Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Төле би ауданына жаңа әкім тағайындалды

03.07.2018 | 14:14
Төле би ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін Түркістан облысының Төле би ауданына жаңадан әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл қызметке Бауыржан Омарбековты тағайындады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламалардың сапалы түрде жүзеге асыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың оның ішінде жастардың жұмысқа орналасуын басты назарда ұстау қажеттілігін айтты. Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Бұхарбай Пармановқа алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

«Ауданда тұрғын үймен қамту, ауыл шаруашылығын және туризмді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Енді жаңа әкім осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, сапалы түрде атқару қажет. Сонымен қоса барлық саланы цифрландыру жүйесіне көшіруді басты назарға алған жөн. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жыл¬дан-жылға жақсартып келеді. Бұл жұмысты үйлестіруде жаңа тағайындалған әкімнің тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, тұрғындарды ауыз су және көгілдір отынмен қамту және еңбек ресурстарын реттеп, халықты жұмыспен қамту жұмыстарын күшейтуді тапсырамын»,-деді әкім.

Б.Омарбеков 1983 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы  бойынша экономист. Еңбек жолын 2005 жылы «Қазкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалы бөлшек бизнесін дамыту секторының клиенттермен жұмыс жүргізу менеджері болып бастаған. 2006-2015 жылдары аралығында «Қазкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалы № 814 операциялық бөлімінің тұтыну несиелерін сату бөлімінің менеджері, «Банк Туран Алем» АҚ ОҚФ несие желісі секторының меңгерушісі, «Альянс Банк» АҚ директорының бөлшек бизнесі бойынша орынбасары, «Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарған.

Ал 2015-2016 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік,  индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2016 жылдың шілде айынан бастап Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етіп келген.

014-012-350x216

 
Көрілді: 2023
Жаңартылған: 03.07.2018 | 14:21
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат