Үміт Жәлеке. Қауышу (әңгіме)

Oinet.kz 09-11-2019 689

image.png

Медет ауылы батыр тұқым болғасын ба, түрікпенмен шектес жатқан кішкене түбекті жеке жайлайтын. Жарлы-жақыбайы несібесін теңізден айырады. Бала-шағасына дейін суда балықша жүзеді.

Төңкеріс дауылы дүниені дүр сілкінте шайқар алдындағы тылсым тыныш кез. Бірақ, жар астынан жау аңдып үйренген ел үркек. Белдеуден атын, белден қаруын шешпейтін көңілі алаң жұрттың көзі қырағы, құлағы сақ. Сонда да айдап кетті, алып кеткісі қалмайды.

Жаз мезгілі. Жарықтың ұзарып, күннің барынша шалқаятын шағы. Күн қия батып бара жатқан. Ауылдың желке тұсында оңаша бір қойнау бар. Сол арада сырт көзден тасаланып кешқұрым қыз-келіншектер шомылатын. Қызыл іңірдегі теңіз суы қандай! Денеңді мақпалмен сипағандай майда толқынымен сылап, буын-буыныңды босатып, оңайлықпен құшағынан босатпайды.

Медет батырдың кенжесі Қарашаш сушыл еді. Елден бұрын түсіп, ең соңынан шығатын. Сүліктей сумаң қағып, Қарашаш суға сүңгігенде, қимылына көз ілеспейтін. Қара көлеңке айдында Ай жарығымен ақ шабақша асыр салып, ұзақ шолпитын. Ес білгелі жағада өскен ерке қыз суда еркін жүзетін. Сол әдетімен бүгін де біраз рахаттана құлаш сермеген. Күннің көзі шоқтай қызарып, теңіз түбіне батып кеткенде, құрбы қыздары әлденеше дауыстап шақырса да мойын бұрмаған. Өзін тастап кетпейтіндерін біледі. Қыздар бұл кезде бұрымдарын тарқатып кептіріп, киімдерін сығып киіп, алды ауылға беттеген.

Айсыз түнде толқын жалдары тынышсыз тербеле, алып айдаһардай қарауытқан алпауыт теңіз бетінде сазандай шоршып ойнақ салып жүрген Қарашашты күтіп жағада жалғыз Ұштап қалған. Қараңғыда суға шомылудан шімірікпейтін Қарашаш қана. Қалған қыздардың күннің соңғы сәулесі семе теңіз тереңіне көз жіберуге жүректері дауаламайтын.

Қараңғы теңіз төрінен жып-жылы толқынмен бірге белгісіз бір жанды жалмауыз жақындап қалғандай жағаға қашатын. Әрі үлкендер айтатын «қараңғыда суға түскенді су перісі әкетеді» деген де сөз бар. Көздері көрмесе де көңілдері қобалжитын.

Қойнаудың жағалауы жарлауыт қабақ. Судағы кісі жан-жағын жақсы шола алмайды. Керісінше, бұқпантайлап келген адамға жіңішке сұғым алақаныңдағыдай анық көрінетін.

Құлаштай жүзіп, құмардан шыға алмай жүрген Қарашаштың беліне су астынан бірдеңе жыланша оратыла кетті. Айғайлап үлгермеді. Су түбіне тартып әкеткен қарулы қол жағаға жеткенде аузын жаба қойды.

Қыз қараңғыда қауға сақал, тақыр бас түрікпеннің бет-бейнесін бажайлай алмады. Тек түнде суға жүземін деп жауға қолды болғанын түсінді. Бұлқынғанмен босана алмады. Жұлқына жер тепкілегенмен тегеурінді жігіт құшағынан құтылып шыға алмады. Өз бұрымы дыбысын шығартпай аузын буып тастаған. Өндіршегі сорайған сопақ бас дұшпан Қарашашты балаша құшақтаған күйі қабақтан асып түсті. Тасада қос арғымақты көлденеңдей тосып тұрған жолдасына бірдеңе деп барқ етті. Атқа ырғып мінген ол талдырмаш қызды алдына өңгеріп алды. Шапшаң қимылдап қауға сақал да атқа отырды. Аттардың аяғы су бетін шылп-шылп шайқап, теңіз жиегімен оңтүстікке тартып кетті.

Айналаны түн-түнегі тұмшалай бастағанда Ұштап ауылға жылап келген.

— Қарашаш жоқ!

— Не дейді, ойбай?!

Үрейлі дауыстар Ұштаптың, жылауын үдете түсті. Ауыл дүрлікті. Тайлы тұяғы қалмай, қызды іздеді. Қолдарына бір-бір май шырақ ұстаған ер-азаматтар маңайды атпен шолып шықты. Қыз табылмады. Ақылынан торыққан жұрт Қарашашты теңіз жұттыға жорыды. Таң атқанша жылау-сықтау, айқай-шу тиылмады. Жарық түскесін жұрт қойнаудың арғы бетінде жосылып жатқан қос аттың ізін көрген.

***

Медет батыр қызын түрікпен әкеткенін түсінді. Қуғындаудың бекерлігін де білді. Бірер бел асса, түрікпеннің қара үйлері көрініп тұр. Бірақ, олар да өздеріндей көшпелі ел. Қызын алып қашқан жаудың ендігі құмға сіңгенін де сезді. Сондықтан тілін тістеп, жұдырығын түйіп қала берді. Қараторы жүзі бал-бұл жайнаған қылықты қызының жарылған жұмыртқа болғанын іші қан жылай тұрып мойындап еді.

Ертеректе талай қыл құйрығы мен қызыл шұнақ аруанасын алдырып, Медетте есесі кеткен кекшіл көршілері көп-ақ. Түбінде соның қарымтасын ерке қызымен қайтарарын қайдан білсін аңғал қазақ. Енді сол Қарашаштың орны теке-жәуміттің қаз мойын арғымағы мен қыл мойын аруанасының неше үйірін айдап алса да толар ма?!

Әкесінің жүрегіне шаншудай қадалған бұл оқиға шешесін де оңдырмай соққан. Шашын жұлып, жер төбелеп қалған байғұс ана жылап-сықтауын көпке дейін қоя алмаған.

* * *

Арада он-он бес жыл өтті. Қарашаштың қайғысынан құса болған анасының дүние салғанына да он-он үш жыл болған. Медет батырдың сақал-мұртын ақ шалып, шау тартты. Тұйықта жатқан кішкентай ауылды төңкеріс жалыны шарпи қоймағанмен, түтіні ыстады. Қырғи-қабақ екі ел бұрынғыдай ашық жаулық, бас-көзі жоқ барымтадан тиылды. Үкімет биылғы бұратана екі елдің де еншісіне тимей, ормандай орысқа көшкелі көшпелі көршілердің адымы қысқарып, аяғы тұсалған.

Қызылсуға қатынаған қалашылар түбектегі тұйық ауылға қап-қап хабар-ошар әкеліп жатты. Қыр қазағына бәрі таңсық. Күміс теңгені тістеп көріп, кездемені мытып қарап, темір тостаған, шойын шәугімге дейін тырсылдатып саусағымен шертіп қалуға құмар. «Көрмегенге көсеу таң» деген сол дағы. Көздері қалашылардың қоржынында болса, құлақтары аузында.

— Жаңа өкімет келіп, жарлының күні туды ғой. Біз құсаған кедей-кепшік осының бірін көріп пе едік бұрын?!

— «Үкімет — жаның толған дүкімет» деген осы емес пе? Ауыл-ауылды аралап, үлкен-кіші демей оқытатын болыпты. Қаладағылардың көбі орысша қазақшаға бірдей. Саулап тұр. Ендігі кезек біздікі көрінеді.

— Дүкімет болған соң, есеп болады-дағы. Мал-жаның түгел шотқа қағылып, есепке алынады екен.

— Қалаға барсаң, қасыңдағы кісіден бір елі қалмайсың. Қалдың болды, адастым дей бер. Адам дегенің асқа жиылғандай жыртылып-айырылады. Айтпақшы, Қызылсудың базарынан Қарашашты көрдік. Жылап көрісті жазған бала. Біз танитын емеспіз. Өзі жабысты. Жатқа кетті демесең, кемдігі жоқ. Оқыған-тоқыған. Оргында істейтін көрінеді. Шашты төбеге түйген. Орыс көйлекті киген. Шиштай.

Көпшіліктен оқшаулау отырған Медет батыр соңғы сөзге елең еткен. Ескі жарасының аузын абайсызда аяусыз тырнап ашқандай тосын хабар тынышынан айырды. Түн баласы дөңбекшіп шығады. Күндіз кісімен тілдесуді қойды. Төзімі таусылғанда, тірі жанға сездірместен, атына мініп, теңіз жағалай қала жаққа жүріп кеткен.

Қызылсудың басындағы өзі түсетін үйлердің біріне де бұрылмай, базарда етік тігіп отыратын ескі танысы Қармыстың құжырасына қонды. Қарашаштың хабарына соның сапырма сары кемпірінен қанық болды.

Қарашаштың Қызылсуға келгеніне көп болмапты. Ашхабад жағында жүргенде күйеуі оққа ұшып өліпті. Сонан жесір келіншек білек сыбанып жаңа өкімет жұмысына араласады. Оқиды тоқиды. Еті тірілігі ғой, екі баламен етек басты болмай, хат танып жүргені. Қанша дегенмен, үкімет оқығанның жағында емес пе? Қызметі жоғарылап, Қызылсуға, қазақ арасына біржола көшіп келіпті. Қазірде кеңседе қағаз жазады. Кеңестің хатшысы дей ме, әйтеуір, әкім. Қармыстың кемпірі: «Елден хабарың жоқ па?» - деп сөз тартып көрген екен. «Әкем ауылға барғызар деймісің?» - деп бетін басып жылап жіберіпті. Сірә, мінезі қатты Медеттен бата алмай жүрсе керек.

* * *

Медет таң атқасын Қарашаштың үйін іздеп шықты. Қария қаланың шет жағындағы жатаған үйдің есігін ашқанда, сәске түсіп қалған. Есіктің арғы жағынан екі баланың басы қылтиды. Екеуі де бұйра шашты, қызыл шырайлы, қарақат көз сүп-сүйкімді екен. Үлкені – он үштер шамасындағы қыз бала. Бойшаң, қоңқақ мұрын, көзі қысыңқы. Бір қарап қалғанда Медеттің өзіне ұқсайтын секілді. Кішісі – оңдардағы дөңгелек жүзді, қараторы өңді, бадана көз, бұйра қозыдай моп-момақан ер бала.

Бөтен кісіні көргенде, екеуі біріне-бірі жалтақтап қарай берген. Естирақ қыз бірдеңе сезгендей, іргеден көрпеше алып, төрге төседі. Кішісі екі қолын артқа ұстап, қабырғаға сүйенген күйі қимылсыз қалыпты. Қаба сақал, қоңқақ мұрын, жүзі суық қартқа жаутаңдап қарай берді.

Медеттің тамағына көлденең бірдеңе кептелгендей, көпке дейін сөйлей алмады. Егіз қозыдай екі балаға қадала түсті. Көмейіне тығылған ащы өксік тырс-тырс тамшы боп, шапанының шалғайына тамып жатыр. Қара көздері мейірім шуағына шомылған шал одан әрі шыдамады. Қалтыраған қолдарын жая қос жиеніне құшағын ашты.

— Келе қойыңдар, қошақандарым!

Балалар іркілместен қарттың даладай дархан қойнына қойып-қойып кетті.

Осы кезде үйге кірген Қарашаш қос қозысын бауырына басып, емірене егіліп отырған әкесінің мойнынан ботадай боздап келіп, құшақтай алды.

Үміт Жәлеке. Көбік қар (әңгіме)
Үміт Жәлеке. Нәпақа (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу