Бибігүл Дәулетбекқызы: «Әншілерді танымал еткен – журналистер!»

Oinet.kz 04-06-2020

Screenshot_7.jpg

Кезінде ұлттық арнада берілген мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарға жәрдем беруге бағытталған «Аялы алақан» бағдарламасы 10 жылдан соң көрерменімен қауышты. Мұны айтудағы себеп, бүгінгі «Ойтолғақ» айдарының кейіпкері – аталған жоба авторы Бибігүл Дәулетбекқызы. Әлеуметтік желілерде белсенді пікір білдіріп жүрген тележурналистпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қайырлы күн, Бибігүл Дәулетбекқызы! Міне, елімізде карантин жарияланғалы 2 айдан асыпты. Уақытыңыз қалай өтуде? Коронавирусқа қатысты пікіріңіз қандай?

–1 наурыз күні Қызылордадан Алматыға қарай ұшақпен қайттым. Байқасам, екі қаланың да аэропортында адамдар бетпердемен жүр. Содан бір нәрсе болған шығар деп сұрастырған едім. Жоқ, ештеңе де хабарланбаған, билік тарапынан барлығы тыныш. Содан ертесі Елжан Біртановтың тікелей өзіне шығып, «Қайда қарап отырсыздар? Не болып жатыр?» дегеніме мән бермеді. Тіпті, мені фейсбуктан блоктап тастады. Күлкім келіп кетті. Шенеуік болып, сынды көтере алмайтын болса, ендеше басшылықтан кету керек. Егер де етек-жеңімізді уақытында жинағанымызда мұншалықты асқынып кетпес еді. Мәселен, өзге елдерде пандемия өршіп жатқанын ести тұра қаншама жастар, бай отбасылар шетел асып демалып жүрді. Ешкім қой демеді, қой десе де тыңдамады. Біздің халық «Дариға Президент болайын деп жатыр» деген әңгімені тауып алып, вирусқа пысқырып та қарамады. Бүкіл әлем Қазақстанның саясатына қарап қалған жоқ шығар. 

Біздің қазақтың психологиясы қызық. Біреу бірдеңе десе соған сеніп қалады. Орыс блогерлердің жазғанын оқып салыстырамын. Олардың әрқайсысында өзіндік пікірі бар. Ал біздің ортамызда бір адамдар бар. Әңгіменің басын шығарып алады да, қарапайым халық дүрліккен сәтте, түк білмегендей отырады. 

Түсінгенім қазақ та, орыс халқы да вирусқа сенбейді. Әлеуметтік желілерде де шулап жатады. «Қане, қайда бар, кімнің туысы ауырды» деп жазады. Бірақ ол адамдар жарияға жар салмайды ғой. Осы халықтың әңгімелерінен кейін, соңғы уақытта коронавирусқа өзім де сенбей қалдым. 

Мен 19 наурыздан бастап өзімді оқшаулай бастады. Достарым 22 наурыз қарсаңында «Биба, мұнда кәуәп дайындап жатырмыз, кел» десе де бармадым. Бұл өзге үшін емес, әуелі өзім үшін. Денсаулық маған керек. Не де болса, сақтық шараларын ұстанғанымыз абзал.

– Ел басына күн туған кезде бұрын ер азаматтар, батырларымыз алдыңғы шепте жүретін еді. Қазір керісінше, каратин кезінде де, одан бұрын да әйелдер қауымы көшеге шығып көмек сұрайды. Біздің қазақ әйелдерінің статусы қаншалықты өзгерген? 

– Иә, пандемия бастала салысымен қазақтың әйелдері «ашпыз» деп көшеге шығып кетті. Неге осы Өзбекстан, Қырғызстанда солай әйелдер аттандап шықпайды? Мен өз көзіммен қарындары шыққан, толық-толық әйелдерді көргенде, ішімді бірнәрсе тырнап жатқандай болды. Оларға қарап аш екен-ау деп ойламайсыз. Бұлардың артында біреу тұрғанын сездім. Кейін олармен жеке-жеке тілдескенімде бір адамдардың «ашпыз» деп көшеге шығып, ақша, азық-түлік талап етсеңдер, үй әпереміз деп уәде еткенін естідім. Ал шаштарын жұлып далаға шықты. Не үй жоқ, не басқа жоқ. Әлгі адамдары да із-түссіз кеткен. 

Бірде «Жас Отан» партиясы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек беріп жүрген кезінде мен де еріп бардым. Еріктілер жәшіктеп, қораптап азық-түлік тасып, есігінің алдына дейін апарып беріп жатқан кезде біздің қазақтың әйелдерінің беттері сазарып тұрғанын көрдім. «Рақмет, айналайын» деп айтуға жарамады.Сонда біз осындай дәрежеге түстік пе? Сол әйелдер бір бөлмелі баракта тұрады. Біреуі бесінші, біреуі алтыншы балаларын туайын деп тұр. Тағы бір үйге кірсек, «Мына жерге тастап кетіңіз, түсірмеңіз бізді» деп айқайлап тұр. Сонда амандық-саулық сұрасып, алғыс айту соншалықты қиын ба? Ашуым келіп, «Жас Отанның» жігіттеріне ұрыстым. Неге сіздер көпбалалы аналарды әспеттей бересіздер? Менің «Аялы алақанымда» қолдары ауыздарына жете алмай, аяғымен ас ішіп отырғандар бар. Жардай болып семірген әйелдерге бергенше, нағыз аш адамға неге бермейміз? Сосын мен әдейі аты жаман аурумен ауыратын, екі көзі шүңірейген «Аялы алақан» бағдарламасының кейіпкері Надираның үйіне апардым. Күйеуі ішкілікке салынған, үш баласына қайдан тамақ тауып беремін деп отырған келіншек бізді көріп жылап жіберді. Алғысын айтып шығарып салғанда еріп барған 12 адамның көзіне жас үйіріліп, жүректері езіліп кетті. Сонда ерікті жігіттер айтады: «Дәл осындай алғысты еститін болсақ, біз күндіз-түні шаршамаймыз» дейді. Олар таңғы 7-ден  бастап түнгі 10-ға дейін сақтып шараларын ұстанып, маска тағып, арнайы целлофаннан жасалған киіммен, қолдарында резенке қолғаппен азық-түлік тасиды. Бұл да үлкен еңбек. Сол күні үйге бара салысымен ауырсынып, ұйықтап қалдым. Түнгі 11-де оянып, әріптестеріме хабарлассам, оператор жігіт те, Перизат есімді журналист қыз да ауырып қалған екен. Қызуымды тексеріп көрсем қалыпты екен. Содан ойланып қарасам, ана әйелдердің энергиясы бізді басып тастапты. Надан десек тағы да көтеріліп шығады. Сауатсыздықтың кесірінен дейін бе білмеймін, соны ойлап депрессияға түсіп, әлеуметтік желіге кіргім келмей безіп кеттім. Кейіннен, бұларды күшпен емес, сөзбен түсіндіру керек екенін ұқтым. Фейсбукте «Жұтты шақырма» деп аталатын әңгімемді жаздым. Қазір сол әңгіме ватцап желісіндегі бүкіл чаттарды аралап жүр.

– Қазір қайда жұмыс істейсіз? Басқа да қызметтерге шақыртулар бар ма?

– «Аялы алақан» бағдарламасының жүргізушісімін. Осы жақында ғана мені 2-3жерге жұмысқа шақырды. Әбден басымды қатырып, ақыры бас тарттым. Карьераны тағы қусам, жеке өмірім жайына қалайын деп тұр. Коронавирус бітсе, жеке өмірімді бастайын деп отырмын. Ал менің орнымда біреу болса, өсу үшін ұсынысты қабыл алар еді. Және 31 арнадан да шоу программаны жүргізуге ұсыныс түсті. Бірақ мен халықтың алдында «Аялы алақан» болып қалғым келеді. Мүмкін кейін ақыл тоқтатқан кезде пайдалы бағдарлама ашуым мүмкін. Бірақ қазір бойымда күш-қайратым бар кезде мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетуім керек. 

 «Аялы алақан» бағдарламасы көрерменге жол тартқаннан бастап 18 нөмірі шықты. Барлығының да нәтижесі бар. Неге? Себебі, халық маған сеніп, менің бағдаламамдағы кейіпкерлерге ақша салады. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі парақшамды оқитын бақуатты оқырмандарым бар. Олар да аянып қалып жатқан жоқ. 

Оқырмандарымның көбісі «Неге басшылық қызметке, билікке бармайсыз?» деп сұрап жатады. Бірақ мен әйел адамның бастық болуына түбегейлі қарсымын. Жаратылысымыздан ер адамнан бір саты тұратын әйелдің қолынан басқару келмейді.  Себебі, адам билікке бару үшін салқынқанды болу керек. Мен қыз баламын әрі қызбамын. 

– Сізді сырттай бірбеткей, тура мінезді қыз ретінде көремін. Мінезіңіздің жұмысыңызға кері әсері көп тие ме? Журналист әріптестеріңізбен қандай қарым-қатынастасыз? 

– Мен жұрт сияқты «сіздікі дұрыс» деп айта алмаймын. Егер мен кінәлі болсам, жасы менен кіші болса да кешірім сұраймын. Ұлттық арнада жүрген кезімде өте көп болды. Бастығыммен сөзге келмей қалдық, кейіннен желеу сөзге ергенін айтып «Айналайын, Бибігүл» деп әңгімесін бастап, кешірім сұрады. Негізі орыстармен жұмыс істегенді ұнатамын. Олардың бір жақсы жері, біреудің өсегіне ермейді. Кімнің қызысың, кімнің әйелісің дегендерге қарамайды.Таза жұмысың бағаланады. 

Қазіргі таңда мені қолдайтын журналистер жоқ. Біздің қазақ журналистерінің басы бірікпейді. Біз бір-бірімізді көре алмаймыз. Көтеріліп бара жатқан журналистің аяғынан тартамыз. Олардың арасында «ана журналист-сымақ» десе де міз бақпай отыратындар бар. Ал мен сондай жазбаны көзім шалса, мен оның соңына түсіп аламын. Себебі, журналист –менің мамандығым. Жазар болса, «кейбіреулері» деп тырнақша алып барып жазу керек. 5 жыл оқып алған мамандығымды ешкімге қорлатпаймын. Журналистика неге құрдымға кетіп бара жатыр? Біз екі сөздің басын құрай алмайтын, сауатсыз блогерлерге өзіміздің нанымызды беріп қойдық. Бір сөйлемінен 4 қате щығатын адам «мен журналист бола аламын» деп айтқан. Біздің журналистерге бірігетін уақыт келді.

– Журналист демекші, жақында «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Айгүл Иманбаеваның «Журналистер халық пен әншінің арасын арандатып тастадыңыздар» деген пікірін естіп қалдым. Келісесіз бе?

–Айгүл Иманбаеваның не айтып тұрғанын білмеймін. Олар өздері мен өздері қырылып жүр. Журналистикаға түскеніме өкінбеймін. Біреуден кеммін деп, басымды имеймін. Осы тұста айтып өтейін, қазіргі журналистика үшке бөлінеді. Не еңбегіңмен атың шығады, не еленбей аты шықпай дүниеден өтеді. Ал үшіншісі – хайп қуғандар. Кеше «Астарлы ақиқаттағы» екі жаққа да пікір айта алмаймын. Бұл – хайп! Дина Төлепбергенді журналист ретінде сыйлаймын. Бірақ соңғы уақытта хайп қуатын тақырыптарды қозғап жүргені жасырын емес. Қараңызшы, осылайша қырылғаннан үшеуінің біреуіне болсын пайда бар ма? Егер де осылардың ұрысына қарап отырғаннан маған 3 миллион ақша түссе, тамашалап отырар едім. Бірақ маған ақша түспейді ғой. Бұл цирк маған қызық емес. Клоундарды тамашалағым келмейді. Десек те, Динаның лоторея туралы бағдарламаларын көріп, риза болдым. Роза Әлқожаны орамалы бар екен деп көтерген біз емес пе? Әншілерді танымал еткен – журналистер! Кезінде инстаграм, фейсбук жоқ кезде телеарна арқылы абырой жинап жүрген олар, енді бағдарламаға келіп алып, журналистерге тіл тигізіп жүр. Қазір әлеуметтік желілерде бір-бір парақша ашып, өздерін жарнамалап, көкіректеріне нан пісіп жүр. Оларды орнына қою керек. 

– Өзіңіз айтқан журналистердің үшінші түрі көбейіп барады. Оларды азайтуға үлес қосып жүрген сыңайлысыз...

Дәурен Абаевпен дебатқа түскенімде: «Қалаулым» мен «Өз ойымды» жабыңыз, рейтинг керек болса, мен өзім-ақ бағдарлама жасап беремін» дегенімде күлген еді. Ал қазір « Аялы алақан» бағдарламасы 4,5-3,5 жинайды. Рейтингті «Қалаулым» да жинай алады. Бірақ ол бағдарлама еріккен әйелдердің ермегі! 

Өткен жылы мені Ләйла Сеңгірбекова бір ғана пікірім үшін сотқа берді. Онда да Назира Байырбек фейсбукте «Бибігүл Дәулетбекқызы қалай ойлайсыз, пікіріңізді айтыңызшы» дегенге өзімше осы мәселені көтерген журналистерді қолдап ойымды жазған едім. Ақырында сол комментарийді ұстап алып, мені сотқа берді. Назираның газетке шыққан көлемді материалы емес, менің екі ауыз сөзім соттан бір-ақ шықты. 

– Неге дәл сіз? Мүмкін, бұған дейін араларыңызда бір түсініспеушілік болған ба еді?

– Сенесіз бе, арамызда ондай түк те болған жоқ. Мен өзім таңғалдым. Бұл жай ғана көре алмаушылық! Жарайды, «Аялы алақан» жабылды, алып қойды. Сосын тиражбен «Альфонс жігіттің тағдыры» атты кітабым шыққан кезде, «ыстық бәліш» секілді өтіп кетті. Кітабымды алып қалаларды аралаған кезде де араласатын достарым да, әріптестерім де таңғалғанын жасырмады. Кітапқа да осынша көл-көсір халық жиналады екен-ау! 

– Сонда сол кезде Ләйла Сұлтанқызының да кітабы шығып жатты ма? Бәсекелестік содан туындады ма? 

– Жоқ, оның алдында шыққан екен. Бірақ, менікіндей тираж ешкімде болмады деп айта аламын. Өйткені, басында «Меломан» мені менсінбеген, кейіннен өздері артымнан жүгіріп сол кітапты алды. Қазір де менің кітабыма сұраныс көп. Оқырмандарым жаңа кітап жазуымды сұрайды. Бірақ дәл қазіргі кезде уақытым жоқ. Сеңгірбекованың сотқа беруінің бір себебі, мен Дәурен Абаевпен дебатқа түскеннен кейін «Өз ойым» жабылды ғой. Артынша Нұрболхан екеумізді сотқа шақырды. Ел Нұрболханды сотқа бергені орынды дейді. Себебі ол қатты кетіп, жеке басына қатысты сөздер айтыпты. Жарайды, бағдарламаны жауып тындық, артынан соттастық. Ол өзіне 100 пайыз сенімді болды. Бірақ артынан масқарам шығады деп ойламады. Мені қорқытқаны, орыстардың журналистері бір-бірін сотқа берген емес. Ең қорқыныштысы, қазақ журналистері бір-бірін сотқа сүйрегені. Сол кезде ел мені жан-жақтан талап, тілдерімен түйреді. Мен де оларды сотқа беруіме болатын еді. Бірақ менің апам айтып отыратын еді: «Айналайындар арыз жазып, абырой таппайсыңдар» деп. 

– Сонымен мәмілеге келе алдыңыздар ма?

– Арызын алды, болды. Жоқ, неге мәмілеге келуіміз керек? Мен ол сияқты актриса бола алмаймын. Бір пікір үшін менің 5 ай уақытым кетті. 5 миллионнан өндіріп алам деді, бірақ Бибігүлдің артында халық тұрғанын ойлаған жоқ. Ол өзінің инстаграмдағы 2 миллион оқырманына сенді. Ал менде 100 мың ғана оқырман болса да, салмақты кісілер тұрғанын білмеді. Қанша жерден артында тіреуішің болса да,  халық сені 6 секундта орныңа қояды. 

Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Момбек Әбдәкімұлы: «Ашаршылық қазақтың жалқаулығынан болды» деген қате пікір»
Ақұштап Бақтыгереева: «Пәренжі жамылған қазақ қызын көрсем, бетінен жұлып алғым келеді»

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×