Асанәлі Әшімов...​ Алданып қалды ма, елді өзі алдап жүр ме?

18-900x_.jpg

«Асанәлі Әшімов Қайрат Нұртасқа алданып қалыпты», «Асекең «Өкініш» фильміне түскенін өзі де білмей қалыпты». Қазір ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде осындай әңгіме қызу жүріп жатыр. Жел сөз емес, Асанәлі Әшімовтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында дәл осылай дегені де рас. Оған Қайраттың шешесі екеуі келіп, бата сұрап, онысын бейнетаспаға түсіргенін, бірақ бұл көріністің фильмге  пайдаланылатынын алдын ала білмегенін айтыпты. «Әйтпесе, Қайрат Нұртас арқылы атымды шығарып қайтейін?» дейді «Өкінішке» өкініш білдірген Асекең. Сіздерді қайдам, осыны оқыған соң өз басымыз «Әй, осы Асекең неге ұдайы алданып қала береді?» деп аң-таң болдық.

Тарихты парақтасақ,  1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жігіттерді «нашақор», «маскүнем» деп, айыптаған үндеу хатқа қол қойған қазақтың біртуар Халық әртістері, Халық жазушыларының  бел ортасында Асанәлі Әшімовтың де болғаны белгілі. Келер ұрпақ үшін қатты ұялатын осы бір өте ыңғайсыз жағдай төңірегінде  кейіннен пікір білдірген Асекең «хатқа қол қойғанын жоққа шығарып», әлдекімдердің алдап соққанын айту арқылы қателігін жуып-шайған болды. Мақұл, өткен іс өтті дейік. Одан бергі аралықта бірқатар ақпарат құралдары Асанәлі Әшімовтың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы белсенділерінің үндеуіне қол қойғанын жазды. Асекең кейінен бұл хатпен толық таныспағанын, білместікпен қол қойып жібергенін айтып ақталды. Тізбектей түссек, мұндай масқара фактілер аз емес сияқты. Сонда да тағы біреуіне тоқталайық.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы дарама театрда бас режиссер мен мәдениет саласының басшылары арасында  шу шықты. Режиссерге   мүйізі қарағайдай бір топ жазушылар, драматургтер ара түсіп, хат жазды, оны  республикалық газетте жариялады. Арасында Асекеңнің де аты жүрді. Осыдан кейін облыстағы бір басшылар әр келген сайын сый-сияпатсыз жібермейтін А.Әшімовке телефон шалып, «мұныңыз қалай?» депті.   Сонда Асекең «шахмат ойнап отырып, біреудің әкелген хатына қол қоя салған едім, қазір өзім де ыңғайсыз жағдайға қалып отырмын» депті. Енді міне, Асекең жиырмадағы жігіттің фильміне қалай түсіп қалғанын өзі де білмей, тағы да ыңғайсыз жағдайға қалып отыр. Алла амандығын берсе, алдағы екі-үш жылда жасы сексенге келетін, атағы дардай, өнеріне бүкіл қазақ тамсанған ақсақалдың мұнысы не дейсің? Атақ-даңқты жету бір басқа да, сол даңққа дақ түсірмеу бір басқа ғой. Әй, осы Асекеңдікі аңғалдық па, ақталғандық па, әлде алданып қалдым деп, өзі елді алдауға әдеттеніп кеткеннен сау ма?  

«Рейтинг» газеті қаңтар, 2014 жыл

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 250 баланы лагерьге шақырды
  • Түркістан облысында әрбір жас маманға 1,5 млн. теңге төленеді
  • Полицияның халықтық кеңсесі ашылды
  • Әзімхан Қойлыбаев Түркістан облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды
  • Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер тұрақты бақылауда