Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бас прокурор өтірікті мойындады

16.11.2017 | 11:23
Бас прокурор өтірікті мойындады

    Қазақстанда тоқсаныншы жылдары түрмелерде 105 мың адам жазасын өтеп жатса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге азайған. Мұндай мәліметті осы аптада Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында бас прокурор Жақып Асанов мәлім етті.

11960898

         Бұл нені білдіреді? Қазақстанда қылмыстың азайғанын ба? Жақып Асановтың айтуынша, солай сияқты.

         «Осындай оң өзгерістер болып жатыр, бірақ бізде мұндай жақсы өзгерістерге сенбейтіндер аз емес. Неге сенбейміз? Бұрын тыныш болған сияқты, қазір қылмыс өршіп тұрғандай. Өйткені қазір барлығы ашық, ал бұрындары жабық болатын, яғни халық көп нәрсені білмейтін. Бүгінде бір қылмыс орын алса, интернетте тез тарап, бүкіл ел болып соны талқылаймыз. Атап айтқанда, қазіргі кезде статистика баяғыдай өтірік емес. Себебі бұрын ауыр әрі аса ауыр қылмысты жасырса, ол үшін әрі кетсе сөгіс беретін, ал бүгін ол үшін соттайды. Осы үшін талай әріптестеріміз сотталды. Сосын оған қазір бара бермейді. Сондықтан қазақстандықтардың қауіпсіздік жағынан өмірі жыл сайын жақсарып келеді. Осы орайда кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді аса ауыр қылмыстар  азайып жатыр», - деді Жақып Асанов.

     Яғни, бұрын қылмыстық статистиканың өтірік жасалып келгенін бас прокурордың өзі де мойындап отыр деген сөз. Бұған сенуге бола ма? Жақып Асанов мейілінше сендіруге тырысты.

      -90-шы жылдары қылмыс деген өршіп тұрды, сонда біз құқық қорғау органдарын күшейттік. Бұл тұрғыда Елбасы қылмыспен күресті өз қолына алды. Соның нәтижесінде жиырма жыл қатарынан, 1996 жылдан бастап адамға қарсы жасалатын аса ауыр қылмыстар жыл сайын азайып келеді», - деді Жақып Асанов.

     Алайда Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқандардың азаюы бірінші кезекте қылмыстық жазаларды ізгілендіру шараларының нәтижесі екендігі белгілі.  Қазір қит етсе баяғыдай түрмеге тоғыту жоқ. Мәселен пара алу қылмыстарына жазаны айыппұлмен тағайындау тәжірибесі кеңінен қолданысқа енді. Бірақ қоғамдағы қылмыстық ахуалдың анау айтқандай жақсарып кеткені байқалмайды.  Сол қиын деген тоқсаныншы жылдардың өзінде бюджеттің қаржысын миллиардтап жеу болып па еді? Өзінің туған перзентін өлтіру,  кәмелетке толмағандарды айуандықпен зорлау сияқты аса ауыр қылмыстар бүгінгідей жиі болып па еді? Өз-өзіне қол салудың көбейгені нені білдіреді? Мұның бәрі де қоғамдағы психологиялық ахуалдың күрделеніп келе жатқанын көрсетпей ме?

    Қылмыс та заманына қарай өзгеріп отырады екен? Құқық қорғау органдары осы өзгеріске жауап бере алады ма?

     Бір айта кетері, жоғарыда аталған заң жобасы бойынша соттың санкциясыз азаматты қамауға алу мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа азайтылып отыр. Егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда 24 сағат уақыт беріледі. Дегенмен кейбір қылмыстар бойынша сол баяғы 72 сағаттық мерзім сақталады.

    

Жәнібек Тархан

"Рейтинг" газеті, қараша, 2017 

 

 
Көрілді: 724
Жаңартылған: 16.11.2017 | 11:33
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат