Жамбыл АХМЕТБЕКОВ: Туған жерімді көрсем, құлазып, мұңайып қалам

Screenshot_32.jpg

Алаңсыз, кіршіксіз балалық шаққа қайта оралу әсте мүмкін емес. Тек санамызда оның жарқын естеліктері елестейді. Менің де қамсыз балалығым әлі күнге дейін санамда сақтаулы. Сол суы мөлдіреген өзен, жадымда қоңыраудың үні кетпеген мектеп, ауылдың көшелері мен замандастарымды  сағынамын. Бәрінен де өзенге тұра жүгіріп, сүңгіп кетіп, балық  аулайтын кезім қызық еді. Қарнымыздың ашқанына, күнге күйгенімізге қарамастан үйден илеп шыққан қамырды қармақтың ұшына іліп, кешке дейін балық аулап отыра беруші едік. Кешке үйге шелегімізді майшабаққа толтырып қайтамыз. Оны әке-шешеміз өзімізге әдемілеп қуырып беретін. Біздің ауылда суға сүңги алмайтын, балықша жүзе алмайтын бала болмайтын. Бірде судың астында кім көп жүзе алатынын тексеру үшін достарым жарыс ұйымдастырды. Мен іштей қуанып кеттім. Себебі жүзуді жаным сүйетін. Содан қолымызға сағат алып, кезекпен суға түскендерді аңдып тұрдық. Әйтеуір менің де кезегім келді. Аузыма демді толтырып алдым да, суға секіріп кеттім. Ары-бері жүзіп, демім таусыла бастағанда судан басымды шығарсам, балалардың барлығы маған аңтарылып қарап қалыпты. Сөйтсем менің көрсеткішім 1 минут 40 секундқа жеткен екен. Достарымды осылайша шаң қаптырып, рекорд орнаттым. Ол кезде жасым шамамен  жетіде болу керек. 

             Бала болған соң бұзақылыққа, төбелеске бой алдырып жатады. Бірақ менің тәртіпсіздікке, бұзақылық жасауға мүмкіндігім де, уақытымда болған жоқ. Себебі сыныптың старостасы болдым. Ал старостаның көше кезіп, бұзақылық жасап жүргені өліммен тең. Ол кезде үздік оқушыларды жазда демалуға лагерге жіберетін. Бестікпен оқитын мен сол лагерлерден және Мәскеу, Ленинград, Сталинград, Волгоград қалаларына жасалатын  экскурсиялардан қалған емеспін. Он үш, он төрт жасымда Ресейдің біраз қалаларына саяхат жасап үлгердім. Әрине, сабағымды оқумен қатар ауыл балаларымен де талай қызықты бастап өткеріп, түрлі ойынның қызығына да баттым. Қолдан түрлі қару, садақ жасап алып «Войнушка» дейтін ойынды есейгенше ойнадық. Жазда ауылдың қора-қора қойларын әр үй кезекпен бағатын. Біздің кезек айына екі рет келеді. Кезек келгенде қой бағуға ата-анам мені жіберетін. «Бармаймын, жоқ» деген сөздерді айтуға дәт шыдамайды. Үлкендер айтты ма бітті, сол заң. Бала болған соң қой бағуды да қызық көрдім. Дорбаға толтырып нан, шәй, айран, құртты салып, таң атпастан тау етегіне маңыраған қойлармен шығып кетемін. Басқа күндері кешғұрым қой жайлаудан келген соң бөтен қой іздеп, үй-үйді аралап шығуда  қызық еді. Жол-жөнекей таныстарыңды көріп, ананы-мынаны әңгіме қылып, қыздарға  да көз қырыңды салып жүресің.    

Screenshot_31.jpg     

             Ал бала махабаттың машақаты тіптен қызық. Біздің заманда жігіттер сыныптас қыздарына ғашық болмайтын. Міндетті түрде басқа сыныптың қыздарына қырындау керек. Өзгенікі көзімізге айдай көріне ме, әйтеуір, сыныптас қыздарға  дос ретінде қарадық. Тоғызыншы сыныпта менде басқа сыныптың қызына ғашық болдым. Бір жылдай сөйлесуге батылым бармай жүрді. Кейіннен жақынырақ танысып алдым.  Мен үшін аз уақыт болса да онымен жәй сөйлесіп тұрудың өзі бақыт еді. Ержетіп, студент болып, ақыл тоқтатқан соң оның барлығы да ұмытылады екен ғой. 

             Қазір сол туып-өскен жерімді көрсем  мұңайып қаламын. Баяғы біз жүгіріп ойнаған шалғын белді шаң басып, балықша жүзетін көлдің арнасы азайып, тартылып қалыпты. 


                                                


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Психологиялық шабуылдардан қалай қорғануға болады?
  • Балаңыз тым ерке болса...
  • Балаңызға мектепте сыныптастары тиісе берсе не істеу керек?
  • Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»
  • Ене «кене» ме, әлде келін «келсап» па?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: