Атхамбек Юлдашев әнші ме әлде емші ме?

03.jpg

Осы күні несібесін өнер саласынан теріп жүрген ағайындардың арасында әр нәрсенің басын бір шалатын әсемпаздар көбейіп кетті. Тіпті әсемпаздық пен әмбебаптық бір ұғымға айналды. Өзі әнші, өзі сазгер, өзі ақын. Асабалығы өз алдына бір төбе. Қажеті болса киноға түсіп, актер де бола береді, сценарийін де өзі жазады, сахнаға шығып, елді күлдіретін сайқымазақ да айнала салу да бір пәсте. Әй, бірақ қанша жерден сын қырлы болса да, әзірге Шымкенттен шыққан Атхамбек Юлдашевтың әмбебаптығына жете қойған ешкім жоқ-ау. Ол әнші, сазгер, продюсер, актер, дуакеш, бақсы, емші, кәсіпкер, меценант, президент.

 Шымкентте қазір Атхамбек Юлдашевтен керемет адам жоқ. Иә, ол туралы шымкенттік ақпарат құралдары дәл осылай «өте керемет адам» деп жазды.  Әлгі ақпарат құралдарына сұхбат берген А.Юлдашевтың өзі былай депті: «Астанада өткен концертіме жиналғандар көп болды. Олар «браво» деп айқайлай берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев менімен жеке келіп сәлемдесті, қолымды алды. Бұл мен үшін үлкен абырой және ерекше мәні бар оқиға».  Елбасының өзі концертіне арнайы барып, елдің көзінше ілтипат көрсеткен «керемет адамнан» сый-құрметті бұдан кейін кім аяп қалсын. Әйтеуір еңбегі сіңсін-сіңбесін Атхамбек Юлдашев мәдениет қайраткері атағын да алды. Қайбір жылдары Оңтүстіктің әкімі Асқар Мырзахметов Шымкенттен «Шәмші әлемі» алеясын ашып, оған оңтүстіктің топырағынан түлеп ұшқан әнші-сазгерлердің есімін жаздыртқан. Осы тізімнен Атхамбек Юлдашев ойып тұрып орын алды. Егер бар ғой, Халық әртісі атағын өкімет баяғыда тәрк етіп тастамағанда Атхамбек оны да алар ма еді?! Халықаралық, әлемдік деңгейдегі атақ пен қызметтің де құлағын ұстап жүрген оған Халық әртісі дегеніңіз сөз болып па. Қайбір жолы интернетте Атхамбек Юлдашевтің туған күні мен қызының ұзату тойынан түсірілген бейнекөріністі көріп, аузымыз ашылды да қалды. Құдай-ау, қонақ күтуден шаршамайтын қазақтың менмін деген байының тойы бұлай өтпейтін шығар. Шымкенттегі ең қымбат «Алтын сарай» тойханасы. Дастарханда ас та төк ас, мың бұралған биші, құлақ құрышын қандырған әнші. Жарайды, ол жағын қоя тұрайық, айтайын дегеніміз, осы тойда бір әйел Атхамбек Юлдашевтың Ұлттар Ұйымы королдық академиясы жанындағы сауда-өнеркәсіптің палатаның президенті болып тағайындалғанын көпшілікке хабарлап, оған осы жөніндегі  дипломды табыс етті. Бұл неғылған ұйым? Бұрын-соңды естісек, құлағымыз керең болсын. Бірақ әйтеуір, аты әйдік.  Ішінде Ұлттар ұйымы да, королдық академия да, палата, президент деген сөздер бар. Естіген адамды селт еткізетін осындай ұйымының президенттігіне анау-мынау адамды тағайындай ма? Атам қазақ тегін адам таз болмайды деуші еді...

Айтпақшы, Алматының әсем ғимараттарының бірінде «Атхамбек Юлдашев Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» деген банердегі жазуды кейбір ақпарат құралдары суретке түсіріп алып, «Атхамбек Юлдашев деген кім шымкенттік каратист пе, әнші ме әлде емші ме?» деп, оқырмандарына сауал тастағаны бар. Шыны керек, Атхамбектің кім екенін алматылықтар түгілі өзіміз де жөнді білмейді екенбіз. Фейсбукте бір азаматша ол туралы мынандай бір тың жаңалықтың шетін шығарыпты. Оның айтуынша, Атхамбек Шымкенттің іргесіндегі өзбек ұлтының өкілдері жиі қоныстанған «Коммунизмде» қарапайым ғана ғұмыр кешіпті. Кенеттен байып, жұлдыздармен бірге клиптер түсіре бастапты. Оның басына ғайыптан тайып қалай бақ қонғаны туралы ел аузында сыпсың сөз көп. Рас-өтірігін кім білсін, Атхамбек Қазақстандағы ең ықпалды деген бір адамның қызын нашақорлықтан емдеген дейді. Әнші-балгердің осыдан кейін-ақ тасы өрге домалапты. Әрине, елдің аузына қақпақ болған кімді көрдіңіз. Дегенмен Атхамбектің Өзбекстанның президенті Ислам Каримовтың әйелі Татьяна мен қызы Лолаға дуакештік қызмет көрсетіп келгені, олардың бұл қызметі үшін нақтылай ақшамен есеп айырысып, Қазақстандағы, Өзбекстандағы эстрадалық концерттерін ұйымдастырып бергені жөніндегі мәліметті анау-мынау емес, Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының аузымен айтылғаны күні кеше ғана. Интернетте осы жөніндегі ақпарат шығысымен Атхамбекке деген елдің қызуғышылығы күрт өсіп кетті. «Атхамбек қайда, не істеп жүр, бізге сол кісінің телефонын тауып бересіздер ме?!» деп, «Рейтинг» газетінің редакциясына хабарласушылар соңғы кездері тым қатты көбейіп кетті. Әнші-бақсының өзіміз де жолығып, сұхбаттасу үшін оны Шымкенттегі үйіне іздеп барған едік. Күзетшісі Атхамбектің Астанаға гасторльдік концертпен кеткенін, Шымкентке енді көктемде келуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан бақсы-балгер іздеген оқырмандарға Атхамбек Шымкентте жоқ, енді оны Астана жақтан іздеңіздер дейміз.

Сіз не дейсіз?

Сайлаубек Жақсыбеков, мәдениет қайраткері, продюсер: «Идеологиялық тұрғыдан пайдасы бар әнші»

--Атхамбек Юлдашевтың шығармашылығына алғашқыда сыни көзқараспен қарайтынмын. Кейінен онымен кездесіп, сөйлескенім бар.  Музыкадан терең білімі жоқ көрінеді. Оны өзі де мойындайды. Бірақ қара жаяу деуге болмайды. Әндерінің идеологиялық тұрғыдан алғанда халыққа берері бар. Ана туралы, жастардың тәрбиесі туралы тақырыптарды қозғайды. Қазақ пен өзбектің достығына дәнекер болып жүрген жан. Астанада өткен концертіне қатысқанмын. Зал халыққа лық толды. Одан кейін өзінің деңгейін білетін, субардинацияны жақсы ұстанатын жігіт. Бізде бір-екі ән айтып, жұлдыз болып кеткендер, үлкен мінберлерде ақылсынып, данышпан болып кеткендер жетерлік қой.

 Жалпы ән әлемінен тек ақша тапсам деген ниеттен таза сияқты. Өзінің жағдайы да жаман емес. Бизнесі бар-ау деймін. Оның үстіне Өзбекстандағы біраз жұлдыздарды тәрбиелеп шығарған. Қазақстандық таланттарға да қолдау білдірген адам. Уақтысында Атхамбектің қолдауын көрген жандардың бірі қазір танымал продюсер болып жүр.

Сержан Молдасанұлы, «Қоңыр» тобының продюсері:

«Бола берсін, ала берсін»

--Атхамбек Юлдашев туралы естігенім бар. Үлкен концерттерден көргенмін. Жеке концертінде де болдым-ау деймін. Бірақ шығармашылығынан хабарым аз.  

--Атхамбек Юолдашев мәдениет қайраткері. Концерттеріне президенттің өзі баратын көрінеді. Бір басына жетіп артылатын атағы да, медалі де бар. Көпшілік жыға танымайтын осындай жанның атақ-даңқты үйіп ала беретіні неліктен деп ойлайсыз?

--Бүгінгі таңда бұған таңқалуға болмайды. Ондайлар біреу ғана емес. Бола берін, ала берсін.  

--Атхамбек Юлдашевтің президенттің отбасына бақсы-балгерлік қызмет көрсеткені туралы әңгімені естігеніңіз бар ма?

--Шынымды айтсам, ол жігіт туралы оншалықты хабарым жоқ екен. Бұл жағдайды сізден естіп отырмын.

Зиядан қажы Қожалымов, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті:

 «Бәрі де жарнама»

--Атхамбек Юлдашевтің газеттерге берген сұхбатын оқығаным бар. Әр шақырған концертіме пәленбай мың доллар аламын дей ме? Өзін Өзбекстанның бір әншісімен салыстырыпты, ол 15 мың доллар алады екен ал Атхамбектікі одан көп көрінеді. Әрі әншімін әрі емшімін, арғы тегім араб дей ме? Әйтеуір, неше түрлі қасиеті бар адамға ұқсайды ғой. Өзімен жолыққан емеспін.    

--Атхамбек Юлдашев сіз басқаратын қауымдастыққа тіркеліп, арнайы рұқсат алған ба?

--Бізде тіркелмеген. Ол президенттің қызын емдегенмін дегенді де айтқан көрінеді. Оның шыны қайсы, өтірігі қайсы? Өзіне адамдарды шақыру үшін айта береді ғой.  Қазір адамдардың психологиясы, заман солай болып кетті. Баяғыда Өзбекстаннан бір механик емші шыққан. Өзін Каримовтың көмекшісі болғанмын деп таныстырды. Өлгендерді де тірілтемін деп бөсті. Оның айтқанына сенген жұрт жаппай ағылды. Мәскеуде қонақ үйде жатып мыңдаған жұртты жинап, емдеген. Бәрі де жарнама. Мен өз басым мұндай жарнамаға сенбейтін адаммын.    

«Рейтинг» газеті 2014 жыл қаңтар

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 250 баланы лагерьге шақырды
  • Түркістан облысында әрбір жас маманға 1,5 млн. теңге төленеді
  • Полицияның халықтық кеңсесі ашылды
  • Әзімхан Қойлыбаев Түркістан облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды
  • Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер тұрақты бақылауда