Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Ғашық қызымның суретін салатынмын

Screenshot_13.jpg          

Бала кезімде сурет салғанды ұнаттым. 5-сыныпта оқып жүргенде көрші ауылдан көшіп келген  қызға ғашық болдым. Сыртынан ұрланып, суретін сала бастадым. Бір күні өзінің суретін салып отырғанымды байқап қалып,  мұғалімге айтып берді. Ол заманда мұғалімдер өте қатал болатын, олардың қас-қабағынан-ақ қорқатын едік. Сабақ үстінде сурет салғанымды білген сынып жетекшім жағымнан  тартып жіберді де  бір аяғымды көтертіп, тұрғызып қойғаны есімде. Мұғалім мені қанша тәртіпке шақырса да сурет салуымды доғарған жоқпын. Кейіннен әлгі қыз екеуміздің әңгімеміз жараса бастаған соң, оның сурет дәптерін үйіме әкетуді әдетке айналдырдым. Үй тапсырмасына  жүктелген барлық суретін салып беріп жүрдім. Ол қызға көмектесемін деп, өз сабағыма үлгермей, екілік алған кездерім де болды. 

              Сурет салудан бөлек кітап оқуға қатты құмарттым. Кітапқа деген махаббатым ерекше боды. Мектептегі, аудандағы кітапханадан шықпайтын едім. Сыныпта кімде қызық кітап бар болса, соны сұрап, кезектесіп оқушы едік. Бір күні аудан орталығында орналасқан  кітап дүкеніне бардым. Аралап жүріп, әдемі безендірілген, үлкен Батыс Еуропа суретшілерінің туындыларынан жинақталған кітапты байқадым. Кітапты көргенде «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, сатып алуға асықтым. Сөйтсем бағасы бақандай 10 сом тұрады екен. Кітапты ары ұстап, бері ұстап, сатушы апайға «Мына кітапты тығып қоя салыңызшы, мен кейін сатып аламын» дедім. Маған қарап күлімсіреген сатушы «Ол кітаптың тұрғанына 10 жыл болды. Қорықпа, сатылып кетпес» деді. Содан «10 сом деген әжептәуір ақша ғой, оны қайдан табамын, қайтсем екен»,- деп ойлана келе, үйге келіп әкеме мынадай шарт қойдым. «Әке, мен жазғы демалыста бір мая шөп орып берем, ал сіз маған күзде әлгі кітапты сатып алуға 10 сом ақша бересіз» дедім. Әкем ұсынысыма келісімін берді. Сөйтіп жазда өзге балалар өзенге шомылып, балық аулап, асық ойнап жатқанда, мен быжырайған күннің астында шөп орып, оны жинап, көлікке тиеп, үйге тасып, еңбектеніп жүрдім. Далада ойнап жүрген құрдастарыма қызықсам да бар мақсатым кітапты тезірек сатып алу болды. Апта сайын бірнеше шақырымда жатқан аудан орталығына, кітап дүкеніне барып, құмартқан кітабымның сатылып кетпегеніне көз жеткізіп қайтамын. Барсам кітап ылғи сөреде  тұрады, сатушыға «тығып қойыңызшы» деп қайта айтып кетем. Сөйтсем сатушы менің көзімше кітапты тығып қояды екен де, мен кеткен соң қайта сөреге шығарып  қояды екен. Содан не керек, әкем еңбегімді бағалап, әжемнен алып  10 сомды қолыма ұстатты. Құстай ұшып, кітап дүкеніне келіп, сатушыға ақшамды ұстаттым да, кітапты кеудеме басып, ұзақ иіскеп тұрдым. Сол сәтте көзімнен жас шығып кетсе керек, сатушы маған аңтарыла қарап қалыпты. Ішінен «мына бала ауру болса керек» деп ойлаған шығар.

               Мен кітапқа осылай «ғашық» болдым. Шыны керек, мектеп, аудан кітапханасынан балалықпен талай кітаптарды ұрлап кеттім. Сол кітаптардың арқасында поэзияның жолына түсіп, ақындық қабілетімді аштым. Осыдан бес жыл бұрын туған жерім  Жамбыл облысы Сарысу ауданы Игілік ауылындағы оқыған мектебімде менің атыммен аталатын сынып кабинеті ашылды. Ұшқан ұяма сыйлық жасайын деп, бала күнімдегі ұрланған кітаптардың барлығын мектепке сыйға тарттым. Көп кітапты көрген мектеп директоры «Маралтай-ау, мұнша кітаптың барлығын қайдан алғансың?» деп сұрап жатыр. Мен «бұл кітаптардың барлығы осы ауылдың, осы ауданның кітаптары» деп күлдім. Бір кездері мен және замандастарым сүйіп оқыған сол кітаптарды қазір мектептің жас шәкірттері оқып жатқан болар.             

 

 

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: