Баймолдиннің ерлігі қашан еленеді?

Screenshot_15.jpg

Қазақтан шыққан тұңғыш кадрлық офицер, Павлодар облысының тумасы, полковник Әбілқайыр Баймолдиннің соғыста ерлікпен қаза тапқанына 70 жыл өтсе де әлі күнге оған батыр атағы берілмей келеді. Екінші дүниежүзілік соғыста Совет одағының батыры Мәншүк Мәметова және  атақты мерген Ибрагим Сүлейменовтермен бірге жауға қарсы тұрып, Мәскеу түбіндегі Невель қаласын азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз, «Совет одағының батыры» атағына лайық жанның бірі еді.   

Әбілқайыр Баймолдин 1909 жылы Лебяжі ауданының Тақыр ауылында дүниеге келген. (Кей деректерде 1912 жыл деп жүр – Е.С)  1931 жылы 49-атты полк мектебінде әскери білім алған балаң жігіттің бұдан кейінгі ғұмыры тек әскери өмірмен ұштасады. Бірінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп,  медальмен марапатталған. 1941 жылы Мәскеудегі В.Ленин атындағы әскери-саяси академияны бітіріп шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда гвардия подполковнигі Әбілқайыр Баймолдин, атты әскердің гвардиялық бөлімінде комиссар болды. Бұдан кейін, соғыс басталған уақытта Алматыда жасақталған 100-і атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Мәскеу түбіндегі  ұрыстарға қатысты, КСРО-ның батыс аймақтарындағы шайқастарда ерлік көрсетті. 1944 жылы Невель қаласының солтүстігінде болған қанды қырғында қасынан снаряд жарылып қаза тапты. 

1943 жылы Невель қаласын азат ету жолында ерлікпен көз жұмған қазақтың батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметованың денесін ұрыс даласынан алып шыққан осы Әбілқайыр Баймолдин. Өйткені, қаһарман қыз Мәншүк пен қазақтан шыққан атақты сұрмерген Ибрагим Сүлейменов, Баймолдиннің бөлімшесінде соғысты. Невелді азат еткеннен соң, 1943 жылдың 1- қарашасында атқару комитетінің бірінші отырысы өтті. Осы жиында подполковник Баймолдин, Невель қаласының көшелеріне Мәншүк Мәметова мен Ибрагим Сүлейменовтің есімдерін беру жөнінде бастама көтереді және бұл бастама сол кезде жүзеге асты. Қазірге дейін Невель тұрғындары, Мәметованың, Сүлейменовтің және Баймолдиннің есімдерін жатқа біледі. Бүгінгі күні сол қалада үш қазақтың атында көшелер және Баймолдиннің есімімен аталатын алаң да бар. Бұл туралы Керекуге келген сапарында Невель қаласының басшысы Александр Ващенков мақтана айтқан болатын.    

1980 жылдары Әбілқайыр Баймолдиннің зайыбы Сұлубике Баязитова, облыстың орталық мұрағатына күйеуі жайлы көптеген құнды құжаттар қалдырған екен. Онда, Баймолдиннің Совет - Герман соғысына дейін таяушығыста басмаштармен, қиыршығыста жапон самурайларымен де соғысқанын дәлелдейтін деректер бар.      

«…Әбілқайыр өте ыждағатты және адамдарға аса назараударғыш еді. Қайырымдылық көрсету оның екінші келбеті болатын. Ол өзінің қан майданда көз жұмған сарбаздары мен жолдастарын ешқашан ұрыс алаңына тастап кеткен емес. Егер, олардың мекен - жайларын білмесе маған хат жазып, құрбан болғандардың туыс – туғандарын тауып оларға өзінің атынан қаралы хабарды жеткізіп, көңіл айтуды тапсыратын. Мен оның өтінішін ұқыпты орындауға тырысатынмын. 1943 жылы қараша айының соңында келген сондай хаттарының бірінде Әбілқайыр, Невель қаласын азат ету жолында қаза тауып қалалық кеңестің қаулысымен марапатталған жауынгерлерінің аты – жөндерін жіберіпті. Мен оларды марқұмдардың отбасыларына жібердім», – деп жазады Баймолдиннің жары Сұлубике Баязитова, өзінің мұрағатқа тапсырған естелігінде.  

Баймолдин журналист болған

Құнды құжаттардың ішінде Ә.Баймолдин, өзінің сарбаздары атақты мерген, старшина Ибрагим Сүйлейменовтің, гвардияның аға лейтенанты Алексей Никуличевтің, аға сержант Мәншүк Мәметованың ерлікпен қалай көз жұмғандары жайлы толық баяндаған. Оның былайша естеліктер жазуының да өзіндік себебі бар екен. Әбілқайыр Баймолдин қарумен қатар қаламды да жанынан тастамаған. Өйткені оның оның сүйікті кәсібінің бірі - журналистика. «...Оның журналистикаға қызығушылығы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін 18 жасында-ақ байқала бастады. Тіпті соғыс жылдарында оның мақалалары газеттер мен журнал беттерінде үнемі басылып тұрды. Әбілқайыр күнделік жазатын. Ол маған, бұл күнделікте оның бар өміріндегі еңбегі мен жетістіктері жайлы баяндалатынын үнемі айтып жүретін. Соғыстан кейін ұлы шайқас туралы кітап жазбақ арманы бар еді. Бірақ, оның маңдайына жеңісті көру қуанышы жазылмапты», деп жазады естелігінде Сұлубике Баязитова.   

Әбілқайыр Баймолдин 1944 жылдың 4 қаңтарында қаза тапты. Әйеліне келген қаралы қағазда былай деп жазылыпты: «Сіздің күйеуіңіз, Павлодар облысы Лебяжі ауданының тумасы, 43820 әскери бөлімшесінің гвардия полковнигі Баймолдин Әбілқайыр, әскери антына берік болып, Социалистік отаны үшін ерлікпен жанын қиды. Оның денесі Калинин облысының Невель қаласындағы Ленин көшесінде жер қойнына берілді», делінген.        

Сол күні Баймолдин басшылық еткен полк, неміс басқыншыларынан 80 елді – мекенді азат етеді. Қаншқан жауды өкшелеп бара жатқан сол сәтте қазақ баласының жанына снаряд түсіп, денесінің төрт жеріне суық қарудың жарықшақтары қадалады. Оның екеуі аса ауыр болғандықтан Әбілқайыр сол жерде жан тапсырды.    

«Сенің күйеуің Әбілқайыр біздің жолдасымыз полковник Баймолдин, біздің двизиямыздың атағын әйгілеген сол күнгі операцияны басқарған еді. Соның арқасында жоғары басшылықтан алғыс алдық. Жауынгерлер мен офицерлер командирлерінің опат болғанын білсе де оның рухы үшін жан берісіп жауды жайратты. Әбілқайырдың кегі жүздеген неміс солдатының өлігімен қайтарылды. Оның денесі Невель қаласының орталығына жерленді», деп жазады дивизия командирі, полковник Л. Бакуев, Баймолдиннің жарына жолдаған көңіл айтар хатында. 

Міне, әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлігімен көзге түсіп, жаудың бетін қайтаруда жанын берген жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдиннің, қан майданда қапыда кеткеніне 70 жылдан асса да әлі күнге батыр атағы бұйырмай келеді. Ол қайтыс болған соң «Совет одағының батыры» атағына аты ұсынылған. Алайда, көрші елдің кезіндегі билігі де қазіргі үкіметі де қазақтың сол бір қайсар ұлына атақ беруге асығар емес. Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы бас консулы Сергей Анненков, бұл жайдан мүлде хабарсыз екен. «Қайтадан сұрау салыңыздар, Баймолдинге батыр атағын алып беруге барымды саламын», деп уәде бергендей болды. «Қызыл жұлдыз», «Қызыл белгі» және Отан соғысының I дәрежелі медалімен марапатталған Әбілқайыр Баймолдиннің туған өлкесінде оның атында бір ауыл бар және Кереку шаһарында шағын көшеге есімі берілген. Ұзақ жылдар бойы ерлігі елеусіз қалған жерлесімізді дәріптейтін кез жеткен сияқты. Невель қаласының басшысы Александр Ващенков жеңістің 70 жылдығына орай, сол қалада ескерткіш орнатылатынын айтты. Павлодарға да батырға арнап ескерткіш орнатса артық болмас еді. 

Айтпақшы, Павлодар қаласының Усолка мөлтек ауданындағы №25 орта мектепке Ә.Баймолдиннің есімі берілгелі жатыр екен. Егер көршілер Баймолдинге батыр атағын қимаса, біздің билік «Халық қаһарманын» беріп марқұмның аруағын бір аунатар ма еді...   

Мұрағаттан: 24.04.2014     



Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: