Өлгендердің не жазығы бар еді?

Screenshot_6.jpg

Тірілердің тірлігі үшін канал салды. Онысы...

...Елуінші-алпысыншы жылдары одақта өңшең ығайлар мен сығайлар мінген «Победа» мәшинесінің о бастағы атауы «Родина» болған-ды. Көліктің сызбасын  қолдарына алып, Кремльге кірген мамандарға Сталин:  «бәрі жақсы, бірақ енді сендер мынаны айтыңдаршы «Отандарыңды қаншаға сатпақсыңдар?» депті. Осыдан кейін «Родинаның» атауы «Победа» болып ауыстырылған дейді. Мұны неге айтып отырмыз?

 Біз үшін Тәуелсіздіктен қымбат, Тәуелсіздіктен қастерлі ұғым жоқ. Бірақ осы ұғымның қадіріне жетіп, шама-шарқымызша оған дақ түсірмеуге келгенде шыны керек, салақтаумыз.  2011 жылы Шардара су қоймасынан машинамен су тартып, Мақтарал ауданындағы диқандарды қарық қылады деген каналдың құрылысы басталғанда оған «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы» деген атау беру туралы ұсыныс қаптады да кетті. «Бұл жоба Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында салынып жатыр әрі ағын суға деген тәуелділіктен құтқарады» дедік мәз болысып. Ақыры осы атау берілді...

 Өкінішке қарай, сол «Тәуелсіздіктің» біраз бөлігі бүгінде тоз-тозы шығып жатыр. Тәуелдіктен құтқарады деген канал елді әурелегені былай тұрсын енді марқұмдарды мазалауға көшті...   

Құрылысқа бас-аяғы 14 миллиард теңгеге кеткен. Әрине аз қаржы емес. Мердігер «Құрылыс» компаниясы. Уақтысында компанияның директоры Қилыбек Тұрлыбек жергілікті ақпарат құралдарында «осындай каналды салу бақыты бізге бұйырды» деп жазып, ағынан жарылған. 2011 жылдың қара күзінде құрылыс аяқталып, ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орманның бұйрығымен арнайы комиссия құрылған. Комиссия төрағасы, аталған комитет басшысының орынбасары О.Жиенқұлов.  Құрамында облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы С.Сүгірбаев,  «Қазсушар» кәсіпорны директорының міндетін атқарушы А.Әлсейіт, аталған мекеменің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры С.Сейсенов, Мақтарал ауданының әкімі С.Тұрбеков, тағы сол сияқты облыстық, аумақтық мекемелердің басшылары бар. 2011 жылдың 21 қазанында нысанды мемлекетік комиссия қабылдап алған, қол қойылып, мөр басылған. 

  Құны 14 миллиард теңге тұратын, ақпарат құралдары «ғасыр құрылысы» деген айдар таққан «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» ашылуы жетім қыздың тойындай елеусіздеу өтті. Алғашқыда Елбасының өзі келіп ашады деген әңгіме шығып, аудан әкімі Серік Тұрбеков ұстаздарға жол бойын тазалатып, ақтатып, сырлатып қойып еді.  Бәрінен де бұрын сол ұстаздардың еңбегі еш кетті. Нысанның лентасын сол жерде жүрген басшылардың өздері кесе салғанға ұқсайды. Жайшылықта ауданда медпункт ашылса да арнайы шақырылатын облыстың басшыларын көрмедік...Кім біледі, бәлкім  бір шикіліктің бары сол кезде-ақ белгілі болды ма екен?

 Содан бергі үш жылда Тәуелсіздік каналының басынан шу кетпей-ақ қойды. Облыстан, республикадан талай басшы келіп көрді. Бірі  қабағын түйіп кетті, бірі бастарын шайқап кетті.   Аудан әкімі Серік Тұрбековтың осы каналмен  90 мың гектар жерді суарамыз деген жоспары әдірем қалды. Мамандардың айтуынша, ағын су жобадағы мөлшердің 20 пайызынан асып көрмеген.  Себебі каналдың су өткізуге мүмкіндігі жоқ. Жыл санап ол мүмкіндік тарылып барады. Себебі алғашқы жылдардан бастап-ақ каналдың екі ернеуі құлап, жарқабақтанып кеткен. Бүгінде сол жарқабақтардың құлауынан канал арнасы кеңіп, табанын батпақ басып жатыр. 

Канал енді жақын жердегі тас жолды бүлдіріп, электр бағаналарына қауіп төндіріп тұр.  Өткен жылдан бері Үшкөпір, Жетіқазына елді мекендерінің халқы шулап, біраз мекемелерге арызданып келеді. Себебі канал жоғарыда аталған ауылдардың  қорымын шайып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қорым жанындағы шырақшының үйі былтыр онсыз да суға кетіп, «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалы оны қайта салып беруге мәжбүр болды. Қауіптің алдын алу үшін біраз шаруалар қолға алынған. Бірақ бәрі «артық қыламын деп тыртық қылғанның» керін келтірді. Каналдың  жағалауы топырақпен нығыздап, ортасына ауыр бетондар тасталып еді. Қатты ағыстан ауыр бетондар каналдың ортасына түсіп, қайта судың жүруіне бөгет жасады. Енді не амал жасау қажеттігін мамандардың өздері де білмей дал. 

Аудан әкімі Серік Тұрбеков даулы мәселеге араласқысы келмеген сияқты (Айта кетерлік басты мәселе, канал құрылысы жүріп жатқан тұста облыс әкімі А.Мырзахметовтың тапсырмасымен  осы құрылыстың сапасын  бақылайтын ауданда арнайы штаб құрылып, оның төрағалығына аудан әкімі Серік Тұрбеков тағайындалған болатын. С.Тұрбековтың бүгін келіп, ештеңеге араласқысы келмейтінін қалай түсінуге болады?). Әкім қазір бұл жұмысты орынбасары Қ.Сыздықовқа итере салған. Ал орынбасар болса,  «канал «Қазсушар» кәсіпорнының балансында, «Сүлеймен ата» қорымының мәселесін солар шешсін» дегеннен басқа жартымды ештеңе айтпапты. 

Ауыл халқының талап-тілегінен кейін оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімізбен көргенбіз. Осы жерде «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Сембай Сейсеновпен кездесудің сәті түсті. Ол «қарап отырғанымыз жоқ» деді.  Шет елден жобалаушы маман шақырыпты, мәселені министрліктің алдына қойыпты, Үкіметтен қаржы сұрапты. Бірақ халықты бұл уәж жұбатып отырған жоқ. Олар «Мәселе шешілмейінше, каналға бір тамшы су жібермесін» деген талап қойып отыр. Бұл талапты орынсыз деуге тағы болмайды. 

Шет елден маман шақырыпты дегеннен шығады, қайбір жолы Мырзашөл өңірін игеруге белсене қатысқан, экономика ғылымдарының докторы Бегім Серіковпен даулы мәселе жөнінде пікірлескеніміз бар. Ол осы жобаға сонау Македониядан мамандардың шақырылғанын айтып, «Македониялықтар біздің жер жағдайымызды білмейді. Одан да бұл салада тәжірбесі мол өзбекстандық мамандарға жүгінгенде жөн болар еді» деді. Маған десеңіз, маманды Африкадан шақырсын, бірақ өзіміздің қолымыздан келмеді, өзің дегенге өгіз қара күші бар, ең бастысы жанашырлық танытатын жергілікті жерден бір маман табылмады дегенге кім сенеді?!  

Біздің әңгіме етіп отырғанымыз «ғасыр құрылысының» бір ғана тұсы. Каналдың бірінші насос станциясы  мен екіншісінің арасы 10 шақырым, оның небәрі 1 шақырымы ғана бетондалған. Каналдағы жер асты сулары зерттелмеген. Бұл енді жобалаушылардың жіберген қателігі сияқты. Мердігердің жұмысы  да мінсіз деуге келмейді. «Қазсушар» кәсіпорны Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры С.Сейсеновтың Су ресурстары комитетінің басшылығына 25 наурыз 2014 жазған хатына қарағанда нысандағы су сорғыш қондырғылар жобаға сай қойылмаған. Соның салдарынан олардың істен шығуы жиілеп,  16 дана сорғыны жөндеу үшін қазынадан қосымша 8 миллион теңгедене астам қаржы шығындалған. Қазір белгілі болғандай, сорғылар Қытайда шығарылғаны анықталып отыр. Ал жобада ол ресейлік болуы тиіс көрінеді. 

Былтыр каналды жөндеуге 45 миллион теңге бөлінгенімен одан еш нәтиже жоқ. Бұлай жалғаса берсе, канал басқа қонған бақыт емес, оның жағалауына жақын қонған ауылдар үшін сорға айналуы мүмкін-ау. 

Бір айта кетері, «ғасыр жобасына» белсене қатысқан шенеуніктердің алды мемлекеттік медальдарды иеленсе, бірінің қызметі жоғарылаған, бірі депутат атаныпты. Су ресурстары комитетіндегі жауапты қызметтерді атқаруға кеткен С.Сейсеновтың «Қазсушар» кәсіпорнының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының  директоры қызметіне қайтып оралуы да осы каналмен байланысты көрінеді. Рас-өтірігін кім білсін, С.Сейсеновке кеткен кемшілікті қайтып қалпына келтіру тапсырылыпты дейді қалқанқұлақтар. 

 Күнді алақанмен көлегейлеуге болмайды. Бүкіл Мырзашөл өңірінің халқы біліп отырған жайтты құзырлы органдар, Астанадағы жоғары лауазымды басшылар білмей отыр дегенге илануға бола ма? Білсе, неге шара жасамайды? 

Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЫ,

«РЕЙТИНГ».

Мақтарал ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облыcы

Мұрағаттан: 17.04.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: