Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Марғұлан Марайымша кадр іріктеу...

14.06.2018 | 14:28
Марғұлан Марайымша кадр іріктеу...

«Бір секіріп құтылды, екі секіріп құтылды, үшіншісінде тұтылды». Шырылдауық шегірткенің жанталасына қарап ілгеріде біреу осылай деген екен. Сол айтпақшы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның тәртіптік ісі осыдан бір жарым ай бұрын қаралуы тиіс еді. Алайда алғашқы отырысқа басшы бір сылтаулармен келмей қалды. Кейінгісінде  денсаулығына байланысты еңбек демалысына кетіп қалыпты. Үйтіп-бүйтіп уақыт созған М.Марайым бәрібір жауапкершіліктен жалтарып кете алмады. Кешегі күні өткен Әдеп кеңесінің үшінші отырысында басқарма басшысының мәселесі майшаммен қаралды.

 Басқарма басшысының тәртіптік  ісінің ұңғыл-шұңғылына дейін шұқылап жатпай қысқаша ғана тоқталсақ.

Былтыр сәуірде облыс әкімінің қаулысымен жоғарыда аталған басқарманың жанынан «Оңтүстік Энергосервис» деп аталатын кәсіпорын құрылған.  Аты айтып тұрғандай электр энергиясы саласында қызмет ететін, дәлірегі өңірдегі барлық коммуналдық меншіктегі электр нысандарын бір қолға топтастырып, иелік етеді деген кәсіпорынға басшы тағайындауды М.Марайым қыркүйекте қолға алыпты. Ол өзінің бұйрығымен орынбасары Әбілхан Әбдіқадыровты төраға етіп, арнайы комиссия құрады. Мүшелікте төрағамен қосқанда бес адам. Мұның ішінде басқармадағы екі бөлімнің басшысы,  тағы бір қызметкер және заңгер бар. Сол қыркүйекте жарияланған конкурсқа бір ғана үміткер-Бакен Мақұлбеков деген азамат құжат тапсырады. Қазан айында комиссия конкурсқа қатысқан жалғыз кандидатты  кәсіпорынның директоры етіп тағайындау жөнінде хаттама түзіп, оны орындау үшін басшы М.Марайымға жолдаған. Осыменен басшы тағайындау жөнінде мәселе шешілді, іс бітті.

Алайда қызықтың көкесі енді басталған. Конкурсқа жалғыз өзі құжат тапсырып, жеке дара жеңіске жеткен, дәлірегі шаппай бәйге алған Бакен Мақұлбековті жаңадан құрылған «Оңтүстік Энергосервис» кәсіпорнының директоры етіп тағайындаудың сәті түсе қоймады. Басқарма басшысы М.Марайым оны директорлық лауазымға бекіту үшін қанша шақырса да сабазыңыз шақыртуды қабыл алмай, келмей қойыпты. Сырт қарағанда кісі күлерлік тірлік. Сонда Б.Мақұлбековтың ақ тер, көк тер болып, құжат туралап, өзінің де, басқарма қызметкерлерінің де алтын уақытын ұрлап, әуреге салып,  конкурсқа қатысудағы мақсаты не болған? М.Марайымның шақыртуына құлақ аспауының астарында не гәп бар? Б.Мақұлбеков пен М.Марайымның өз арасында нендей мәселенің туындағанына толық көзіміз жетпеген соң бұл турасында әңгіме өрбітудің қажеті жоқ шығар. Дегенмен...

 Соныменен тағайындалатын басшыны шақырып-шақырып келтіре алмай әбігер болған М.Марайым қарашада комиссияға конкурсты қайта жариялау туралы тапсырма берген. Бұл жолғы іріктеу де айна-қатесіз алдыңғыдай болған. Іріктеу деген аты ғана. Шын мәнінде конкурсқа тағы да жалғыз үміткер құжат тапсырған. Комиссия жар дегендегі жалғыз үміткердің кандидатурасын  кәсіпорынның директоры етіп тағайындау туралы хаттама түзіп, оны басқарма басшысы М.Марайымға жолдайды. 20 желтоқсанда М.Марайым Жиенбек Акимовты «Оңтүстік Энергосервис» кәсіпорнының директоры лауазымына тағайындау туралы бұйрықты шығарады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          

Алайда тағы да түсініксіздік. 22 қаңтарда, яғни арада бір ай өткенде Ж.Акимов басқарма басшысы М.Марайымға өтініш жазып, кәсіпорын директоры лаузымынан денсаулығына байланысты босату жөнінде арыз береді. Оны жұмыстан босату жөнінде бұйрықты да  М.Марайым дәл сол 22 қаңтарда шығарған. Мұны неге жоруға болады? Бұл жағы  енді тек М.Марайым мен Ж.Акимовқа ғана белгілі сияқты. «Ал кәсіпорын директорының кандидатурасы облыс әкімнің осы салаға жауапты орынбасарының келісімінен тыс жасалыпты, директордың қызметінен едел-жедел босатылуының себебі сол екен» деген әңгіменің рас-өтірігі белгісіз. Қысқасы, ақпан айында үшінші конкурс жарияланады.

Осы аралықта алғашқы екі конкурсқа тексеру жүргізген еңбек инспекциясының мамандары біраз заңсыздықтарды анықтаған. Тәртіп бойынша конкурсқа бір ғана үміткер қатысқан жағдайда конкурс өтпеді деп танылып, қайта жариялануы тиіс.  Алайда жоғарыдағы екі конкурсқа да бір ғана үміткер құжат тапсырған. Комиссия осы бір ғана үміткерді кәсіпорынның директоры лаузымына тағайындауға ұсыну жөнінде шешім қабылдай салған. Бұл заң талаптарына қайшы. Мұны бір деңіз, екіншіден, конкурстық рәсімдерді жүргізуде де бірқатар заңға томпақ нәрселер бар. Ақпарат құралдарына конкурсты жариялаудың мерзімі сақталмаған, басқа да бірқатар бұрмалаушылықтарға жол берілген. Ең қызығы, комиссияның өзі талапқа сай құрылмаған. Кемінде бес адамнан құралуы тиіс. Бұдан бөлек хатшысы болуы керек. Алайда М.Марайымның бұйрығымен құрылған комиссияның құрамында бес адам болғанымен, оның біреуі  Ш.Оспанов әрі хатшы әрі комиссия мүшесінің міндетін атқарған.  Бұл да заңға қайшы келеді. Сонда білдей басқарманың басшысы М.Марайым осындай қарапайым заң талаптарын шынымен білмегені ме? Оның орынбасары-комиссия төрағасы Ә.Әбдіқадыров, комиссия мүшесі-басқарманың заңгері Ерік Әлібеков ай қарап жүр ме  десеңізші.

Кеңесте М.Марайым біраз ақталып бақты. Заңсыздық анықталған соң комиссия мүшелеріне тиісті тәртіптік жаза бергенін мәлім етті.  Конкурсқа қатысқан жалғыз жеңімпаз-үміткердің шақыртуға келмей қойғанына, ал екінші жеңімпаздың бір айдан кейін қызметінен кетіп қалғанына қатысты сауалдарға  көпшілік үшін тосындау жауап қатты. Оның айтуынша, облыста пәленбай мың шақырым электр желісі, түгенбай трансформатор бар екен. Осылардың бәрін бір қолға жинап, иелік тететін кәсіпорынға басшы болуға ешкім бармайтын көрінеді. Тіпті басқарма басшысы жоғарыдағы екі кандидатты жалынып жүріп, мұрнынан сүйрегендей етіп конкурсқа әкеліп қатыстырған да өздері екен айтып, ағынан жарылды. Директорлардың қолды бір сілтеп кетіп қалғаны да сонымен байланысты көрінеді.  Не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік. Оңтүстікте 3 миллион халықтың ішінен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жібі түзу энергетик маман табылмай жатыр дегенге сенуге бола ма? Табылмай жатса, ол кімнің кінәсі? Қайта керісінше, кандидаттар басшысының тілін таба алмай жүрмесе деңіз? Әйтсе де ағынан жарылған М.Марайымның сөздеріне комиссия мүшелері әжептәуір елжіреп, жобада көрсетілген «қатаң сөгіс» түріндегі жазаны «ескертуге» төмендетіп берді. Айта кетейік, М.Марайым биылдың наурыз айында  облыс басшылығы тарапынан сөгіс алған екен.

Естеріңізде болса, былтыр Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында лентасы қиылған болат құю зауытына инфрақұрылымның уақтында тартылмауы ақпарат құралдарында әжептәуір шуға ұласқан еді. Инфрақұрылым  тартуда жауапсыздық танытқан М.Марайымды облыс басшыларының басынан сипамағаны белгілі. Былтыр желтоқсанда  тікелей телекөпір барысында Шымкентте ашылған логистика орталығында әлі күнге газ берілмегенін, соның салдарынан кәсіпкердің сұйық отын жағып, шығынға батқанын біз «Рейтинг» газетіне сәуір айында жазған болатынбыз. Газдың берілмеуіне де М.Марайым жетекшілік ететін басқарма жауапты еді. Ендігісі мынау...

Жалпы, облыста энергетика саласының бетімен кеткені жасырын емес. Осы салада заңсыздық та, жөнсіздік те,  жең ұшынан жалғасқан сыбайластық көп. Шымкентте 2 046 трансформатор бар. Оның 500-і жекенікі, тағы 500-і коммуналдық меншікте (бұл М.Марайымның биыл брифингте айтқан өз мәліметі). Жекеменшік трансформаторға тәуелді тұрғындар жарыққа ақыны екі есеге дейін қымбат төлейді. Бұл мәселе айтыла-айтыла әбден жауыр болғалы қашан. Осы мәселені шешіп, жекеменшік трансформаторларға иелік ететін бір кәсіпорын құруды облыс әкімі басқармаға әлдеқашан тапсырған. Сәуірде кәсіпорынды құру туралы облыс әкімінің қаулысы шығады. Ал М.Марайым кәсіпорынның директорын тағайындауға қыркүйекте кіріседі. Мұның өзі биылдың ақпан наурызына дейін созылады. Ендігісі, мынау, сөгіс арқалап, ескерту естіп...

Сонда М.Марайымның, сол басқаратын саланың бітпейтін кемшіліктеріне, заңсыздықтарына қашанға дейін кешіріммен қарай беруге болады? Қара халық сапасыз жарықтың тақсіретін қашанға дейін шегеді?

 

Бақытжан Әбдірашұлы

070707

 
Көрілді: 980
Жаңартылған: 14.06.2018 | 14:38
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат