Бейбіт Оралұлы: «Махаббат дертіне 9-сыныпта «шалдықтым»

3065b3a6ce3de50620faa0b4a69d8404.jpg

Бейбіт Оралұлы, әнші-сазгер:                     

Балалық шағым Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы  Жем бойындағы Ембі қаласында өтті. Сол кішкене ғана қалашықта өткен қызықты күндерімді әлі күнге дейін сағынышпен еске аламын. Жем бойындағы әрбір төбе, әрбір тасы қазір көзіме оттай басылады. Отбасымызбен қыста қалада, жазда Жем өзенінің жағалауындағы ауылға келіп қоныстанатынбыз. Жем өзені ол кезде өте терең, арнасы кең болатын. Бірде бір тракторшы  рульде отырып ұйықтап кеткен бе, әйтеуір өзенге құлапты. Трактор өте ауыр әрі үлкен ғой. Сонда  бүкіл ауыл шулап жүріп, терең судан әлгі тракторды  шығара алмай әуреге түскен. Ақыры қаладан сүңгуіршілерді көмекке шақырдық. Өзеннің тереңдігі соншалық, бір емес бірнеше трактор батып кететіндей тұңғиық болатын.  Ауылдың балалары осы өзеннің айналасынан шықпаушы еді. Мен де марқұм ағам Серікпен бірге  шомылуға, балық аулауға көп баратынмын. Қармақты суға салсаң болды алабұға дейсің бе, шортаның бар ма, қара балық, қызыл балық барлығы қармағыңа іліне кететін. Бірде Серік ағаммен жарысып, балық аулап жатқанбыз.  Ойымда ештеңе жоқ, қармағым жыбырлаған соң қуанып тартып қалсам, едірейіп дәу тасбақа шығып келе жатыр.  Оны көре салып мен қатты шошып, айғайлап, қармақты лақтыра салып қаштым. Осы оқиғаны әлі күнге дейін есіме алып, күліп отырамын.  

Мектепте 8 сыныпқа дейін жақсы оқыдым. Комсомолға мүше болатынмын. Әдебиет, тарих пәндерін сүйіп оқитынмын. Бірақ тоғызыншы сыныпқа келгенде алғашқы махаббаттың дертіне «шалдығып», сабағым нашарлап кетті. Әрине жүрегімді жаулаған қызды қарата алмай жүргенде оқуға қарайды дейсің бе? Сол жылдары қызды қаратудың бүкіл амалын жасап, қолға қалам алып, өлең жаза бастадым. Алғашқы шығармаларымды сол қызға арнадым. Сыныптастармен жиналып, гитарамен ән салып жүріп, ғашықтық әндер туа берді. Ол заманда ашық хаттан (открыткадан) артық сый болмайтын. Көңілі бар адамдар бір-біріне осыны сыйлайтын. Ал одан бағалысы кітап болатын. 23 ақпанда жігіттер мерекесінде ұнататын қыздардан открытка күтетінбіз.  Мақтанғаным емес, мен ұнатқан қыз мереке сайын маған открытка сыйлайтын. Бала махаббатым осындай қызықты, әсерлі сезімдерге толы болыпты ғой. Балалық сезімімнің куәсі ретінде «Гүлнарым сүйем өзіңді, жәудіреген көзіңді» деген мектеп қабырғасында дүниеге келген өлең жолдарын кейіннен өңдеп, ән қоржыныма қостым. 2000 жылы осы әнді Рахат Тұрлыханов шырқап, халыққа біршама танымал етті.  

Мұрағаттан, 06.02.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: