Пәтер азабын тартқан Нұр-Сұлтандық азамат Президентке жанайқайын жеткізді

Oinet.kz 13-07-2020

Қазақстан Республикасының Президенті 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа,

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі

Ерлан Тынымбайұлы Қаринге,

Қазақстан Республикасы Президентінің

Баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы Құрманғалиға

Screenshot_23.jpg

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!           

Бұл мәселені Сіз ғана шешіп, Сіз ғана нүкте қоя аласыз! Соңғы үмітіміз Сізде ғана болып тұр! Сондықтан өзіңізге арнайы жүгінуге мәжбүр болдық. Өйткені, жергілікті әкімдіктегі жекелеген мемлекеттік қызметкерлер менің отбасыма тиесілі тегін емес түрдегі қызметтік пәтерді қасақана сөзбұйдаға салып, бізді бірнеше жылдар бойы моральдық-психологиялыық тұрғыдан азаптап келеді. Ендігі жерде Сіздің араласуыңызбен ғана бұл мәселенің толық оң тұрғысынан шешілетінін ұғынып отырмыз. 

Дәл қазір ел тағдыры, халық өмірі сын сағатында тұр! Осыған орай, Сіз қауіпті індетті шын мәніндегі соғысқа теңеп, «Кемедегінің жаны бір» деп, өз халқыңызға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалатынын мәлімдедіңіз. Бұл қауіпті індеттің қашанға дейін созылатыны да беймәлім! Қаншама адамдар осы індет салдарынан баудай түсіп, бақилық болып жатыр! Осындай қарусыз соғыста  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов қалың бұқараға жариялы түрде «қауіпті індеттен сақтанудың бірден-бір жолы үйлеріңізде отырып оқшаулану» деп, арнайы үндеу жариялап отыр! «Осы арқылы сіздер дәрігерлерге өз көмектеріңізді тигізсесіздер» дейді! Шын мәнінде бұл сөзі ақылға сиятын мәлімдеме! Бірақ осылай мәлімдеме жасағанымен, қала әкімі А.С. Көлгінов іс жүзінде менің отбасыммен бірге әлдеқашан далада қалғанымды өте жақсы біледі! Және былтыр 2019 жылы оның арнайы қабылдауында болғанымда, Алтай Сейдірұлына отбасыммен қыстыгүні далада қалып қойғанымды, бұл қызметтік пәтер мәселесін 4-5 күн ішінде шешіп беріңіздер деп жүрмегенімді, яғни әбден мезі болған қызметтік пәтер ісін ұзақ жылдар бойы қозғап келе жатқанымды, нақтысы түк нәтиже шықпай келе жатқанын мәлімдедім. Сонымен бірге бұл мәселеге Президент кеңесшісінің өзінің қолдау білдіріп отырғанын жеткіздім! Соған қарамастан қала әкімінің бұған қатысты жауабы «көреміз» болды. Енді жергілікті әкімдіктен еш қайыр жоқ екендігі мәлім болып отыр! Тіпті әкімнің өзіне 2019 жылы арнайы кіргенімде, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында бірнеше мемлекеттер Президенттерінің қол қоюымен қабылданған халықаралық дәрежеде тең жүретін заң аясында отбасыма көмектесуін өтіндім. Сол заңда атап көрсетілгендей, ерекше қамқорлықты қажет ететін тұлға мына әлемде санаулы болғаннан кейін, менің отбасымды қажетті тұрғын жаймен кешеуілдетпей қамтамасыз ету мәселесін 2019 жылдың өзінде-ақ реттеуге әбден болатын еді. Бұл заң бойынша аталып отырған жәйт тұтас мемлекеттік мәселе болатын. Осы заңға сәйкес, біздің отбасымызға қатысты деректер құпия болғаннан кейін оны бұқара алдында жариялы етуге хақым жоқ! Сондықтан оны құзіретті орындарға ресми қағаз жүзінде тапсырып келдім. Бұл мәселе бұқараға ашық түрде жария етілместен,  2019 жылдың өзінде-ақ орындалуы керек еді. Енді амалдың жоқтығынан жариялауға мүжбүр болып отырмыз.

Сіз өзіңіздің «Халық үнін тыңдайтын мемлекет» атты тұғырнамалық бағдарламаңызды іс жүзінде жүзеге асыру үшін арнайы кеңесшіңізді бекітіп, халықтың мұң-мұқтажын түбегейлі шешу мақсатымен Президент Әкімшілігінен  Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің ашылуына бастамашы болдыңыз. Осыған байланысты сол кезде сіздің кеңесшіңіз болған Аида Ғалымқызы Балаева 2019 жылғы 6 тамызда мені Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде арнайы қабылдап, сол жердегі мемлекеттік қызметкерлерге «Сіздер өз қызметкеріне қамқорлық жасай алмай отырып, халыққа қалайша қызмет жасайсыздар деп» ашына айтып, менің отбасыма заң жүзінде тиесілі қызметтік пәтерді кешеуілдетпей шешулері тиістігін мәлімдеді. Алайда, олар әдеттегіше мені әуре-сарсаңға салып, Президент кеңесшісі сөзін де тыңдамады! Сонда жергілікті әкімдік «Президент Әкімшілігін тыңдамаса», қарапайым халық біз қайтеміз?! Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Сенат комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының Нұр-Сұлтан қаласы әкімі атына арнайы ресми хат жолдағанынан хабардармыз. Өкінішке қарай, одан да нәтиже болмады! Нақты қорытындысын айтқанда, жергілікті әкімдік тек Сіздің ғана тікелей беретін тапсырмаңызды орындайтыны мәлім болып отыр. 

Біздің келіншегіміз екеуміздің  өмір жолымызды 33 жылдан бері мемлекет дамуына арнап келе жатқанымызды, басқа білмесе де, осы жергілікті әкімдік жақсы біледі! Соның сегіз жылға жуық уақытында өз басым Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі құрылымдарында қызмет жасап келемін. Осыншама уақыт ішінде менен жастары едәуір кіші қаншама жастарға жергілікті әкімдік тарапынан тегін емес түрдегі қызметтік пәтерлер берілді! Салыстырмалы түрде алғанда, адамды ашынтарлық мәселе! Бұл ретте фактіге жүгінелік! Біріншіден, менің отбасыма заң жүзінде тиесілі қызметтік пәтер мәселесіне жан-жақты сараптама жасап , заңдық тұрғыдан қолдау білдірген Президент кеңесшісін жергілікті әкімдік  тыңдамады. Екіншіден, бұл мәселені заңдық тұрғыдан түбегейлі зерттеген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің менің отбасыма қатысты қызметтік пәтердің тиесілі екендігі жөніндегі ресми мәлімдемесін де жергілікті әкімдік  қаперге алмады. Тоқетерін айтқанда, жергілікті әкімдіктегі жекелеген мемлекеттік қызметкерлер адамды сандалтудың, басымызды «допша тебудің схемасын» әбден меңгеріп алған. Ол былайша өрбіледі:  Мен мәселемнің шешілмегендігін айтып, сәт сайын Президент Әкімшілігіне өтініш жолдаймын. Ол өтінішім қаралу үшін жергілікті әкімдікке жолданады. Ал жергілікті әкімдік болса, әдеттегідей ол өтінішті өздеріне қарасты басқармаға жолдайды. Бұл басқарма болса, «қызметтік пәтер мәселесін өзін қызмет жасайтын «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі шешуі тиіс» деп өтінішімді кері өзіме жолдайды. Сонда жергілікті әкімдік өздеріне қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі балансына қызметтік пәтердің берілмегендігін біле тұра, қасақана осылайша бір отбасы тағдырын тәлкекке салып отыр. Осындай олқылықтың болып жатырғанын айтып, тексеру үшін жергілікті прокуратураға шағым жазған едім. Қалалық прокуратура болса осы шағымымды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жолдапты. Ол шағымды жергілікті прокуратура өздері тексермей, неге жоғарыда аталған департаментке жібергеніне таңмын. Бұл мәселені аталған департаменттің тексергенін нақты атап көрсетсем де, жергілікті прокуратураның не себепті қайтадан ол жерге жібергенін түсінбей-ақ қойдым! Осы мәселені тексеру үшін Президент Әкімшілігі атынан Бас прокуратураға ресми түрде қағаз жіберілгендігінен хабардармын. Оның нәтижесі «бұл мәселені сот шешеді» болды. Сотқа шағым түсіргеніммен, айналып келіп «бұл мәселені жергілікті әкімдік шешеді дейтіні» мәлім. Осылай болатынын мен де жергілікті әкімдік де әбден жақсы біліп отырмыз. Құрметті Президент, осыған орай, бұл мәселеге өзіңіз тікелей арласпасаңыз, тағы да ұзаққа созылатын әділетсіздікке тап болатынымыз анық!

Тағы бір факті жергілікті әкімдік тарапынан белігілі бір жылдары заңдық мәртебесі жауапкершілігі шектеулі серіктес болып саналатын «Астана ақшамы» газетінің қызметкерлері үшін пәтерлер бөлініп келді. Жергілікті әкімдіктің осы әрекеті заңға томпақ болатын болса, «Астана ақшамы» газеті қызметкерлері үшін пәтерлер бөлінбеген болар еді! Келесі бір факті 2019 жылы мен қызмет жасайтын мекемеге жергілікті әкімдіктен бір жауапты қызметкер келіп, өзі өткізген арнайы жиында менің Президент Әкімішілігіне өтініш түсіруіме байланысты жылына мекемемізге жергілікті әкімдік тарапынан бір пәтердің бөлінетіндігін мәлімдеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде мекемемізге 2019 жылы ешқандай пәтер бөлінген жоқ!

Не істерімізді білмей осылай сенделіп отырғанымызда, жақында телеарнаның «Қателік» бағдарламасы арқылы белгілі ақын Д. Кәпұлы өзіне осыдан он жыл бұрын Астана қаласы әкімі орынбасарының «Ұлы тұлғаға мадақтама айтсаңыз, елордадан екі бөлмелік пәтердің кілтін аласыз» деп айтқанын жариялы түрде ашық мәлім етті. Ал енді түсініп алыңыз?!

Осы мәселе Президент назарына іліне қалған жағдайда, жергілікті әкімдіктің не деп жауап беретінін де білемін. Жергілікті әкімдік өз балансындағы қызметтік пәтерге кезекке тұру үшін «ол азамат алдын ала тіркелімге алынуы қажет» дейді. Бұл-бір! Екіншіден, «дәл қазір жергілікті әкімдік балансындағы қызметтік пәтерлердің ешқайсысы бос емес» дейді. Бұл ретте осы жауаптарға қатысты менің де айтар уәжім дайын. Бірнеше жылдар бойына жергілікті әкімдіктен қызметтік пәтер сұрап келе жатсам да, олар неге мені қызметтік пәтер тіркеліміне алмаған?! Сосын «Астана ақшамы» газеті қызметкерлері үшін жергілікті әкімдік тарапынан пәтерлер бөлінеді де, неге біздің мемлекеттік мекемеге келгенде кедергілерге тап бола береміз?! Қысқасы, тап қазіргі алқымнан алған коронавирус індеті кезінде жергілікті әкімдік өз қызметкерінің отбасын тажал тырнағынан құтқарғысы келсе, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіне тегін емес түрдегі қызметтік пәтер бөлмесе, басқа амал жоқ! 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С. Көлгінов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жалпы пәтер мәселесіне қатысты берген сұқбатында былай деген еді. Содан үзінді келтірейін: «Бірақ бір сіздерге айтатынымыз, қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз! Егер, бір мүлдем жағдайы нашар, міне қазір күте алмаймыз деген азаматтарға спонсормен көмектесіп жатырмыз. Оны да айту керек. Сондықтан мен сіздер арқылы да соны жеткізгім келеді. Мемлекет көмектен қашпайды! Біз көмегімізді аямаймыз!». Осы айтқан жариялы мәлімдемесін 2019 жылы әкімнің жеке қабылдауында болғанда, есіне салдым! Осыған орай айтарымыз, жергілікті әкімдіктің қаржылық жағынан мүмкіндігі болмаса, меценаттарды біріктіру арқылы пандемия алқымнан алып тұрғанда, өз қызметкерінің отбасына көмектесуіне әбден болады! Қала әкімінің өзі бұқараға жасаған үндеуінде мәлімдегендей, пандемия ажалынан қорғанудың бірден-бір жолы-үйде отырып оқшаулану!  Сондықтан қала әкімі осы жолы оңтайлы шешім қабылдап, үйсіз айдалада кезіп жүрген өз қызметкерінің отбасына жедел көмектеспесе, өмірімізге қауіп төніп тұр! 

Елордада бірнеше жылдар бойына біреулердің жалдамалы пәтерінде өмір сүреміз деп, әбден банктерге кредитке баттық. Сондықтан жергілікті әкімдіктен амалдың жоқтығынан тегін емес түрдегі қызметтік пәтерді сұрауға мәжбүр болдық. 

Осы мәселені бұқара алдында ашық көтерем деп, мен былтыр жекелеген шенеуніктер тарапынан жұмыстан қудалау мақсатындағы жала жабу қысымына тап болдым. Сондықтан осы жолы да Президентке жүгінуім себепті, маған тағы жала жабылуы  мүмкін.... 

Әрі-беріден соң келіншегім екеумізден 33 жыл бойына табысымыздан салық ұсталуы-балаларымыздың рахаты үшін және олардың сапалы емін-еркін білім алып, Отанына адал еңбек етулері үшін тегін емес түрдегі бір қызметтік пәтерге татиды деп сенімді түрде айтамыз. Осы ретте, атап өткім келгені келіншегім жұмысы өзіңіз мәлімдегендей, адамдар тағдырын арашалауға арналған....

Апталдай азулы азаматтар өршіп тұрған пандемиядан көз жұмып жатқанда, үйсіз-күйсіз айдалада қаңғырып жүрген біздің жәйіміз не болмақ?! Өйткені Сіз кеше өз халқыңызға телеарналар арқылы Үндеу жолдағаныңызда, «Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас!» дедіңіз! Сонымен бірге Сіз сөз орайында «Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде», деп пандемияның   аса қауіптілігін мәлімдедіңіз! Осыған орай, далада қараусыз қалған ажал өтіндегі тағыдырмызға Сіздің ғана араша түсетіндігіңізге бек сенім ұялап отыр! 

               

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Кеше ғана журналист Нартай Аралбайұлымен болған сұқбатыңызда Президент Әкімшілігінің БАҚ пен әлеуметтік желілерде қозғалған мәселелерге баса назар аударатынын, соған орай шешім қабылданатынын мәлімдедіңіз. Енді менің көтеріп отырған мәселемнен аңғарып отырғаныңыздай, бұл мәселеге тек ғана Президент нүкте қоя алатыны мәлім болып отыр. Өйткені, Президент Әкімшілігіне түскен менің осы өтінішіме «өтініш иесіне өздеріңіз жауап беріңіздер» деп бұрыштамаға жазылып, ол жергілікті әкімдікке жөнелтілетін болса, онда ескі сандалуға тағы кезігетініміз анық. Сондықтан Сіздің осы жанайқаймызды Президенттің өзіне жеткізуіңізді өтінеміз. Елімізде адамдар оба індетінен қынадай қырылып жатқанда, мен көтеріп отырған тегін емес түрдегі қызметтік пәтерді кейінге ысырып тастауға мүлде болмайды! Бұлай дейтініміз, Президенттің өзі бұл қауіпті індеттің қашан тоқтайтыны беймәлім екенін айтты. Сондықтан ел дамуына отыз үш жылымызды арнаған келіншегіміз екеуміздің балаларымызбен бірге ажал апаны аузында қалуымыз бізді әбден күйзелтіп жіберді. 


Құрметті Берік Уәлиұлы!

Менің де мамандығым журналист. Сондықтан мен айтпасам да, журналистің халық үнін жоғарыға жеткізуші екенін, өз халқына барынша жәрдем беретінін жақсы білесіз. Осыған орай, мен халық алдында Сізден Отбасым аманатын Президентке жеткізуіңізді және осы өтінішімді Президенттің өз қолына тапсыруыңызды өтініп сұраймын. Біздің Отанымыздың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын жас ұрпақтар Ұлт әкесі ретінде санайды. Ал әкенің мына пандемия қаупі өршіп, әлем бойынша соның салдарынан сәт сайын адамдар бақилық болып жатқанда, өз немерелерін XXI ғасырдағы өршіп тұрған ажал тырнағына  қалдырып, үйсіз-күйсіз айдалада қаңғытып қоймайтыны мәлім. 

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Алматыда той өткізгендер ел-жұртқа масқара болды – видео
Қарағандыда 19 жастағы қыз көз жұмды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×