Мұрагер. Бауыржан Байбек

photo-20171042.jpg

Бір жарым жылдан бері Бауыржан Байбек айғайламай жүріп, «Нұр Отанда» іштей кадрлық өзгерістер жасады. Бұрынғының көзін ысырып, қасына өрімдей жастарды жинады. Сосын, партияның атауын күзеп, «халықтық демократиялық» деген сөзін шорт кестіріп, жай ғана «Нұр Отан» деп шұнтитып тастады. Съез өтіп, жаңа доктрина қабылданды.  Бұдан бөлек, сан жылдан бері айтыстың кемесін өрге сүйреген Жүрсін Ерманды шектетіп, халыққа ортақ өнер – айтысты жеке үйірмедей жекеменшектеп, партияның бақанына байлатты. Ел есінде Б. Байбек «бүлдірген»  немесе нұрландырған шаруалар бұлар ғана емес. Жастығына қарамастан, президент әкімшілігінде үндемей жүріп, біраз қызметтің басын қайырған Бауыржан Байбек ашық саясатқа келе салып, дүйім жұрттың есін шығарды бастапқыда.   «Беті ашылып» саясат алаңына шыққан сәтіндегі жастармен өткізген кездесуінде ол өзі оқыған Германиядағы үнемшілдікті айта келіп, былай деген-ді: «...Ол жақта коммуналдық қызметке аз-ақ ақша төлейтін үйлер бар.  Коммуналдық қызмет өкiлдерi «үй иесi қайтыс болып кеткен жоқ па?» деп келiп, тексеріп  жатады. Өйткені, ол жақта тұратындар үнемшіл. Олар алдымен  ыдысын жуады, кейiн сол сумен еден жуады. Немесе балаларын бірінші жуындырып, артынан сол суға өздерi жуынады. Мiне, үнемдеу деп осыны айт”.  Бауыржан Байбектің осы сөзі заманауи тілмен айтсақ, интернет біткенде «хит» болып, өзіне көп жарнама жасады. Бірі кекетті, бірі мұқатты. Бірақ, бәрібір оның атағын аспанға шығарып, танымалдылығын арттырды. Негізгі айтар ойы дұрыс болғанымен, жеткізуінде сүрінген оған «бұл қайдан шыққан бала батыр?» деп тосырқай қарағандар да табылды. Б. Байбек оларды көп күттірмеді. Төбеден балғамен ұрғандай ғып, отбасылық құпиясын жайып салды.  ҚазТАГ агенттігі бірінші  таратқан ақпаратта ол бүй деді: «...Менiң әкем Н.Назарбаевтың сыныптасы. Менiң отбасым мұны алға тартып, кеуде қаққан емес, бiрақ еш уақытта жасырған да жоқ. Бiз мұны үнсiз мақтан тұттық!”.  

 Үнсіз мақтаныш бала кезден-ақ кеудесін кернеген кейіпкеріміз бір қызығы «Болашақпен» шетел асқанда Н. Назарбаев секілді саясаткер болуды мақсат етпей, музыка әлемін бағындырмаққа бет алған. Бірақ, өмір иірімдерімен өнер сахнасына шықпастан, саясаттың «қорасына»  оқу бітіре салып-ақ кіріп кеткен. Әуелде Германиядағы Қазақстанның бас елшiлiгiнің қара нанын жеп,  атташе қызметiн атқарған. Кейіннен президент әкiмшiлiгiне референт жұмысына ауысқан. Содан, ай сайын болмаса да, жыл сайын сатылап өсе берген. Білетіндердің айтуынша,  Ақордада жүрген кезінде жап жас жігітпен кез келген министр құшақ жая амандасып, қауқылдасып қал сұрастырып жүріпті. Және  мемлекеттік қызметкерлерге қатысты енгізілген жаңа реформалық бағыттар, яғни «А», «В» секілді корпустардың пайда болуына бірден бір тер төккен де осы Б. Байбек дейді. Қырықтың қырқасына енді шыққан кейіпкеріміздің болашақтағы ендігі бағыты  демек, «Нұр Отанның» жаңа доктринасын алға сүйреу, мемлекеттік қызмет реформасын жетілдіру мақсатымен ұштасып тұрған жоқ па? Егер олай болса, Бауыржан Байбекті Қазақстанның  келесі президентіне үміткерлер қатарына қосуға бола ма?  

Әрине,  саясаткер ретінде бұл кейіпкеріміздің шыңдалып, шынықпағаны, толып, жетілмегені туралы көп сөз айтуға болады. Бірақ, Қаскелеңнің тумасы ашық саясатқа сонау Германиядан Астанаға асық ойнау үшін келмегені түсінікті ғой.

Жан жағымызға бір қарасақ, қазіргі ішкі және сыртқы жағдай  Қазақстан билігінен күрделі  өзгерістерді талап етіп тұр. Бұл «президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін-ертең Ақордадан көшеді» деген сөз емес. Президент мүмкін тағы да бір мерзімге қайта сайланар. Бірақ, кез келген саналы басшы өзінің соңынан еретін ізбасар тәрбиелейді емес пе! Н.Назарбаевтың бұл мәселені ойланбауы тіптен мүмкін емес қой. Екіншіден, қазіргі таңда сол жағалауда болуы мүмкін өзгерістердің сұлбалары туралы көп сөз айтылуда. Әрине, оның арасында жел сөз де кездеседі. Бірақ,  ақылға қонатын әңгіме де бар. Мәселен, дәл қазіргі президентте бар құзыретті келесі президентке қалдырмау жайы кейбір бастарда пісіп жатыр екен. Бұл енді дұрыс ниет. Себебі, біріншіден, қанша тырысса да, ешкім енді бәрібір екінші Н.Назарбаев бола алмайды. Екіншіден, саяси реформасыз тығырықтан басқа жол жоқ. Жылы кабинетте отыратындар мұны сезеді, түсінеді. Және ауыспалы кезең ешқандай қақтығыссыз өту үшін ақылды бастар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуді ойланып, толғанып отыр дейді білгіштер. Яғни, саяси шешім шықса, алдағы  жылдары Қазақстанда президенттік-парламенттік басқару жүйесіне ұқсайтын жаңа жүйе пайда болуы мүмкін. Сенат таратылып, Мемлекеттік хатшылық лауазымы қысқаруы да ғажап емес. Мұның бәрі билік тармақтарының таразысын теңеу үшін, яғни,  болашақ президенттің құзыретін тарылту, азайту, кеміту үшін керек болмақ. Егерәки, осындай өзгерістер шын мәнінде болып, жаңа қадамдар жасалса, онда бүгінгі күнгі саясаттағы шортандар жағаға ысырылып шығып қалуы да мүмкін. Немесе ортақ мақсат пен капиталдың тыныштығын ойлайтын саяси, қаржылық топ  таңдауы өсер буынға байлауы  бек мүмкін. Олай болса, Бауыржан Байбек дәл қазіргі сәтте  қажетті және маңызды жерде отыр. Кейіпкеріміздің басына осындай бақ қонар болса, оған қазіргі президент те аяғынан тік тұруға жәрдемдесе алады. Өйткені тұңғыш президент туралы заң бойынша, Н.Назарбаев биліктен кеткен соң да ауқымды, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге қақысы бар. 

Демек, мемлекеттік құрылымдарда болуы мүмкін өзгерістердің болжамына қарасақ, Бауыржан Байбекті президенттікке үміткерлер қатарына қосуға әбден болады. Ал, әзірге ол билік партиясы атынан алыс-жақынмен қарым-қатынас орнатып, түрін танытып, сөзін түзеуде.  Өңірлерді аралап, әкімдердің жүгірісін аңдуда. Кімнің кім екенін түстеп білуде. Баспасөзде шыққан әр сынға дереу шара қолданғандай кейіп көрсетіп, халықтың пікіріне құлақ түруге талпынуда.  Қысқасы, билік партиясына және өзіне жағымды имидж қалыптастыруға барынша күш салуда. 

 ... «Нұр Отанның» бірінші орынбасарлығына тағайындалар сәтінде Бауыржан Байбекке президент Н.Назарбаев сөз арасында «...Әзірге ешқандай мәлімдеме жасамай тұра тұр» деді. 

Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

Мұрағаттан: 17.04.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: