ОҚО-дан үш депутат мәжіліске өтті

Screenshot_13.png

Сайлаушылардың 80,99 пайыз даусын  жинап, жеңіске жеткен «Нұр Отанның»  партиялық тізімінде әуелі  127 кандидат тіркелген болатын. Бұл тізімде кім жоқ дейсіз? «Саясаткерлер мен шенеуніктермен қатар енді саясатқа   спортшылар мен әншілер де араласатын болғаны ма?» деген сыңайдағы пікірлер соңғы бір ай көлемінде аз айтылған жоқ.

Әйткенмен, мұның барлығы тек пиар-компания екенін көпшілік жақсы білді. «Нұротандықтардың» санын көбейтуге шақырылғандарды екі топқа бөлуге болады. Алғашқы топтағылар – елге танымал спортшылар мен әншілер, белгілі қоғам қайраткерлері. Әрине, жұрттың «спортшылар, әртістер мен әншілер Парламентте не жоғалтты?» деп алғашында аздап таңырқағаны бар. Екінші топқа ел-жұрт онша біле бермейтін шенеуніктер, аудан-қала әкімдері іріктелді. Әркім өзіне тиесілі миссияны орындауға міндеттелгені байқалып-ақ тұрды.  Мәселен, олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина, Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, танымал велошабандоз Александр Винокуров секілді аты әлемге танымал спортшылар, қазақтың жезтаңдай әншісі Әлібек Дінішев, талантты пианист Жания Әубәкірова, эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллин секілділер «Нұр Отанды» жарнамалап, насихаттауда барын салды. Билбордтардан күлімсірей қарады, үгіт-насихат поезымен елді кернейлетіп-сарнайлатып аралады, қысқасы осы науқанда «Нұр Отанның» алдыңғы қатарында тұрды.

Ренжісе де айтайық, осынау абыройы аздау «массовканың» тізіміне «саясат әлемінің де жарық жұлдыздарын» кіргізбеске лажымыз жоқ. Олай дейтініміз, таңдаулы 127 кандидаттың қатарында Ахметжан Есімов, Қанат Саудабаев, Серік Үмбетов, Сергей Кулагин секілді ауыр салмақтағы саясаткерлер, онымен қоса Қазақстанның іске әйелдері ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева секілді басқа да қоғамға ықпалы бар қайраткерлер іріктелді.  Осыдан  келіп сарапшылар «Саудабаев немесе Есімов мәжілістің спикерлігіне сайланады» деген сыңайдағы болжамдарын жариялай жөнелді. Бірақ, кеше мәлім болғандай, бұлардың  қараша айының  25-нде басталған «аса жауапты» миссиясы кеше, яғни қаңтардың 18-і күні аяқталды. Яғни, Саудабаевтың да, Есімовтің де спикерлігіне қатысты сәуегей жорамалдар бос сөз болып шықты.     

Енді депутаттық мандат алғандарға ойыссақ. Саясаттанушылар  ең алдымен Дариға Назарбаеваға назар аударуда. Кезінде «Асар» партиясын құрып, әжептәуір белсенділік танытқан, тіпті бір кездері «Отан» партиясын ығыстыруға көшкен Дариға Нұрсұлтанқызы бүгінде сол «Нұр Отанның» шарфын мойнына  орап, пиар-акцияларға бір кісідей атсалысты. «Дариғаның депутат атануы – оның үлкен саясатқа қайтып оралуы» деп түйіндейді  сарапшылар. «Рахатгейттің» ызғары әлі де көпке дейін сезіле беретіні анық, әйткенмен Дариға Назарбаеваның «саяси реанимациясының» қолға алынуы тегін емес . 

Жаңадан бекітілген тізімге   «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, оның кеңесшісі Мәулен Әшімбаев, Президенттің кеңесшісі Темірхан Досмұхамбетов, қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов, алдыңғы шақырылымдағы мәжілістің спикері Орал Мұхамеджановтың  кіргенін  атап өткеніміз абзал. Билік эшелонында қай-қайсысының да болсын өзіндік салмағы бар бұл саясаткерлер өзіне артылған аса жауапты миссияларды атқарып шығуға әзір. Соңғы жылдарда еліміздегі мықты идеологтардың бірі ретінде атала бастаған, Президент әкімшілігінде аппарат басшысының орынбасары ққызметін абыроймен атқарған Мәулен Сағатұлының Парламентте орын алуы бекер емес секілді. Алдыңғы жылдарда туризм және спорт министрі қызметін атқарған, Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі саналатын Темірхан Досмұхамбетовтың да есімі ықпалды саясаткерлердің қатарында жиі аталады. Нұрлан Нығматулиннің де қазіргі  рейтингісі өте жоғары. Бұған облыс әкімі қызметін атқарған тәжірибелі Бақтықожа Ізмұхамбетовты  қосыңыз. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің қауіпсіздік кеңесінің хатшылығын арқалаған, бүгінде республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер саласының кәнігі білгірі Қайырбек Сүлейменов те өзіндік пікірін ашық айта алатындардың бірі.  Бәлкім, мұның барлығы мәжілістің алдағы уақытта  маңызды өзгерістердің алғашқы белгілері болар деген де ойдың қылаң берерін жасырмаймыз. 

Енді Мәжіліске Оңтүстіктен өткен депутаттарға тоқталайық. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегеніміз осы. Халқы тығыз, қазақтың қаймағы бұзылмаған, ұлыстың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірінен әдетте Мәжіліске кемі 10 депутаттың сайланатынына етіміз әбден үйреніп қалыпты.  Бұл жолғы  сайлаудың сценарийі жергілікті атқамінерлердің өңі түгілі түсіне де кірген жоқ. Алғашында облысымыздан партиялық тізімге бар-жоғы бес кандидат тіркелді. Уәлихан Бишімбаев, Нұрдәулет Сәрсенов, Ұласбек Сәдібеков, Шалатай Мырзахметов пен Бауыржан Жамаловпен шектелген бұл тізімге  енді ғана «бұған да шүкір» дей бастағанымызда, Жамалов пен Сәрсеновтың депутаттыққа өте алмай қалғаны мәлім болды. Бұл не?  Географиялық фактордың сақталмауы  «Оңтүстіктің кланға» қарсы біраздан бері жүргізіліп келе жатқан қысым мен қудалаудың ызғары ма, жоқ әлде мұның біз  білмейтін басқа да себебі бар ма?    Рас, депутаттыққа министрдің креслосынан ауысқан Нұрғали Әшімов те, кезінде Сарыағаш ауданын басқарып, бұл күндері Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасына  жетекшілік етіп жүрген Оразкүл Асанғазы да, Халықтар Ассамблеясында қолдау тапқан Розақұл Халмұрадов та  Оңтүстіктің тумалары. Бірақ...

 Қалай болғанда да бүгінгі уақыт  Мәжілістің жаңа құрамына айрықша жауапкершіліктің  жүгін  артатынын сарапшылар қазірден-ақ айтып отыр. Әйтеуір, мәжілістің мүшелері өзіне артылған  міндеттерін абыроймен  атқарып, алдыңғы шақырылымдағы әріптестері секілді мерзімінен бұрын тарап жатпасын дейміз.

Жандар Наурызбайұлы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: