Мамырбек көкем «отставкаға» қалай кетті?

Screenshot_23.jpg

Бүгінгі күннің сатирасы

«Биыл падашы Бақтыбай ауылдың сиырын бақпайды екен» дегенді естігенде Мамырбек көкемнің құлағы елең ете қалды. Бес-алты жылдан бері ауылдың сиырларымен «сырлас» болып кеткен Бақтыбай «Шаршадым, қажыдым» деп, қолын бір сілтеген көрінеді. Содан ауылдың молдасы әрі жасы үлкен ақсақалы Темірхан ата Қанатбектің үйіндегі құдайы аста «Бақтыбайдың орнын басатын кім бар өзі?» деп  әңгіме бастағанда, екі адамның аты аталды. Зейнетке шығуына әлі екі жыл уақыты бар Мамырбек көкем мен қалаға қатынап, тиіп-қашып құрылыста жұмыс істейтін Асқарбек ағамыздың падашы болудан дәмесі бар екенін көпшілік жақсы біледі екен. «Асқарбегіңді қайдам, Мамырбек ақыл тоқтатқан азамат қой, соған бата берген дұрыс шығар» деп қалыпты ауыл молдасы сол дастарханда. Содан ауа-райы тәуір болған сәуір айының бас жағында Мамырбек көкем ауылдың сиырларын таң азанымен азан-қазан қылып, бірінші рет жайылымға айдап кетті. Құрдастары әзілдеп көкемізді «падашы Мамырбек» атануымен құттықтап жатты. 

Таулы аймақтың көктемгі жауын-шашыны мамырдың басы, тіпті аяғына дейін созылып, оқтын-оқтын төпеп тұратыны бар. Мамырбек көкем кей күндері сиыр емес, суыр бағып келгендей жайылымнан малмандай су болып оралып, тамағын ішір-ішпестен төсегіне құлайтын. Иә, ауылдан өретін жүзден аса сиырды бағу көкеме оңайға түспеді. «Қасыңа көмекші алмайсың ба?» дегенді қош көріп, ауылдан ары-бері адам іздеп көрген. Ешкім шыға қоймады. Баяғы Асқарбекке адам салып көріп еді, бас падашы болмай қалғанына қатты өкпелі білем, келмей қойды. Мал бағудың ең сорақасын сиырға «оқалақ» тиген кезде көрді. Тура бір зеңбірекпен төпегендей Зеңгі баба төлдері бет-бетімен қашып, жазық жерде шашылып қалды. Құдабайдың құнажыны құйрығын тік көтерген күйі айдалаға құйғыта жөнелген соң, соңынан атымен тұра шапқан. Байғұс сиыр сол екпінімен ұшып келіп, үлкен каналдан секіре бергенде арғы ернеуіне аяғы ілінбей қалып, ағысы қатты суға жалп ете қалды. Жып-жылтыр бетон арнаның ішінде аяғынан тұра алмай, өкірген күйі қарнымен сырғанап, әудем жердегі бір темірге ілініп, әйтеуір тоқтады-ау. Бірақ, көлденең жатқандықтан су көлкілдеп кетті. Көп айтып не керек, Құдабайдың сиыры суға тұншығып өлді. 

«Оқалақ» бітіп, енді оңаламыз ба дегенде Исламбайдың сиыры жүгері алқапқа жүгіріп, арықтың ішінде шашылып жатқан бір ақ дәріні жеп қойыпты. Содан оңалмады. Біраз күн «көрпесін» тарс бүркеніп жатты да, бұ дүниені тастап жүре берді. Сорлы сиырдың иесі бақуатты кісі еді, сойып алмастан, ауылдан аулаққа апарып өртеп, көміп тастапты. Осының бәрі Мамырбек көкемнің жүйкесіне тиді. Ешкім келіп «сиырымның құнын төле» деп жағасынан алмаса да, өзінен-өзі қипақтап, іштей мүжіліп жүрді. 

Шілденің аяғында ауылда ауызашар беру басталды. Бұл кезде көкеміз күнделікті тірлігіне көндігіп, кешке келген соң көрпесіне бүк түспестен дастархан басында ұзағырақ отырып, бір сәт теледидар көруді әдетке айналдырған. Бүгінде терлеп-тепшіп шай ішіп, теледидардан «Қызметкері пара алса, бастығы да жауап беріп, отставкаға кетуі керек» деген жаңалықты тыңдап «Әп-бәрекелді, міне, тәртіп... Бірақ ондай батылдыққа ешкім бара алмайды ғой» деп отырған. Қора жақтан сиыр сауып келе жатқан қатыны «Айтпақшы, Дүйсенбектің үйі ауызашарға шақырып кетіп еді, бармайсың ба?» деген соң, «Оу, ертерек айтпадың ба?» деп орнынан қарманып тұра берді. 

Неге екенін қайдам, Дүйсенбектің үйіне кіріп барғанда ауызғы бөлмеде көп қатындардың ішінде отырған Күләйдің көзқарасы бірден ұнамады. Қайбір күні Мамырбек «Үш сиырыңның баққан ақысын қашан төлейсің?» деп Күләйдің біраз шаңын қаққан. «Ойбай, өзім Сарыағаштағы қызымның үйінде бір ай жүріп, бүгін келдім, балалар тауда шөп шауып жатыр, солар келсін...» деп ол да жерге кірердей ұялған. Сірә, түйіліп отырғанына қарағанда Күләйдің бұған өкпелеп қалғаны ғой. 

Бірақ, Күләй ішіне бүккен сырын ұзаққа сақтай алмады. Бірінші тамақты жеп, жұрт намазға тұра бергенде қасына жетіп келіп «Әй, Мамырбек, ұят бар ма өзі сенде? Қайбір күні келіп «сиырдың ақшасын төле» деп қырып кете жаздадың... Балалардан сұрадым, ақшаны үлкен ұлың жинап кеткен екен ғой. Алдын ала бір айға төлеген, онымен қоймай жүгермек балаң «Сиырларыңа тегін дәрі салдырып беремін» деп, тағы мың теңге алып кетіпті. Көрші екі-үш үй де «ақшаны падашының баласына бергенбіз» деп шулап отыр..» деп шап ете қалды. Темірхан молда «Бұл не әңгіме?» дегендей аңтарылып орнынан тұра бергенде, Мамырбек ыржалақтап күліп сыртқа шыға берді. Бәсе, бәсе... Өткен айда ғой деймін, әйелі «Марат балаң бір «бешірге» барады екен, соған ақша керек...» деп бір әңгіменің құлағын қылтитқан сияқты еді. Мамырбек ызадан жарылардай болып қатты ашуланды. Тіпті үйге қайтып кіруге беті шыдамас еді, көпшіліктен, оның ішінде ауыл молдасынан ұялды. Не ойлап қалады? Осы кезде Мамырбектің есіне әлгінде ғана теледидардан тыңдаған жаңалығы түсті. 

Тарауықты оқып болып, дастархан басына жиналған жұрт енді үлкен тамаққа қол сала бергенде «Менің бір мәлімдемем бар еді» деген Мамырбек көкемнің даусы саңқ ете қалды. Жұрт бастарын көтеріп, жалт қарады. 

-- Молдеке, менің бұдан кейін ауылдың сиырын бағуға ешқандай құқым жоқ деп есептеймін. Құдабайдың да, Исламбайдың да сиыры менің шалағайлығымнан өлді. Жаңа ғана теледидардан қол астындағы қызметкері айыпты болса, бастығы қызметінен кетсін деп жатыр. Менің қызметкерім емес, үлкен ұлым маған білдірместен ұят іс жасапты. Балам үшін мен жауап беремін. Ертеңнен бастап сиыр бақпаймын. Мен отставкаға кеттім...

Осылай деген Мамырбек көке «әумин» деп бетін сипады да, орнынан тұрып жүре берді. Жұрт оның әзілі, не ойыны екенін біле алмай, аңтарылып отырып қалды. Кейбірі сылқ-сылқ етіп күліп жатты. Тек Темірхан молда ғана аздан кейін «Мына, жазғанның арыны қатты ғой, шіркін... Ұяттан өртеніп бара жатырмын дей ме? Қайтеді енді, қолымен істегенді мойнымен көтереді. Ана Асқарбек ауылда болса хабар беріп қоя салыңдар. Кім біледі, тағы...» деп, керсен кесеге құйылған сорпаға қол созды.

Ертеңіне ауыл таң азанымен атқа мінген Асқарбекті құттықтап жатты. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: