Берік Құлтасов: «Қабылданған шешімдердің заңдылығы тексерілуде»

Screenshot_8.jpg

Берік Құлтасов, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

Елбасы таяуда халықпен тікелей эфир арқылы тілдескенде Оңтүстік Қазақстан облысынан 183 өтініш пен шағым түсіпті. Оның 90-ы прокуратураның пәрменділігімен шешілетін мәселе екен. Бұл туралы журналистерге облыс прокуроры Берік Құлтасов мәлімдеді.

-  Елбасының назарына ұсынылған шағымның 35-і бұған дейін де облыстық прокуратурада қаралып, нақты шешімдер қабылданған. Қабылданған шешімдердің заңдылығы қазір қайтадан мұқият тексерілуде, - дейді облыс прокуроры Берік Сайлауұлы.

 Елдің Елбасыға жолдаған талап-тілегіне сараптама жасалғанда әлеуметтік-экономикалық салада қордаланған мәселенің басым екендігі байқалады. Ал 15 шағым мемлекеттік органдарда қызмет істейтін лауазым иелерінің заңсыз әрекеттеріне наразылықтарын білдірген.

Тікелей эфир барысында Ордабасы ауданының тұрғыны Г.Данешев ауыз су мәселесін қозғаған болатын. Жалпы ауыз су облыстағы ең күрделі мәселенің біріне айналған. Облыс аумағындағы 900 елді мекеннің 429-ында  жергілікті тұрғындар ауыз суды су құбырлары арқылы пайдалануда.  Шардара, Бәйдібек, Отырар, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласындағы ауыз судың азабы әлі азаймай тұр.

 Г.Данешовтың сауалы бойынша арнайы прокурорлық тексеру жүргізілген. 2004 жылы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекеніне су жүйесі құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен 57 миллион теңге қаржы бөлінген.Осы құрылыс нысанын 56,9 миллион теңгеге «Сагам строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Алайда, су жүйесі құрылысы қағаз жүзінде ғана пайдалануға берілген. Іс жүзінде бір күн де жұмыс істемеген. Тексеру барысында 10 миллион теңгенің жұмыстары мүлдем атқарылмағандығы анықталыпты. Оны құжат жүзінде атқарылған жұмыстар қатарына қосып, мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Осы факті бойынша 2006 жылы қылмыстық іс қозғалып, «Рақымшылық туралы» Заңға байланысты қысқартылған. Қазір бұл ауданда құны 191,2 миллион теңгені құрайтын Қажымұқан-Қараспан топтық су жүйесінің құрылысыіске асырылуда.

Дәл осы ауыз судан қаржы жымқырған лауазым иелері көптеп саналады. Прокурорлық тексеру нәтижесінде 1 лауазым иесі қылмыстық жаза арқаласа, 10-ы әкімшілік, 14-і тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, мойнына алған міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 9 мердігерден 23,3 миллион теңге өндіру туралы талап арыздар сотпен қанағаттандырылған.

Тікелей эфирде тергеу саласына көңілі толмаған азаматтардан 26 арыз түскен. Оның 16-сы Шымкент қаласына қатысты. Жалпы арыздардың 11-інде құқық қорғау органдары тарапынан қылмысты ашуға ешқандай шара қолданбай жатқандығы айтылса, өзгелерінде тергеу барысында заңды процессуалдық шешімдердің қабылданбай жатқанына шағымданған. Мәселен, А.И. есімді азамат өзінің қызын зорлаған А.Т-ға қатысты Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі 9 айдан бері шара көрмей келе жатқандығын баяндаған. Осы арыз облыс прокуратурасында қаралып, облыс прокурорының тікелей нұсқауымен күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіле бастады. Сонда Елбасы тікелей сұхбатқа шықпаса, қылмыс әшкереленбеген күйі қала бермек пе еді?

Тікелей эфир барысында жамбылдық ата-ана мектеп қабырғасындағы қылмыстың өршіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Өкінішке қарай мұндай жайт оңтүстікқазақстандықтарға да жат болмай қалды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оңтүстікте жасөспірімдер қолымен жасалған қасақана кісі өлтіру оқиғасы биыл 100 пайызға өсіп кетсе, денсаулыққа ауыр дене жарақатын салу қылмысы 60 пайызға дейін көтерілген. Сол секілді жасөспірімдердің қылмыстық топқа бірігу жолымен жасаған қылмыстары (21,9 пайыз) мен тонаудың (3,8 пайыз) артып кеткені кез-келген азаматты толғандыратын мәселе болып тұр.

Кішкентай қылмыскерлердің арасында 124 бала мектеп, гимназия және лицей оқушылары болса, бұзақы 22 бозбала колледжлер мен техникумдарда дәріс алады. Бұлардың қатарында жоғары оқу орнының 3 студенті де бар. Сондай-ақ, бесіктен белі шықпай жатып қылмысқа барған жасөспірімдердің 233-і еш жерде жұмыс та істемейді, оқымайды да. Ал 11-і тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар екен.

- Қыз баласын қонақ деп төрге оздырған қазақпыз.  «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлағатты сөз бар. Осы ұлағатты сөздің қадір-қасиеті төмендеп, қылықты қарындастарымыздың да қылмыс әлеміне жиі жақындай бастады. Кішкентай қылмыскерлердің арасында 33 қыз баланың түрлі қылмысқа барғаны жан түршіктіреді, - дейді Берік Сайлауұлы.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың күрделілігін саралар болсақ тағы да Шымкент қаласы көш басынан көрінеді. Одан кейінгі орындарда Сайрам, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласы тұр.

Сыбайлас жемқорлық та толастамауда.  Биылдың өзінде облыс бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген 390 лауазым иелері тәртіптік, 68 шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек қылмыстық ізге түсу органдарымен 254 жемқорлық санатындағы қылмыстар анықталып, қылмыстық істер қозғалған.

Жауапкершілікке тартылған мемлекеттік лауазым иелерінің 106-сы ұлағатты білім саласының қызметкерлері болса, 156-сы жергілікті атқарушы органның лауазым иелері. Лауазым иелерінің ішінде аудан әкімінің орынбасарлары мен  ауыл әкімдерінің кездесуі мемлекеттік қызметте кімдердің жүргенін аңғартса керек. Білім мен тәлім-тәрбие береді деген, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын шешу жауапкершілігі жүктелген сала қызметкерлері, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша белсеніп тұр. Облыс прокуроры Елбасы өткізген тікелей эфирден туындаған арыз-шағымдар жеке бақылауында болатынын, арыз иелеріне жеке-жеке, әрі нақты жауаптар берілетінін мәлімдеді. Әрине, оның қорытындысымен журналистерді де құлағдар етіп отыруға уәде етті.  

Шадияр Молдабек,  «Заң», «Алаш айнасы» газеттерінің меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: