Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Әліпбидің алдыңғы нұсқасы шикі күйінде қалай қабылданып кетті?

23.02.2018 | 14:46

 

 

Елбасы қазақ әліпбиін латын графикасына енгізу туралы Жарлығына өзгеріс енгізді. Осы өзгерістермен латын графикасындағы қазақ әліпбиінде апострофтар алынып тасталып, бірнеше әріп диграф арқылы жазылатын болды.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, латын әліпбиін техникалық тұрғыдан пайдалану жөнінде жұмыс тобы біраз проблеманың барын анықтапты. Әліпбидегі апастроф арнайы белгі ретінде қарастырылған. Ал бұл интернеттегі іздеу және қаржы қызметінде қиындықтар тудырады екен. Елбасы осы пікірді және ІТ саласы мамандарының кеңесін ескер отырып, Жарлыққа өзгеріс енгізген.

-Менің ойымша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді. Оны енгізуге аз ақша жұмсалады. Бұл Мемлекет басшысы маңызды стратегиялық шешім қабылдаған кезде қоғамның пікірін ескеретінін көрсетеді, - деді министр.

Жалпы қазақ қоғамы қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуді қызу қолдады. Мұны қазірдің өзінде көптеген көрнекі жазулардың, ақпарат құралдары атауларының латын харіпіне көшіп кеткенінен байқауға болады. Алайда мемлекет латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін әлі анықтап бере алмай отыр. Президенттің шығарған Жарлығына өзгеріс енгізудің өзі көп жайтты аңғартады емес пе? Бұл алдыңғы нұсқаның асығыс, шикі-шала күйінде қабылданып кеткенін көрсететін сияқты.

Қазірдің өзінде әліпбидің соңғы нұсқасын қолдау түріндегі пікірлер, мақалалар жаппай жарияланып жатыр. Ал бізге қазір қолпаштаудан гөрі пікірталастың көмегі көбірек қажет.

Бір тәуірі әзірге жаңа әліпби қолданысқа енген жоқ. Әйтеуір Орталық Азиядағы кейбір елдер сияқты әліпбиді қолданысқа енгізіп қойғаннан кейін өзгеріс жасап, шығынға батып, халықты шатыстырып алып жүрмесек жарар еді. Жеті рет өлшеп, бір рет кескенге не жетсін.

«Рейтинг» газеті. 

original

 
Көрілді: 1666
Жаңартылған: 23.02.2018 | 14:50
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат