Молаға үйір болған жазушы

Screenshot_18.jpg            

Ағылшынның атақты классигі Чарльз Диккенc бүгінде әлем халқы сүйіп оқитын жазушылардың бірі саналады. Өз дәуірінде оның шығармаларын біреу түсінсе, біреу ұғына алған  жоқ. Талай шедервлерді туғызған Чарльздің ғұмыры біз білмейтін құпия мен сырларға толы. Оның біртүрлі қылықтарын замандастары  жақтыра  бермеген екен.

              Ол балалық шақтың бал қызығынан гөрі, өмірдің ащы дәмін көбірек тартты. 1824 жылы әкесі қарызға белшесінен батып,  абақтыға түсті. 12 жасар Чарльз  мектепті тастап, фабрикаға жұмысқа шығуға мәжбүр болады.  Бірнеше жылдар бойы газет репортеры болып жұмыс істеген соң, Диккенс өзінің «Пиквик клубының жазбалары» атты сериялы туындыларын жариялай бастады. Бірнеше айдан соң ағылшынның ең атақты жазушысына айналды. Алғашқы туындыларында Диккенс өзіне Боз деген   бүркеншік атты жамылды.  «Манфли мэгэзин» атты Лондон журналдарында алғашқы әңгімелері «Боздың очерктері» деген циклмен жарияланып  тұрған. Ұлыбританияда 19-шы ғасырды Диккенстен шебер және айқын суреттеп берген ешкім болған жоқ. Ол әсіресе Викториан дәуіріндегі әлеуметтік өмір, оның ішінде кедей адамдардың өмірін бейнелеген бірнеше роман, әңгіме және мақалалардың авторы ретінде танымал. Дарынды қаламгер адам жанын терең түсініп, өз заманының кемшіліктерін дөп басып суреттей білген.  

         Чарьлз Диккенс өмірде өте қызық адам болған. Біріншіден, ол тазалыққа өте қатты мән берген және ырымшыл болған деседі. Қолына алған  затын міндетті түрде үш рет алып, қайта орнына қояды екен.  Бұл оған сәттілік әкеледі деп сенген. Жұма күнін жанына жақын тұтып, ерекше жақсы көрген. Ал романдары жарыққа шығатын күні әрдайым Лондонға кетіп қала берген. Бір  қызығы, оның ұйықтайтын кезде басын әрқашан солтүстікке қаратып жататын әдеті болған.  Көзін көргендер ұлы шығармаларын да солтүстікке қарай отырып жазған дейді. Бәрінен де оның молаға, зират басына баруға үйір болғандығы жұрттың назарын өзіне ерекше аудартты. Белгісіз мәйіттерді жерлейтін зиратқа Диккенс жиі бас сұғатын. Кейде тұтас бір күнін сол жерде өткізіп, қабірді айналшықтап жүре берген. Бір сөзінде ол мұны  «Сөзбен айтып жеткізе алмайтын бір тылсым күш мені үнемі молаға қарай тартады да тұрады» деп түсіндірген. Диккенс тек шығарма жазуға ғана шебер емес, сондай-ақ үй безендірудің де шебері болған.  Англиядағы  Гэдс-Хилл Плейс деген кішкентай ауылда орналасқан   үйіндегі бөлмесінің дизайны бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, құпия есіктерге толы. Кітап сөрелерінің арасынан ашылған құпия есіктер қолдан жасалған «кітап сымақтармен» жасырылған.  

02_mQtCBgH.jpg

     Жесір қалған анасы мен бауырлары үшін еңбекке ерте араласқан Чарльздің жеке өмірінің сәтсіз тұстары да жоқ емес. Ол 26 жасында әріптесі журналист Джордж Хогарттың қызына үйленеді. Кэтрин Хогарт оған адал жар болып, 8 баланы дүниеге әкеледі. Басында бәрі тамаша сияқты еді. Бірақ көп ұзамай жұбайлар арасында араздық, ұрыс-жанжал көбейді, оның үстіне балалары аурушаң болды. Осының бәрі Диккенсті әбден қажытты. Сөйтіп жүргенде ол 18 жастағы өрімдей жас актриса  қызға өлердей ғашық болып қалады. Оның Эллен Тернанға деген махаббаты шексіз әрі мәңгілік еді.    

    Диккенстың жаны бай болғанымен, жылтыраған байлыққа ешқашан құмар боламады. Атақ-даңқ, мақтаншақтықты жаны сүйемеген. Сондай-ақ ескерткіш, мүсін, бюсттерді де ұнатпаған екен. Қарапайымдылығы соншалық өзіне қандай да бір мүсін, ескерткіштің орнатылуына үзілді-кесілді қарсы болып, оны өсиет етіп қалдырған. Бірақ мұндай өсиет  қалдырса да  талғампаз оқырман атақты жазушының құрметіне  Филадельфияда ескертіш орнатты. Бұл Диккенстің әлемдегі жалғыз ғана ескерткіші. 

            Диккенстің өмірін зерттегендер мына бір оқиғаға таң қалған екен. Жазушы ұзақ ауырып,  1870 жылы көз жұмады. Оның соңғы аяқталмай қалған романының үлкен бөлігі баспаға өтіп кеткен еді. Жазушының өлімі баспагерді қиын жағдайға қал­дырады. Не аяқталмаған романды жариялау керек, не басқа бір жа­зу­шыға Диккенс стилінде тәмам­дату қажет болады. Баспагер екіұдай ойда жүрген кезде, сұмдық оқиға орын алады. Сол баспада қызмет ететін әлдебір терімші баспагерге Дик­кенстің аяқталмаған романының жалғасын алып келеді. Оны «қайдан алдың?» дегенде, терім­ші саспастан: «Түсімде Чарльз Дик­кенс оқып берді» дейді. Әуелі таңданса да, артынан терімшіні әжуа­лайды. Алайда романның сюжет же­лісі мен қаламгердің жазу стилін са­лыстырған кезде олардың күлуге ша­малары келмей қалады. Ал терім­шінің өзі жазды дейін десе, ол романның алдындағы аяқталмаған нұсқасымен таныс емес. Ақырында роман терімші берген нұсқасымен бірге тұтас күйінде жарық көреді.

          Көзі тірісінде Диккенстың ұлы жазушы болатынына күмәнданып, оған мысқылмен қарағандар көп болыпты. Мысалы ағылшынның танымал жазушысы Оскар Уайльд Чарльздің шығармаларын ешқашан әдеби туынды деп қабылдамаған. Себепсіз мазақтап,сыртынан  күліп, кемсіткен екен. Тек ол ғана емес, сол кездің сыншылары Чарльз Диккенс британияның үздік жазушылар қатарына кірмейді деген. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Ол өзінің бәрінен де мықты жазушы екенін дәлелдеп кетті және жазушы болғандығын өзі мақтан етіп, өмірінің ащы болғандығына қарамастан  өмірді сүйіп өтті.  « Көп адамдар өмірге қапа, кейде ол жағдай  өз-өзімізді тануға мүкіндік береді. Бәрібір біз керемет өмірде, керемет әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мен оны бар жан-тәніммен сүйемін. Ал менің мамандығым мамандық атаулының ішіндегі ең мықтысы» деп оны ісімен де сөзімен де дәлелдеп кетті.  Оның атағы өмірден өткеннен кейін ағылшын әдебиетінде  шарықтай бастады. Есімі Шекспирмен қатар айтылып, атағы сол жылдары аса танымалдылыққа ие болған ақын  Байроннан да асып түсті.                                 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: