Мұрагер. Жармахан Тұяқбай

Screenshot_15.jpg

Газетіміздің өткен сандарында «Мұрагер» арнай жобасында еліміздің келесі президенті болуы мүмкін тұлғалар жайында аз-кем жазған едік. Бүгінгі кейіпкеріміз олардан өзгеше екенін айта кетейік. Себебі, ол өзгелері секілді келер шаққа көз жүгіртіп, әлде нені тосып отырмады. Саясат майданына шықты да «Қырымын» жоғалтып алды. 

Сонымен, жиырма жылдағы оқиғалар тізбесіне көз жіберсек, Ақордадағы президенттік таққа іс жүзінде қарға адым жақындап барған екі ғана адам бар. Оның бірі – Жармахан Тұяқбай. Екіншісі – Рахат Әлиев. Соңғысы ресми дерек бойынша, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғаны үшін сырттай сотталды. Президент Н. Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласына қатысты әскери сот қоғам үшін жасырын өткендіктен  Рахат Әлиевтің билікті басып алу операциясы не үшін сәтсіз аяқталғанын оқиғасын тап басып айта алмаймыз. Ал ашық саясатқа шығып, Н. Назарбаевпен бәсекелескен Жармахан Тұяқбай мырза туралы ел алдындағы келбетін айта кетуге тұрарлық. 

Сонау 2000-шы жылдардың басында қоғам, оның ішінде биліктегілер  Мәжілістің төрінде тып-тыныш отырған Жармахан Тұяқбайдан қандай да бір «сурприз» күтпеген еді. Әрине, сол кездегі мәжілісті қазіргідегідей «қой аузына шөп алмас, шөп алса да мол алмас нағыз момынның өзі еді» деп айтуға келмейді. «Батырлыққа» бірнеше себептері түрткі болды. Соның бірі қазіргідегідей депутаттардың партиялық тізіммен емес, жеке аймақтардан сайланғандығы болса керек. Марқұм Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Серікболсын Әбділдин, Аманбек Тышан, Төлен Тоқтасын, Әбдіжәміл Бәкір, Амангелді Айталы, Серікбай Әлібаев, Болат Әбішев, Болат Әбілев секілді қоғам қайраткерлері  қал-қадірлерінше ел үмітін ақтауға тырысты. Осындай шоғырдың ортасында әрқашан қабағы қатулы көрінетін Жармахан Тұяқбай төрде отырғаны болмаса, айтарлықтай ерекшеленген жоқ.  Дегенмен, әділдік үшін айта кетсек, «Жер кодексін» қабылдар кезде Ж. Тұяқбай бастаған мәжіліс депутаттары И. Тасмағамбетовтің үкіметімен ашық «айқасты». Бұл «соғыста» сенат «бейтараптық танытып», Ақорда үкіметке болысып, «Жер кодексі» үкіметтік нұсқасымен қабылданғанымен 2003 жылдың 11 маусымында премьер-министр И. Тасмағамбетов отставкаға кеткен-ді. 

Осы жеңістен кейін Мәжіліс төрағасы ретінде  Ж.Тұяқбай Үндістанға ресми сапарлап барған еді. Көз көргендердің айтуынша, жетпістен асып, отыруынан тұруы қиындаған премьер-министр Атал Бихари қонағын күтіп алған сәтінде «Осы билікке келу үшін қырық жыл оппозицияда жүрдім. Түрмені де көрдім» деген екен. Мемлекеттік лауазым иесі ретінде сол кезде соңғы рет ресми сапарға шыққан Жармахан Тұяқбайға Үндістанда естіген осы сөздері әсер етті ме, әйтеуір билік партиясының тізімі бойынша бірінші болып мәжіліске қайтадан еніп тұрған жерінен бас тартты. Парламенттік сайлаудың нағыз сайқымазақ болғанын, халықты осылайша алдау, сенімін ұрлау мемлекетті жарға жығатынын айтып салды. Осылайша бас тартты да Ақорда тұрғындарын  қатты састырды (Қазірде шенеунік болып жүрген бір мырза (аты-жөнін белгілі себептермен айта алмаймын)  сол кездегі  өзара әңгімемізде  «Енді мәжіліске мінезді төрағаны жолатпайды. Марат Оспанов пен Жармахан  Тұяқбайдың тірлігі сабақ болады» деген-ді. Айтқаны айдай келгендей ме? – Р.Е )

Сол кездегі биліктің бұлбұлына айналған  Е. Ертістбаев «Ж. Тұяқбайдың оппозицияға өтуін  ұйымдастырған Алтынбек Сәрсенбаев» дегендей қол астындағы газеттерге сұхбат беріп, бажылдап қалды. 

Кім қалай десе де, Ж. Тұяқбай «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын құрды. Оның бастамасымен жаңа Конституцияның жобасы жасалды. Елдің экономикалық-әлеуметтік бағдарламасы анықталды. Ж. Тұяқбайды социал-демократ Серікболсын Әбділдин, ұлттық иделогиялық бағыттағы марқұм Болатхан Тайжан, Жасарал Қуанышәлин, классикалық демократиялық оппозиция өкілдері Сергей Дуванов, оңшыл Әкежан Қажыгелдин, сондай-ақ, мемлекеттік-реформаторлар марқұм Алтынбек Сәренбайұлы, Ораз Жандосов, Ғалымжан Жақиянов  секілді тұлғалар және Болат Әбілев секілді бизнес-өкілдері барынша қолдады. Қарапайым халықтың қошеметі де кем емес-ті. Сөйтіп Тәуелсіз Қазақстан тарихында 2005 жыл шын мәнінде  таңдау мен тартысты жылға айналды.  Әрине, Жармахан Тұяқбайда теледидарға күні-түні шығуға, радиодан түспеуге, мемлекеттік басылымдарда жиі-жиі басылуына Н. Назарбаевтікі секілді мүмкіндік мүлдем болған жоқ. Бірақ, Н. Назарбаев түскен арғы-бергі сайлауларды саралар болсақ, қарсыластарының ішінде шоқтығы биік болғаны да осы Жармахан Тұяқбай. Мемлекеттік телеарналар сол кездергі Назарбаевтың мерейін асыру үшін президенттің шетел басшыларымен ресми жиындарда түскен суреттері мен кездесулерін эфирден тоқтатпай бергені  есте. 

Дегенмен, сайлаудың нәтижесі, дауыс беру мен оны санаудың соңы белгілі. Ресми мәліметті мойындағандар да, мойындамағандар да баршылық. 

Сол сайлаудан кейін елде үлкен өзгерістер өтті. Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен, саяси тапсырыспен кісі қолынан қаза табуы Ж. Тұяқбайдың туына топтасқандарды ыдыратып жібергендей. Бүгінгі оппозицияда жан жоқ. Ал,  «Үштаған» деп А. Сәрсенбайұлы ат қойған биліктің ішінен  қанның иісі шықты. Жарты патшадай жүрген Рахат Әлиев әйелі Дариға Назарбаевамен еркінен тыс ажырасып, шетелге қашты. Біраз генералдар сотталды. Биліктің басында жүріп,  істі болғандар да болды. 

Ал, кезінде азаматтық ұстанымын мансаптан жоғары қойып, тәуекелімен топқа түскен Ж. Тұяқбай бүгінде үнсіз. Анығын айтқанда, жар басында қалған жалғыз моладай. Әр нәрсеге өзіндік ойын айтып, атойлап жүретін бір серігі Болат Әбілев саясаттан кетсе, Әміржан Қосановпен бір қазанға бастарын сиыстыра алмағандай. 

Жалпы, Жармахан Тұяқбайдың мемлекеттік қызметтегі ізіне қарасақ, үш мәселені ерекше айтуға болады. Біріншісі, ол  еліміздегі Мемлекеттік Тергеу комитетінің тұңғыш және соңғы төрағасы. Бұл мекеме тәуелсіз Қазақстан тарихында жемқорлыққа қарсы күресетін ең алғашқы орталық болды. Ж. Тұяқбай басқарған мекеме  шортандарды топырлатып ұстай бастағанда оны таратып жіберді. 

Екіншісі, ол төрағалық еткен мәжіліс біраз заң жобалары үшін, оның ішінде «Жер кодексі» үшін үкіметпен «қырықпышақ» болысты. Одан кейінгі мәжілісте мұндай мінез байқалмады.  Үшіншісі, осыған дейінгі сайлауларда  Н. Назарбаевқа ең қауіпті қарсылас болды (Ә. Қажыгелдин  Ж. Тұяқбай секілді «екі аяғын тең баса» алмаған).  

Саясаттың осындай алмағайып, жауапты соқпақтарын көрген кейіпкеріміз бүгінде үнсіз. Үндістанның премьер-министрі Атал Бихаридің кезінде өзіне айтқан сөзі Ж. Тұяқбайды қазір қанаттандырмайтын секілді. Әлде, алдағы сайлауда Н. Назарбаев қатыспайтын болса, қайтадан бағын сынап көре ме?

Мұрағаттан: 15.05.2014

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: