынша тарқатсақ, өз ісін жетік меңгерген қаламгерлердің аз емес екенін байқауға болады. Көкейкесті мәселе дегенге келсек, қазақ тілді журналистер көбіне түпкі ойын іркіп, «алты қырды айналып», өзекті пікірді бүгіп қалып жатады. Өткір мәселелер тасада қалып жатады. Талқыланғанның өзінде де ол тақырып ашылмай, бір қайнауы кем боп тұрады. Еліміздегі масс медиа тым бақылаулы болғандықтан ба екен, бүгінде әлеуметтік желілер альтернативті ақпарат алу көзі болып қалды, ол жасырын емес. Бұл қауіпті, өйткені халық түрлі арандатуға оңай беріледі. Дамыған Батыс елдерінде халық масс медиаға имандай сенеді. Керекті мәліметті содан алады. «Ауруын жасырған арам өледі» дейді қазақ. БАҚ өкілдері бұл ретте жетістікпен қатар кемшілікті де көрсетіп отырғаны жөн. Бірақ ол сын шынайы жаңашырлық болуы тиіс. Сонда ғана қазақ баспасөзінің ықпалы күшейіп, оқырманы мен тындарманы көбейеді. Ақапарат құралдары обьективті ақпараттың таралуына, өзекті мәселелердің ашық талқылануына мейілінше ықпал етсе, бұл қоғамға үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

2. –Жалпы теледидар болсын, газет болсын, интернет болсын, ол – идеологиялық құрал. Журналистиканың ең негізгі функциясы да- қоғамды тәрбиелеу. Сіздің сұрағыңызға келсек, әрине толағайдай «тау көтеріп», қырып жоймаспыз. Айтпағым, әркім таңдаған саласына, өз бағытына сай адал еңбек етсе, бәріміздің де ұтарымыз көп. Белгілі публицист Нұртөре Жүсіп ағамыз айтпақшы, «қазір ит кірмейтін жерге интернет кіріп тұрған заман». Интернет журналистиканың да игілігін пайдаланатын кез келді. Байқасаңыздар, қазір қазақ тіліндегі интернет ресурстардың саны жыл сайын артып келеді. Интернет журналистиканың артықшылығы сол, ақпаратты жылдам береді. Сондықтан да, бүгінгі журналист заманға сай болуы керек.

3. –Журналистке тән ең басты қасиет-жеделділік болуі тиіс. Мен солай ойлаймын. Сосын кіммен болсын дереу, тіл табыса алатын шешендікті, ептілікті бойына жинақтаса... Мұны мереке қарсаңындағы дат аралас тілегім деп қабылдасаңыз да болады. Дегенмен, ақыл айтып, данагөй қарттың рөліне кірмей-ақ қояйын. Ең бастысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет халықтың көзі, һәм тілі» деген сөзіне жете мән берсек дегім келеді.

0002Медина РЭЙ, «Серпін» медиаорталығы төрағасының орынбасары:

Арзан пиар, жеңіл жаңалық

1. –Қазіргі журналистикада бірнеше проблема бар. Біріншіден: кадр даярлау барысында теория мен практиканы ұштастырмайды, тәлімгерге қажет деңгейде білім бермей тұрып диплом ұстатып жібереді. Екіншіден: экономика, өнер, білім  саласының өкілдері журналистің заңды орнын басып алған. Үшіншіден: отандық журналистеріміз арзан пиар, жеңіл жаңалыққа құмар. Бұл үлкен сауатсыздықты,  жауапкершіліктің төмен екенін білдіреді. Міне осы секілді өрескел қателіктерге бой алдыра беретін болсақ қазақ журналистикасы жоғарғы деңгейге көтерілмейді.

2. –АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа елдерінің ақпарат тарату деңгейіне жетсе, әр журналист бірнеше саланы тең меңгеріп, кәсібилігін күн сайын терең дамытып отыруы қажет. Егер әр журналист өз ісінің шебері болса онда отандық БАҚ шетелдік әріптестеріміздей тең дәрежеде болар еді.

3. –Журналист қашан да халық жаршысы, билік пен бұқара арасындағы көпірді жалғаушы, ұлт жанашыры, нағыз- патриот, жан-жақты білімі мен көргені мол дара тұлға.

Сауалнаманы жүргізген: Дана Сүлейменова,

«Рейтинг» газеті №25, 29 маусым 2017 жыл

 
Көрілді: 592
Жаңартылған: 29.06.2017 | 13:05
Категориялар: Өз сөзім, Басты жаңалықтар