Шымкент байға неге кедей?

Screenshot_10.jpg

Қазақстанда миллиардерлердің тізімін  Болат Өтемұратов бастап тұр. Жақында «Forbes Kazakhstan» журналы елдегі тасы өрге домалаған елу кәсіпкердің тізімін жариялады. Сайдың тасындай іріктелген елу бизнесменнің бесеуі миллиардер, 45-і миллионер. Уақтысында президенттің көмекшісі, қазір штаттан тыс кеңесшісі қызметтерін атқарып жүрген Б.Өтемұратов кейінгі кездері өзіне жарасымды әдемі мұртын қырып тастаған еді. Бірақ бизнеске келгенде Б.Өтемұратовтың  «мұртын балта шаппаған» екен. Байлығы жағынан президенттің қызы мен күйеуі баласын да артта қалдыру, елдегі №1 бай атану дегеніңіз, қарадан шығып хан болғанмен тең дәреже емес пе?   Бар байлықтарын 1,8Х1,8 миллиард доллармен қылдай бөліп алған Тимур, Динара Құлыбаевтар екінші-үшінші орынға жайғасты. Айтпақшы, президенттің қызы  Динара Құлыбаева Орталық Азия елдерінен шыққан тұңғыш әрі әзірге бірден-бір миллиардер әйел болып тұр. 

   Әйгілі «еуразиялық үштіктің» үш қожайынының ішіндегі жалғыз қазақстандық Алиджан Ибрагимов миллиардерлердің үштігін аяқтайды. Оның дәулеті 1,7 миллиард долларды құрапты. Оңтүстіктің Мақтарал ауданында туып-өскен, қазақ мысының қожайыны Владимир Ким бұған дейін қазақстандағы миилиардерлердің тізімін бастап тұрған еді, бұл жолы оның біраз мысы басылып, 1,6 миллиард доллармен бесінші орынға табан тіреді. Осыменен миллиардерлердің тізімі жабылады, доллар миллионерлердің тізімін банкир Нұржан Сұбханбердин бастапты. 

Қазақ бизнесмендерінің уысындағы ақшадан ненің исі шығады?  Мәліметтерге қарағанда, шылқа-шылқа ақша негізігінен мұнай, жылжымайтын мүлік, банк, өндіріс, телекоммуникация салаларында жатыр екен. Ақшаны ақша табады. Миллиардерлер мен миллионерлер алпауыт инвестор. Қаржыларын отандық кәсіпті былай қойғанда шетелге де салады. Шетелдің үлкен-үлкен тапсырыстарын да орындайды. Қазақ бизнесінің жиырма жылда жеткен табысы міне, осы. 

Әдетте Шымкентті байлардың мекені деп атап жатады. Бірақ қолда бар ресми мәліметке қарағанда Оңтүстік байға кедей екен.  Тізімнен Оңтүстіктен тек бір ғана миллионердің аты-жөні жүр. Ол облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Ол 35-ші орынға жайғасыпты. «Forbes Kazakhstan» журналының берген анықтамасына қарағанда Сейітжановтар отбасына  $185 000 000 тиесілі, табыс көзі, мұнай, құрылыс. Мұнай және газ министрлігінің берген мәліметінше, Атырау мен Қызылорда облыстарындағы мұнай барлау жұмыстарының конкурсында «Ocean Petroleum» және «Нурсат-Бауыр и К» компаниялары жеңімпаз болып танылған. Екі компанияны Бақытжан Сейтжанов басқарады. Ал компаниялардың құрылтайшысы  оның әкесі  Серікжан Сейітжанов басқаратын «Оңтүстік қаржылық сауда-өнеркәсіптік корпорациясы». Серікжан Сейітжанов «САУТС-ОЙЛ» деп аталатын ірі мұнайгаз компаниясы басшысы ретінде белгілі. Аталған отбасы «Оңтүстік қаржылық сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» 100 пайыз иеленеді (Серікжан Сейітжановқа, оның жұбайына, қызына және екі ұлына, әрқайсысына 20 пайыздан). Ал аталған корпорацияның құрамына «Мұнай Құрылыс Сервис»--100 пайыз, «SMART OIL» 100 пайыз,  «Стандарт Цемент» 100 пайыз және «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-і 51 пайыз кіреді. «САУТС-ОЙЛ» қазір Қызылорда облысының Құмкөл, Қазалы аудандарында мұнай барлау жұмыстарымен айналысады. 50 дәулетті кәсіпкердің ішінде бұдан басқа  бірде-бір оңтүстікқазақстандық кірмей қалды. Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан миллионерлер жоқ емес. Мәселен, бұған Арыстан шыққан кәсіпкер Дінмұхамет Ыдрысовты (465 миллион—14 орын), Бахариддин Аблазимовты (165 миллион—37 орын) жатқызуға болар еді. Бірақ Оңтүстікте туып-өскені болмаса олардың бизнесі батыстың мұнайында көрінеді. 

Бір айта кетері, 50-інші орында тұрған бизнесменнің дәулеті 85 миллион долларды құрайды екен. Ал енді оңтүстікте жиған-тергені 85 миллион доллардан асатын бір ғана кәсіпкер бар дегенге сенесіз бе? Қазақстандағы үшінші мегополист атанып жатқан қалада бай-манаптар неге аз? Елбасының өзінен бастап «ал, байыңдар» деп жатқанда, өзге жұрт істің көзін тез табады, ылдым-жылдым дейтін шымкенттік кәсіпкерлерден бір ғана миллионердің шығуы ұяттау болып тұр. Әрине, бай байлығын қара халыққа шүлен таратқандай үлестіріп бермесі бесенеден белгілі. Мәселе қордаланған капиталдың өңірдің экономикасына қызмет етуінде болып тұр ғой. 

Рас, Шымкентте мұнай жоқ, түсті металл жоқ. Онсыз да уақтысында алпауыт зауыт-фабрикалар шетелдік инвесторлардың қанжығасында кетті. Бірақ Теріскейдің қойнауы толған уран. Осы байлықтың арқасында Қазақстан әлемде уран өндіруден бірінші орынға шықты. Түсіп жатқан табыс көл-көсір. Бірақ осы байлыққа ортақтасуға, қаржы салуға бірде-бір қазақстандық миллионер мұрын тықпапты. Неге? Туризм де оңтүстікте сұранып тұрған сала.  Бұл кәсіпке байлар үйірсіктей бастағанымен шылқып жатқан әзірге ешкім жоқ сияқты.  Қазақстанда мақта егетін бірден-бір облыстан мақта магнаттары да шықпай тұр. «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағының ашылғанына жаңылыспасақ 10 жылдан асып кетті. Осы он жылда жеңіл өнеркәсіптің ордасы болады деген аймақтан зауыт-фабрикасының жұмысын ұршықша иірген бір миллионер шықпапты. Қайта Оңтүстікте қайта ашылған зауыт-фабриканың артынша жабылып қалуы әдетке айналып кеткені қашан.  

Айтқандай, дәл осы журнал жақында облыстардың қаншалықты бәсекеге қабілеті екендігі жөнінде рейтинг түзіпті. Негізгі көрсеткіштердің бірі бизнес пен билік арасындағы байланыс. Рейтингте Оңтүстік Қазақстан 16 облыс, қаланың ішінен 16-шы орын алды. 

Мұрағаттан: 15.05.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: