Жетпісбаевтың жалған уәдесі

Screenshot_14.jpg

Дамыған елу елдің елдің қатарына ұмтылған Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі тарихында аз қиындық көрмеді. Жарық болмай, халық қараңғы түнекте қалып, жалақының жыры «Жамал апайды қартайтатындай-ақ» жырланды. Жұмыссыздық та елдің берекесін қашырғаны естен шыға қойған жоқ. Қазір бұл қиындықтың барлығы артта қалды. Алайда, республикадағы үшінші қала саналатын Шымкентте жалақы мәселесі жұртты көшеге шығуға мәжбүрлегені кеше ғана. Айтпағымыз түсінікті болу үшін аздап кері шегінуге тура келеді. 

Үстіміздегі жылдың ақпан айында сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімов ел алдында есеп берді. Осы жиналыста облыс әкіміне «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның бір жұмысшысы ала алмай жүрген жалақылары жөнінде сұрақ қойды. Әшімов «өткен аптада Жетпісбаев ел алдында есеп бергенде барлық қарыздан ақпан айында құтылатынына уәде етті» деп, Жетпісбаевтың уәдесін қайталаған болатын. Алайда, мұзға жазылып, күнге кепкеннің күйін кешкен бұл уәде әлі де толық орындалмай келеді. 

Несібесін маңдай терімен, адал еңбекпен терген «ЛТД Тұрмыс» ЖШС жұмысшыларының жалақы мәселесі 2008 жылдың ақпан айынан басталған болатын. Ол туралы «Казахстан Сегодня» былай деп жазады: «Ақпан айынан бері  «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның жұмысшылары жалақысын ала алмай сергелдеңге түсті. Наразылық акциясын  олар алғаш рет  мамыр айында қалалық әкімдіктің алдында өткізді.  Шенеуніктер сол кезде қаржыны ертеңгі күні-ақ аударып, жалақыны толық төлейтініне сендірді». Бұл алғашқы уәде болатын. Алайда, «құдай сөзі» сол күйі орындалмады.  Бұдан соң да жұмысшылар  бір емес, бірнеше рет шулағанымен, шенеуніктер түрлі сылтау айтып, уақытты соза берді. Төленбеген жалақының жыры былтырғы тышқан жылынан биылғы сиыр жылына аманат ретінде өтті.   

«Сәуір айында (2009 жылдың) айтылған мәліметке  жүгінсек, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның 827 жұмысшысының алдындағы жалақы қарызы 59 миллион 181 мың теңгені құраған. Тек прокуратураның араласуымен қалалық әкімдік қаржы қарастырып, онда да қарыздың жартысы  ғана өтелді. Ал Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев прокуратураға кепілдеме хат жазып беріп, бір ай ішінде жалақы қарызынан құтылуға уәдесін үйіп-төкті». «Gazeta.kz» электронды басылымы осылай дейді. Бірақ, бұл Жетпісбаевтың қаншасыншы уәдесі екенін дөп басып айту қиын. 

Марат Ахметжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

...Шымкент қаласындағы бір «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның өзі 600 жұмысшысына 6 миллион теңге жалақысын бере алмай отыр...2008 жылы Шымкент қалалық жұмыспен қамту бөлімімен 600 азамат кәсіптік оқуға және қайта даярлауға жолданған. Нәтижесін қараңыз: 263 тұлға жұмыспен қамтылса, қалған 337 адам әлі күнге дейін жұмыссыз жүр. Түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмесе, халықтың төлеген салығынан құралатын ортақ қоржындағы қаржыны желге шашудың қандай қажеттілігі бар? Демек, бұл жерде шын мәнінде жұмысты қажет етіп жүрген жұмыссыздар, дағдарыстың зардабын сезінгендер емес, кез-келген азамат қабылдана берген деген тұжырым жасауға негіз бар. Басқаша айтқанда, арнайы зерттеу жүргізіліп, нақты мониторинг жасалмаған. Бұл жергілікті атқарушы органдардың кемшілігі. Соның салдарынан бөлінген қаражат құмға сіңген судың күйін кешкен. Нәтиже жоқ... (Рейтинг» газетінде жарияланған сұхбаттан, №24, 10.07.2009 жыл). 

Жұмысшыларына жалақы тауып бере алмай отырған «ЛТД Тұрмыс» ЖШС коммуналдық кәсіпорын болғандықтан, қалалық әкімдіктің берген  тапсырыстарын орындаумен ғана шұғылданады. Басқаша айтқанда, өзге табыс көзі жоқ. Демек, «ЛТД Тұрмыс» жұмысшыларының жалақы ала алмай қиналуының жалғыз себебі  - әкімдіктің қаржы бөлмеуі. Қарамағындағыларға қаржы тауып бере алмай, жағымсыз болу кімге ұнай қойсын, құрылғанына небәрі үш жыл болған кәсіпорында осы мерзім ішінде тоғыз бірдей басшы ауысып үлгеріпті. Жетпісбаевтың жалған сөйлеуі бұл кәсіпорын басшыларына да жұққан ба қайдам, ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қолдау департаментінің директоры А.Ахметовке соңғы берген екі мәліметінде жалақы қарызы жөніндегі мәлімет екі түрлі. 24.07.2009 жылғы №310 хатында «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның жұмысшылар мен қызметкерлердің алдындағы қарызы 01.07.2009 жылғы мерзімге 28 486 371 теңгені құрап отыр. 24.07.2009 жылы 20 миллион теңге жалақы берілді. Осыған орай қалған жалақы қарызы 8 486 371 теңге» делінген. Хатқа ЖШС директоры Т.Туғанбеков пен бас бухгалтері Б.Нақбаев қол қойған. 

Екінші, яғни 06.08.2009 жылғы №340 хатына бас бухгалтер Б.Нақбаевтың жалғыз өзі қол қойыпты. Ондағы мәліметке назар аударыңыз: «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның 01.07.2009 жылғы мерзімге кәсіпорында нақты жұмыс істеп жатқан 630 адам алдында қарызы жоқ. Жұмыстан бұрын босатылғандарға тиесілі қарыз 10 382 310 теңге» делінген. Айырма жер мен көктей. Сонда қайсы хатқа сенгеніміз дұрыс? Кәсіпорын басшысы мақұлдаған алғашқы хатқа ма, әлде бас бухгалтердің берген соңғы хатына ма? Бұл кәсіпорын басшыларының жұртты шатастыру арқылы қулығын іске асырғысы келген әрекеттері болса қатты қателеседі. Әлде бұл шатастырудың артында «дәу қожайындардың» бұйрығы жатыр ма екен?

Қалай болғанда да, қарамағындағылар жалақыларына айлап қол жеткізе алмай, табандарынан тозып жүргенде Арман Шәріпбайұлы олар тазалаған көшеге 130 мың доллар тұратын шетелдік сүліктей қара көлігінің ішкі «тіршілігін» тұмшалап тұратын сұр әйнегінің арғы жағынан ғана көз тастайды. Олардың отбасылық жағдайына алаңдамақ түгілі ойланбайтын да секілді. Ойланатын, басқару қабілеті бар басшы болса, жалақы жырын жыл бойына сағызша созбастан шешкен болар еді. 

Адамнан айла артылған ба? Шудың ушығып кетпеуінен сескенген болса керек, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС басшылары қазір есепте бар жұмысшыларына жалақы бергенімен, жұмыстан шығып кеткендердің жалақысынан әліге дейін құтылатын емес. Сонда олардың отбасы мүшелері қара су ішіп, ауамен қарын тойғызады ма, қайтеді? Әлде жұмыстан кетті, тізімнен де сызылды деген саясат па? Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ деген осы болса керек?     

"Рейтинг" газеті, 2009 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: