Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Төлеген сенде арман жоқ"

16.11.2017 | 14:40

Орынтақ баяғы, бірақ орынбасарлардың құзіреті өзгерді

3d84c2889ccf261aec2f097b98835897 resize w 520 h

«Жалпы Оңтүстікте облыс әкімінің бір орынбасары коммуналдық саланың «отымен кіріп, күлімен шығатын», шаруаға мығым болуы тиіс. Қай уақытта да солай болып келген. Жаңа орынбасардың тәжірибесі коммуналдық салаға маңайламаған соң облыс басшысы Жансейіт Түймебаев орынбасарларына функционалдық міндеттерін қайта бөліп беруі мүмкін. Бәлкім, бір орынбасардың орны жуық арада тағы жаңарып жатса, таңқалуға болмайтын шығар».

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде біз облыс әкімінің экс-орынбасары Жақып Бөкенбаевтың орнын басқан Төлеген Сәрсембаевтың тағайындалуына бағыштаған мақаламызда осылай деп жазыпппыз. 

Қателеспеген екенбіз. Жуырда облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бес орынбасарының атқаратын міндеттеріне өзгерістер енгізіп, атқаратын шаруаларын қайта бекітіп берді. Бір орынбасардың құзыреті қысқарып, біреуінікі ұзарды. Соның ішінде Төлеген Сәрсембаевтың еншісіне облыс әкімдігіндегі ең майлы-жілікті, ең жауапты деген басқармалар тиді. «Төлеген сенде арман жоқ».

     Иә, Жансейіт Түймебаевтың орынбасары Төлеген Сәрсембаев туралы әңгіме қозғағанда әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі кейіпкердің осы бір сөзі еріксіз еске түседі екен. Республикадағы ең үлкен облыстың бүкіл қаржы мен тендер саласына бақылау жасаған азаматтар арман бар ма?   Осы фильмде Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың бір-бірімен ырылдасқан Төлеген мен Бекежанға қарата «Ұнасаң бірің оң қолым, бірің сол қолым болыңдар» деген сөзі бар емес пе еді?! Жансейіт Түймебаевтың  орынбасарларының қайсысы оң қолы, қайсысы сол қолы екендігін, осы өзгерістен байқауға болатын сияқты.  Сонымен...

     Облыс басшысының  шығарған өкімімен жаңа орынбасар Төлеген Сәрсембаевқа  облыс әкімдігіндегі экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармаларына бақылау жасау міндеті жүктелді. Бұған дейінгі еңбек жолында төрт бірдей облыстың салық департаментіне басшылық жасаған азаматтың жиған-терген тәжірибесі ескерілген шығар, бәлкім. Сәрсембаевтың құзырына сонымен бірге облыстағы тендерлерді өткізу мен ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік сатып алу басқармасы да қоса берілді. Бұлардан бөлек миллиард-миллиард теңге тендерлерді ойнатып, дау-дамайы мен у-шуы көп энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бақылау жасау да бұдан былай жаңа орынбасардың еншісіне тиді. Бұл ғана емес, құрылыстың сапасына қадағалау жасайтын облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жұмысын да енді Сәрсембаев үйлестірмек. Жаңа орынбасар бес бірдей басқарманы бес саусақтай жұмылдыра білсе қанекей!

   Бұған дейін облыстағы экономика, қаржы және тендер саласына бақылау жасау, осы саладағы жұмыстарды үйлестіру міндеті  облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыға жүктелген болатын. Жалпы еңбек жолы өте бай Дархан Сатыбалдының бұл салада тәжірибесі де, кәсіби біліктілігі де жетіп артылады. Оның уақтысында Қаржы министрлігінде, одан кейін Премьер-министр кеңсесінде әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Алайда облыс басшысы бірінші орынбасарын есеп-қисаптан толығымен босатып, оның есесін ауыл шаруашылығы мен құрылыс басқармаларымен толтырды. Десек те, Сәрсембаев Сатыбалдының арқалаған жүгін тым қаттырақ жеңілдетіп жіберген сияқты. Бірінші орынбасардың еншісінде енді жоғарыдағы  екі басқармадан бөлек  сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары бар. Аты бірінші орынбасар аталғанымен заты бөлекшелеу болып тұр.

Облыс әкімінің тағы бір орынбасары, Мырзахметов пен Атамқұловтың тұсында облыстың бас бухгалтері атанып, экономика, қаржы, бюджетке бақылау жасаған Ербол Садыр соңғы кездері әлеуметтік салаға ойысып кетті. Осы жолғы өзгерістерде Ербол Садырға бұған дейін Ұласбек Сәдібековтың қарамағында болып келген жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қосылды. Сәдібековтың саласындағы тағы бір құрылым-дене шынықтыру және спорт басқармасы Бауыржан Жамаловтың құзырына өтті. Осылайша  облыстың бас идеологы атанып жүрген азаматтың қарамағындағы басқармалардың саны жетеуден бесеуге қысқарды.   

     Орынбасарлар арасындағы алыс-бөлістен кімнің құзыры ұзарып, кімнің құрығының қысқарғанын, кімнің оң қол, кімнің сол қол екендігін енді өзіңіз бағамдай беріңіз.

     Әй...«Төлеген сенде арман жоқ, Төлеген сенде арман жоқ».

                                        

 Жәнібек Тархан 

"Рейтинг" газеті, қараша, 2017

 
Көрілді: 820
Жаңартылған: 16.11.2017 | 14:43
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат