Сериал көрудің соңы ажырасуға ұласа жаздады

Screenshot_6.jpg

Осы күні телеарна атаулыда сан алуан   сериалдар қаптап кетіп, әбден сор болды. Бұрын түріктің, кәрістің сериалдарын тамашалаушы едік.Әйтеуір соңғы кезде   қазақ та сериал түсіруден ешкімнен қалыспайтынына жанталасып бағуда. Отбасыңмен дастархан басында отырғанда жаңалық көрейін деп теледидардың пультін басып қалсаң болды әйеліңнен бастап, бес жасар балаңа дейін ешкікөзденіп шыға келеді. Мейлі, біте салсыншы деп киноның соңына дейін әрең шыдап отырғанда құрғырлардың екіншісі қақаң етіп қайта басталады. Теледидардан көздерін алмай отырған отбасыңмен емін-еркін әңгіме дүкен құрып немесе әлдебір істі ақылдасайын десең тағы сол сериалдар жол бермейді. Қазір қатын-қалашқа өзінің күйеуі мен бала-шағасынан гөрі қайдағы жоқ үндінің  Анандиі мен Ичасы жақынырақ. Әйтеуір, солармен бірге жылап-сықтап, солармен бірге ойнап-күліп жүреді. Осы уақытқа дейін оларсыз қалай өмір сүріп келген деп таңқаламын.  

Қыз-келіншектерді қойшы, қазір жігіттердің де сериал көріп, өзара кездесе қалса, осы жөнінде қызу әңгіме жасайтынын көріп жүрміз. Еркек басымен не көрінді? Қор болған қайран алтын уақыт-ай десеңші. Отандық сериалдарыңыздың да  көрерменіне берері көп болмай тұр. Көпшілігі шетелдік сериалдардың көшірмесі. Осы сериал түсіру арқылы телеарналар өздерінің рейтингісін жақсартамыз, танымалдықты арттырамыз дейтін көрінеді. Қайдам?  Телеарна басшылары халықты осылай алдай саламыз десе қатты қателеседі.  «Қазақстан» Ұлттық арнасынан беріліп жатқан «Сырғалым» сериалы түріктің «Дениз» деген сериалының айны-қатесіз көшірмесі, тым құрыса сәл-пәл қазақтың табиғатына бейімедсе қайтер еді» дегенді біздің ауылдың қатындары айтып жүр. Ауыл әйелдері солай десе, басқалар не демейді?  

Теледидардағы сериалға телміріп, ауызынан суы құрып жүріп қаншама отбасының, әсіресе қатын-қалаштардың қыруар  шаруасы істелмей  салақтыққа, салғырттыққа, жалқаулыққа жол беру белең алып барады. Оны айтасыз, біздің ауылдың шетінде тұратын Шөмішбайдың кенжесі сериал көруден көз ашпай үйдің тірлігін істемеуге, тіпті  кешкі ас әзірлеп қоюға мойны жар бермеуге әбден әдеттеніп кеткен әйелін ашу үстінде көкала қойдай сабауының  ақыры ажырасуға апарып соға жаздады. Екі жақтың туыстары «енді сериал көруді азайту» тақырыбын үлкен ұрыс-керіспен талқылап, ерлі-зайыптыларды әрең татуластырды. Бұлайша арзандай берудің соңы  неге апарып соғады екен. Осыдан кейін кино тәрбие құралы дегенді ұрандатып айтып көріңізші, аузыңыздан бір ұрайын.  

    Ерахмет Балтабаев,

   Түркістан қаласының тұрғыны

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Психологиялық шабуылдардан қалай қорғануға болады?
  • Балаңыз тым ерке болса...
  • Балаңызға мектепте сыныптастары тиісе берсе не істеу керек?
  • Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»
  • Ене «кене» ме, әлде келін «келсап» па?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: