Жармахан Тұяқбай: «Шаршадық. Бәрібір жеңіске жетіп жатқанымыз жоқ»

Screenshot_7.jpg

«Билікті сынай, сынай шаршадық. Бәрібір жеңіске жетіп жатқанымыз жоқ...Мұндай партияның енді кімге керегі бар?»

Осы аптаның сейсенбісінде Шымкенттегі «Валат» тойханасында халықпен кездескен «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағаларының бірі Жармахан Тұяқбай осылай деді. Оппозиция серкесінің бұл жолғы халықпен кездесуінде жүзінен шарасыздық, шаршағандық байқалды. Неге?

Осы жолғы кездесуге Жармахан Тұяқбаймен бірге Тоқтар Әубәкіров та келуі керек еді. Келмеді. Оның себебін төраға былай деп түсіндірді: «Тоқтар Әубәкіров пен Балташ Тұрсымбаев осы кездесуге келуі тиіс еді. Бірақ осының алдында біз Теміртауда, Қарқаралыда болдық. Тоқтардың өзі туып-өскен Қарқаралыдағы тұңғыш ғарышкердің атындағы көшеде орналасқан бір мейрамханада кездесу өтуі тиіс еді. Оған билік кедергі жасап өткізбеді. Сондықтан «Шымкентке барған кезде жағдай қалай болар екен?» деген оймен бұл жолғы сапарға тек өзім аттандым”.

--Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жылдай уақыт болды. Рас, осы жылдары жеткен жетістігімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ осы жылдары жерді, кәсіпорындарды жекеменшікке бердік. Одан не ұттық?  Шымкентте кезінде атағы дүркіреген Фосфор зауытының орны тып-типыл болып жатыр емес пе?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын елдегі кедейлер мен байлардың арасындағы әлеуметтік айырмашылық 20 есені құраса, сарапшылардың қазіргі зерттеуіне қарағанда ол 50 есеге жеткен. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша мұндай айырмашылық 5 есеге жетсе ол ел тұрақты емес деп есептеледі. Ал, 7 еседен асса бүлік шығуы мүмкін.

Мемлекетіміздегі шағын және орта бизнестің 70 пайызы тоқтап тұр. Дағдарыс кезінде қазынадан берілген 20 млрд. долларды олигарх банкирлер қалтасына басып алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те солардың арасындағы талас-тартыстың бір көрінісі ғана...Есіл кеткен жиырма жыл десеңізші,--деді Жармахан Тұяқбай. Бұдан кейін ол жуырда ғана парламенттің Елбасыға ерекше мәртебе беру туралы заң қабылданғанына қатысты пікірін былайша білдірді:

--Н.Назарбаевқа ұлт көшбасшысы  деген мәртебе беру Елбасыны масқаралау деген сөз. Неге айдың күннің аманында біз мемлекет басшысына күмән келтіріп, оны қылмыстан арашалауымыз керек. Неге оның қылмыспен  ақша тапқан деп есептейміз? Жағымпаздықтың да шегі бар емес пе? Конситуцияға қарсы келетін мұндай заңға Елбасының өз вета қоюы тиіс деп ойлаймын.

    Кеден одағына кіру де қате шешім. Егер біз Ресей мен Белоруссиямен бәсекеге шыдай алсақ одаққа кіруге болар еді. Белоруссия өндіріс орындарын сақтап қалған ел. Ресейдің бізге қарағанда күш-қуаты әлдеқайда зор. Енді бүгінгі қытай тауарларының орнын Ресейдің қымбат тауарлары басады.

Біздің қазір Қырғызстаннан бір-ақ айырмашылығымыз бар—біздің жер асты байлығымыз мол,-- деді партия төрағасы.  

Ж.Тұяқбайға халықтың берген сұрағы, пікір-ұсынысы, арыз-шағымы да көп болды. Бір байқағанымыз, залға жиылған 700-ге жуық адамның басым бөлігі баспанаға, құқық қорғау органдарына қатысты шағымданып жүрген, бір сөзбен айтқанда, билікке деген өкпесі қара қазандай азаматтарды құрады.  Қолына микрофон ұстаған олардың кейбірі  тіпті, қыза келе өлең оқып, «Кетсін...кетіру керек» деген «жалынды» сөздерді түйдек-түйдегімен айтып жатты.  

«Партия тек саяси науқанда ғана керек екен. Сайлау сайын барлық учаскелерді бақылауға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан саяси науқанда үнемі қарсыластырымыздың астына түсіп жатамыз. Ондай партияның кімге керегі бар?! Мен кезінде биліктен әділетсіздікке шыдамағандықтан кеттім. Әйтпесе қазір сол биліктің командасында жүре берген болар едім. Мен қоғамда әділеттің орнағанын көріп кетсем деймін. Маған президенттіктің де, депутаттықтың да керегі жоқ. 

Елде өзгеріс жасаудың екі жолы бар. Бірі революциялық жол, екіншісі реформалық жол. Мен Қырғызстандағыдай төңкерісті, қантөгісті қаламаймын. Елдегі өзгерісті рефомалық жолмен жасағанды дұрыс деп есептеймін», деді өзінің халықпен кездесуін қорытындылаған Тәуелсіз елдің тұңғыш Бас прокуоры—кешегі мәжіліс төрағасы.  

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg





Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: