Мұрагер. Тимур Құлыбаев

Screenshot_25.jpg

Маршал Г. Жуковтың өзі жазған кітабында «кезекті соғыс алдындағы жоспарды Н.Хрущевқа арнайы барып ақылдастым...» дегендей сөйлемдер болған. Ол кезде Жуковтың атағынан  жауы қорқатын.  Ал, Жуковтан  айдаладағы штабта қағаз тасып жүрген Н.Хрущевтың есімін тікелей бастықтарын айтпағанда, бірге отырып шай сораптайтын әріптестері  де біле бермейтін... 

 «Мұрагер» атты арнайы жобамыздың бүгінгі кейіпкерінің аты-жөнін жаза бастаған сәтте осы Жуков пен Хрущев арасындағы байланыс есімізге орала берді. Оған себеп те жоқ емес секілді. Башпайынан бақайына дейін қара алтынның иісі сіңген, жеті атасы болмаса да, бес атасына дейін мұнайшы болған, күрделі де қиын жылдары премьер-министрлік қызметті атқарған Нұрлан Балғымбаев тоқсаныншы жылдардың ортасында баспасөзге берген бір сұхбатында былай деген еді: «...Халықаралық қаржылық институттармен жұмыс істейтін, жаңа жобаларды қаржыландыруды ұйымдастыра алатын адамдар қажет болды. Мен ойлана келе Құлыбаевты шақыруға шешім қабылдадым. Сол уақытта Алматыда ешкім де мұнайшы болуға ынталылық танытпайтын. Мен Тимурды үгіттей бастадым. Бұл, әрине, бүгінгі күнде әдеттен тыс, оғаш естілуі мүмкін. Оның компанияға келуімен жұмыс жаңа арнаға түсіп, тың идеялар туындап, алдағы уақытта іске асырылуы тиіс міндеттер қойыла бастады. Біз бүгінде капиталдың өзара байланыстылығын, әдетте, болуы тиіс құбылыс деп қараймыз, ал сол кезеңде "несиелік рейтинг", "еурооблигация" деген сөздер қолданысқа енді еніп келе жатқан, жаңа ұғымдарды білдіретін сөздер болатын. Құлыбаев "еуробондтарды" шығаруда ізашар болды...» 

Н.Балғымбаев осы сөздерді шынайы көңілмен айтта ма? Әлде, Хрущевтың есімін кітабына амалсыздан тықпалаған маршал Жуковтың шарасыздық кебін киді ме? Қалай десек те, дәл сол тоқсаныншы жылдардың ортасында толқындай тасып тұрған,  «несиелік рейтинг", "еурооблигация» деген сөздерді бір кісідей білетін жастар жеткілікті еді (Билікке, бизнеске тасқындай тасып келген сол азаматтардың қатары  қазір сиреп қалды. Тау мен тасқа басын ұрғызбай,  сүрінбей, жығылмай әзірге аман жүргендердің бірегейі – Тимур Құлыбаев-Р.Е.)  Бірақ, Н. Балғымбаев бірдеңкені білді ме, әйтеуір таңдауын Тимур Құлыбаевқа байлапты.

 Сол күндерден бергі он жылды есептегенде кейіпкеріміз жеке қалтасындағы ақшасын 2 миллиардтан астам долларға көбейткен. Егер қарапайым есептік бөлу амалдарына салсаңыз, Тимур Құлыбаев әлемдегі бай-манаптардың тізіміне қосылғанға дейін ай сайын шамамен 550 мың доллар пайда тауып келген. Бірден айтайық, мұндай табысты Қазақстан түгілі әлемдік супер держава АҚШ президентінің түсіне де кіре бермейді. Сонда, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бір күндік еңбек ақысы шамамен 20 мың долларға  теңелген. Байлық әрине оңайлықпен келмейді. Күніне көз ілмей орта есеппен он сағат жұмыс істеді десек, Тимур Асқарұлы сағатына сіз бен біздің бір айда таба бермейтін екі мың долларды алақанына үкілеп түсіреді екен. 

 «Жақсы әйел еркекті төрге сүйрейді..» деген қазақи қалыпқа  салсақ, Тимур Құлыбаевтың жар таңдауда жолы болғанын көреміз. Асыл жары Динара президент Нұрсұлтан Назарбаетың ортаншы қызы. Динара әпкесі Дариға секілді ел көзіне түсіп, ән салып, саясатқа араласа бермейді. Бірақ, соған қарамастан оның да еңбекқорлығы зор болса керек. Үш баланың анасын үйде бала бағып отырып-ақ, ақша, табыс табу жағынан  күйеуі Тимурдан бір ел, бір тиынға дейін қалыспады.  Динара Нұрсұлтанұызы Құлыбаева  Forbes журналына шыққан дүние жүзіндегі миллиардерлер тізіміне Орталық Азиядан енген жалғыз әйел екенін де айта кетейік. 

Осылайша бизнесте, отбасылық өмірде жолы болған Тимур Құлыбаевты Қазақстанның келесі президенті ретінде көретіндердің қатары көп. Неге? Қазақстан экономикасын ұстап тұрған өнеркәсіптерді басқарғаны үшін бе? Әлде, президенттің күйеу баласы болғандықтан ба? Мүмкін сардар саясаткер шығар? Саясат демекші, 2011 жылдың шілдесінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен көздесуінде Тимур Құлыбаев былай деген-ді:   «Нұрсұлтан Әбішұлы сәуірде президент болып сайланды. Енді мұрагерлік мәселесін талқылап жату орынсыз. Мен экономикалық мәселелермен және бизнесті дамытумен айналысып жүрмін, бұл өзіме ұнайды. Мен ешқашан өзімді саясаткер ретінде көрсеткен емеспін. ....Мен бизнеспен айналысамын. Сая­сатпен ешқашан айналысқан жоқпын, ешқандай да саяси партияға мүше емеспiн. Мен өзiмдi бизнесте еркiн сезiнемiн және бизнесте өз дегенiме жеткiм келедi. Сондықтан жуық арада саясатпен айналысатын ойым жоқ.» «Жуық арада саясатпен айналысатын ойым жоқ...» деген соңғы сөзін байқаған боларсыз. Сол сәттен бері кейіпкеріміз саясаттан қашқанымен өзінің бұрынғы туған бажасы Рахат Әлиев пен замандасы Мұхтар Әблязов оны керісінше саясатқа тартып әуреге түсірді. Отандық телеарналарда, мемлекеттік басылымдарда бұл тартыс мүлдем көрсетілмесе де, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары әрине әлгілердің ұсынуымен Т. Құлыбаевтікі дейтін сәулеті мен дәулеті тасыған зәулім сарайларын түстей бастады. Тіпті, жақында ғана ағылшын ханзадасы Гарри Алматының Шымбұлағына шаңғы тебуге келген еді. Сол сапардан ағылшын газеттері Т.Құлыбаевтың ізін тауып алды. Солардың бірін «Азаттық радиосы» аударып басқан екен. Үзіндісін ұсына кетсек: 

Британияның патшайым отбасы мен Қазақстан элитасы арасында бұрыннан байланыс бар. 2010 жылы Гарридің немере ағасы Эндрю меншік сарайын қазақстандық миллиардер, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа сатып, оның мұнысын БАҚ қатты сынаған еді. 

Ұлыбританиядағы Саннгингхилл паркіндегі 600 акр аумақты алып жатқан сарайды Құлыбаев белгіленген бағадан 6 миллион доллар артық төлеп, 28 миллион 500 мың АҚШ долларына сатып алған. Бұдан соң бұл жай сауда-саттық емес, ерекше ықылас көрсету шарасы екені белгілі болды. Ал сол күтімсіз қалған үй әлі күнге бос тұрған көрінеді. ...Эндрю ханзаданың қазақстандық белгілі әйел Гога Ашкеназимен түскен   суреттері де талай әңгімеге арқау болды. Гога Ашкенази  - Құлыбаевтың үй күтушісі. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, екеуінің екі баласы бар. Бұл жағдай Тимур Құлыбаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның некесіне еш әсер еткен жоқ. Ал Ашкенази болса өзінің Эндрю ханзадаға «ғашық екенін» айтқан .»

Сырт көзге қой аузына шөп алмас, шөп алса да көп алмастай момақан көрінетін Тимур Құлыбаев тіпті М.Әблязовтың қол астындағы Қазақстандағы басылымдармен соттасып та үлгерді. Әрине, кімнің жеңгені айтпаса да түсінікті. Осы сот барысында тілшілер Тимурдың әкесі Асқар Құлыбаевтан пікір сұраған еді. Бұрынғы құрылыс министрі тартынып қалмай, «баласына жала жауып жүрген Рахат Әлиев пен Мұхтар Әблязовты қабырғаға тұрғызып қойып, атып тастау керек!» деп салды.  Қазір екі қашқынның жағдайлары қиындап, Тимур Құлыбаевтың құлағы тынышталған секілді. 

2011 жылғы Жаңаөзен қақтығысынан кейін «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының  төрағылығынан босатылғаннан кейін де Тимур Құлыбаев жерде қалмады. Қазақстанның кәсіпкерлерінің басын қосқан «Атамекен» одағына, энергетикалық секторлар мен мұнай-газ кәсіпорындарын біріктіруші «KazEnergy» ассоциациясына, республикасы бокс федерациясына төраға. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы»,   «Қазатомпром ұлттық атом компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

Батыс басылымдары Ресей президенті В.Путиннің жекеменшік әмияны деп білетіп  «Газпром» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі. Қысқасы, елдің экономикасын ұстап тұрған стратегиялық өндіріс орындары Тимур Құлыбаевтың қолында. 

Алдымен, «эконоимка сосын саясат» деген қағидаға салсақ та, басқа жағдайларға қарасақ та,  Тимур Құлыбаевтың келесі президент болуға мүмкіндігі өте зор. Біріншіден, ол президент болса, билік басындағы бүгінгі тұлғалар алаңдамай елде қалып, қалаған ісімен айналасуына кепілдік алады. Екіншіден, оның қаржысы шаш етектен. Яғни, билікке ол ақша жинау үшін емес, «көлденең көк аттыға» жинағанын бөліп бермес үшін келеді. Үшіншіден, Тимур Құлыбаевтың Еуропа және Ресейдің ірі-ірі алпауыт бинзнесімендерімен байланысы тонның ішкі бауындай орныққан. Әр кәсіпкердің, әр компанияның артында саяси мүдде, саяси тұлға тұратынын ескерсек, батыс қауымдастығы және көзі аларып отырған көршіміз Ресейдің элитасы үшін Т.Құлыбаевтың президенттікке кандидатурасы өте қолайлы. Төртіншіден, Т.Құлыбаев ел ішіндегі саясатқа атойлап ашық із салмаса да, оның кадрлары қажетті орындарды басып отыр. Мәселен, қайта қайта премьер-министр болғыш Кәрім Мәсімов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа мәңгілік көмекші болмас бұрын, осы Тимурдың коммандасынан шыққан дейді. Бесіншіден,  таққа таласар өзге үміткерлерге қарағанда елу жасқа енді аяқ басатын Тимур Құлыбаевтың жасы нағыз піскен, жігерлі жас. Тез байып кеткеніне қарағанда эконоиканы шемішкедей шағады. Балғымбаевша айтсақ, шетелдік терминдерді жатқа соғады. Бұрынғы бажасы секілді «берсең қолыңнен, бермесең жолыңнан» дейтіндей ашкөз емес. Ал, саяси бағыты  ше? Бұл жағы да қиын емес секілді. Президенттің өзі 2050 жылға дейінгі бағдарламаны дайындап бермеді ме? Демек, Тимұр Құлыбаев болашақ мұрагерлер тізімінен ойып тұрып орын алатын кейіпкердің бірі һәм бірегейі болып тұр.

Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай! 

 Мұрағаттан: 10.04.2014




Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: