Әскерге барған әкімдер

Screenshot_22.jpg

Отан қорғау әрбір жігіттің азаматтық борышы! Осы сөз қазір ел аузында мүлдем айтылмайды. Әскерге бару мақтаныш емес. Әскерде болу мақсат емес. «Өмір көріп, шыңдалып, шынығып, шекара күзетемін» деп тепсініп тұратын оқушы да жоқ. Керзі етіктің өкешсін тесіп келген сарбазға қызыға қарайтын бойжеткен де жоқ. Ерікті әскерге қазір амалы құрығандар болмаса, әскери билетке қызыққандар ғана баруда. Билет болса, кез келген мекемедегі күзтешілік болсын,  жұмыс табылар деген сөз. Келісімшартпен қару ұстағандардың мақсаты көп жағдайда отбасын асыраудың амалы. Рас, әке жолын саналы түрде қуып, офиссер атанғысы келетінде де бар. Бірақ, олар соншалықты көп емес. Жалпы халықтық сипатта емес. 

Ал, бұрын басқаша болатын. Әскерге бару абырой, бедел еді. Бір ауыл болып шығарып салып,  ауданнан барып қарсы алатын. Жаңа келген солдаттар ауыл ішінде әскери киімін айлап шешпей, мақтанып жүретін. Әскерде болмағандарға қыздар да қарай бермейтін. Содан да шығар, колхоз, совхоздағы басшылар балаларын сүйреп жүріп, жоғарғы оқуға түсірсе, олардың бірсыпырасы әке-шешесіне айтпастан, ары қарай әскерге қашып кететін. Сондай ромонтикалық буынның өкілдері қазір ел басқарып жүр. Жастар алдына шығып, отансүйгіштік туралы жалынды сөздер айтуда. Бірақ, біздегі шенеуніктің бәрі Англияның патшайымы секілді емес. Балаларын шыңдалсын деп сарбаздық өмірді көруге көбісі жібермейді. 

Ал, әскерден бұрын шетелге шығып, білім алуды аңсайтын шенеуніктерін балаларын айтпағанда бүгінгі әкімдердің өздері кезінде қолдарына қару ұстап, көз ілмей қайсысы шекара күзетті? Жас жағынан алып қарағанда әкімдердің ақсақалы атанған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың өмірбаянынан әскери борышын өтеді деген сөзді таппадық. Ал, елдегі ең жас әкім Ақтөбенің «қожайыны» Архимед Мұхамбетов Ресейге барып, білім алғаны болмаса, ол да солдаттық көженің дәмін татпаған секілді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов анда-санда танкіге мініп, оқу жаттығуларға барып, тапанша атқаны болмаса, ол да сапта тұрып көрмеген сарбаз екен. Әрине, жастайынан қызметке іліккен бүгінгі әкімдер жоғарғы оқуы орындарында арнайы дайындық курстарынан өтіп, әскери билет алғаны анық, Себебі, Совет кезеңінде бұл міндет болатын. Сол кездегі жағдайға қарасақ, жағрафия пәнінің мұғалімі бойынша сауатын ашқан бүгінгі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов екі аяғына керзі етік кисе, бәлкім әскерде тыңшылық қызмет атқарар ма еді? Ал, Ақмола облысының басшысы Қосман Айтмұхамбетов құрылысшы болып, үй салғандай екен. 

Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов мал дәрігерлік мамандығына орай шекара күзететін иттерді баптар ма еді?  Сөйтіп, бүгінгі жастардың алдында өздерінің әскердегі тәжірбиесімен бөлісер ме еді? 

Біз 14 облыс, Алматы мен Астана қалалары әкімдерінің өмір баяндарын барынша ақтарып көрдік. Бір қызығы, 16 әкімнің ішінде екі әкім ғана екі жылғы өмірін әскерге арнапты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының басшысы Бердібек Сапарбаев 1971-1973 жылдардың аралығында туған жері Қазақстанды аңсап, ағайын-туысқа алыстан хат жазыпты. Сондай-ақ, Қарағанды облысының «қожайыны» Бауыржан Әбішев 1987-1989 жылдары сапта тұрыпты. Өмірбаянында қай жердің қара көжесін жегені жазылмаса да, Б.Әбішев үшін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен  кейін әскери борышын өтеу оңайға соқпағанын топшылай беруге болатындай. Дегенмен, оның кеден қызметінің полковнигі деген әскери атағы да бар. Яғни, бүгінгі әкімдердің ішінде біздің білуімізше, осы Б. Әбішев қана әскери шен жағынан бәрінен жоғары. Қалғандары лейтенант деңгейінде қалғандай. 

Бұрынғы кездегі қарапайым жұрттың санасындағы түсінікпен қарсақ, бүгінгі облыс әкімдерінің басым бөлігі Отан қорғамаған болып шығады. Алайда, заманауи тезге салсақ, Отандың әскерге бармай-ақ қорғауға да болатындай. Қалай екені мүлдем бөлек тақырып. 

Мұрағаттан: 24.04.2014

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: