Созақтағы хан мазары

Screenshot_15.jpg    

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы халқымыздың рухани жаңғыруына айрықша септігін тигізері анық. Осыған орай халқымыз «Әзіреті Қаратау», «Әулиелі Қаратау», «Қазыналы Қаратау» деп әз тұтынып «Қазақтың Қарашаңырағы Қаратау» деп қадірлеп, қасиеттеген қарт Қаратаудың теріскей бетінде жатқандықтан «Теріскей өңірі» - Созақ өңіріндегі тарихи жәдігерліктер жайлы көкейде жүрген кейбір ұсыныс пікірлерімді айтқанды жөн көрдім.

     Осы өлкеде ертеректе болған Қытай, Араб, Европа елдерінің саяхатшылары бай тарихи мұрағаттарды көріп, қызығып: «Ашық аспан астындағы мұражай» деп таңданған екен.

     Бұл кең байтақ алқаптың бір шеті Солтүстігіндегі осынау Ұлытау, Қаражал, Атасуға тірелсе, шығысында Балқаш көлі, Хантауы, Жамбыл тауы жатыр.  Батысын жиектей Сарысу өзені ағып Төлікөл – Татаға  құйған. Көшпенділердің кең жайлауы Сарыарқа мен қыс қыстауы болған Шу, Мойынқұм алқабы, табиғаты қатал Бетпақдала сияқты қазақ халқының өмірімен тығыз байланыста болған жерлер осы өлкеде орналасқан.

       Ұлы Жібек жолының бір сіліміне жататын «Бес құлан жолы», «Итаяқ Еспе жолы», «Жамбас жолы», «текей жолы», Хан жолы» осы өлкеден өткен. Бұл жолдармен Шыңғысханның, Әмір Темірдің, Қазақ хандарының сарбаздары жүрген.

      Сондай-ақ бұл жолдар арқылы Плано Карпини, Рубрук, Армиян императоры Гетум сияқты жаһангерлер де жүрген. Шоқанның досы Потанин де осы өңірді зерттеумен айналысқан.

       Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының вице президенті И.А.Кастенье 19 ғасырда қазақ даласын аралаған сапарында бай жәдігерліктерді көріп: «Қазақ жазирасының Құбатөбел күмбездері мен ғимараттары Самарқан мен Бұқараның көк тіреген зәулім мұнаралары мен алтынмен аптап, күміспен күптеген сән-салтанатты сарайларының көлеңкесінде мүлде көрінбей қалғаны болмаса, көнелігі мен ғылыми маңызы жағынан анағұрлым артық», - депті. 

       Халқымыздың өткендегі өмірінен сыр шертетін «Бес құлан» жайлы, «Уанас», «Кескентерек», «Қыземшек», «Қанжуған» жайлы тарихи аңыздар халық арасында кең тараған. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген қазақ халқының қасіретті жылдарын елестететін ән жолдары да осы өңірде пайда болған.

       Туран даласында Ислам дінін таратудағы көрнекті тұлға Қожа Ахмет Яссауидің сегізінші атасы Ысқақ баб «Бабата», түрік дүниесінің бас пірадары атанған, аттары қазаққа белгілі Алпамыс, Қобыланды, Едіге сияқты тарихи дастандарында айтылатын Баба Түкті Шашты Әзіз, Қожа Ахмет Яссауидің рухани серігі, оны ақ жуып, арулап жаназасын шығарған белгілі тұлға Қарабура әулие, Шайхы Ахмет Ишан сияқты киелі әулиелерге топырақ осы өлкеден бұйырыпты.

   Қазақ мемлекетінің іргесін қалаған хандар – Керей мен Жәнібек 1456 жылдары осы өлкеге келген болатын. Қазақтың алғашқы мемлекеті осы өңірде құрылып, буыны қатып, қалыптасты.

      Е. Бекмаханов «Қазақстан 19 ғасырдың 20-40 жылдарында»  деген еңбегінде: «Кеңесары Созақты және басқа да бекіністерді талқандап, төңірегіндегі Қоқанға бағынышты қазақтарды өзіне қосып, оларды Торғайға қарай көшуге мәжбүр етті», - деген болатын. 

    Келтірілген деректер Созақ шаһарының қазақ елі үшін қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді.

     Созақ шаһарындағы ең маңызды жәдігерлік – 20 гектар шамасындағы 4 қақпалы қамал – қаланың орны. Деректер бойынша қамалдың ішінде 2 мешіт, монша, өсімдік майын жәншіп шығаратын жуаз, құмыра, ыдыс-аяқ жасайтын құлалшылық, темір ағаш ұсталарының дүкендері болған екен.

     Қамал-қаланың орнын 1946 жылы Ә.Х.Марғұлан, 1947-1948 жылдары А.Н.Бернштам басқарған археологиялық экспедициясы зерттеп, олар қаланың бес қабаттан тұратынын, ҮІ ғасырда пайда болып ХІХ ғасырға дейін өмір  сүргенін анықтаған.

      Ә. Марғұлан Созақ қамал-қаласының орны жайлы: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде Созақ поселкесінің жанында сол аттас қамал-қала бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ хандығының тірегі болған.

      Созақ қырға жақын тұрған ірі сауда қолөнер орталығы еді, онда көптеген керуен сарайлары, тұрғын үйлер мен сауда дүкендері және қолөнер тауарлары, атап айтқанда, былғары ұста, зергерлік және керамикалық тауарлар өндірілген шағын шеберханалар болған», - деп жазды (Қамал қаланың макетін қараңыз).

     Қамал-қаланың орны алғашқы кезде адам қолымен бұзылса, оған табиғат әсері қосылып теп-тегіс жұмыр төбенің орнына айналды. Қамалдың қалың қорғандарының да білінер білінбес жұрнақтары ғана қалған. Көз көргендердің айтуынша қамалдың оңтүстік шығыс жағында (Қарабура әулие, мектеп жағында) дуалмен жапсарласа қос мазар (қабір) болған екен. Мазардың үстінде көк шынша тәрізді бұйыммен жасалған белгісі болған. Көргендердің айтуынша белгі құлаған дуалдың астында қалуы мүмкін. Мазардың орны 1950 жылдарға дейін сақталған екен.

    Қабір (мазар) жайлы ерекше көңіл бөліп отырғанымыздың бір себебі де бар. Жергілікті тұрғындар бұл орынды құрметтеп, қастерлеп «Хан мазары», яғни «Хан қабірі» деп келген. Айтылған жорамалдарға қарағанда бұл орынға Жәнібек хан мен оның ұрпақтары жерленген екен дейді. Осы жорамалдың қаншалықты ақиқатқа жақын екенін байқау үшін архивтік деректер мен кейбір жеке тұлғалардың айтқан пікірлеріне тоқталайық:

      1470 жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы әз Жәнібектің баласы Махмұт Созақ қаласын бағындырды. Сөйтіп, 1470 жылы Сырдария жағасындағы екі қала Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына енді. Махмұт сұлтан 1470 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Созақ шаһарының билеушісі болды.  Тағы бір деректе Түркістан үшін болған бір шайқаста Жәнібек хан Суындық асуында қаза табады. Осы айтылғандардан Жәнібек ханды сол кезде жау қолында болған Түркістанда жерлеместен қазақ хандығының бас қаласы болған Созақта жерлеуі әбден мүмкін. Ал тарихшыларымыздың «Шайбанинамадан» алып келтірген бір дерегінде осы Суындық асуына Шайбанимен болған бір соғыста  Махмұт сұлтанның бетіне қылыш тиіп мұрнымен қоса бетінің тегістеліп кеткендігі айтылады. Белгілі тарихшы Фазллолах ибн Розбихан «Мехманнамаии Бұхара» деген еңбегінде: «70 жылдары Сауран, Созақ түбінде Қаратаудың Соғынлық асуында және басқа жерлерінде бірнеше ірі шайқастар болып өтті. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхаммед Шайбани басып алып, жеңістер мен жеңілістер жауласушы екі жақтың да үлесіне тиіп отырды. Сондай шайқастың бірінде Жәнібек ханның ұлы Махмұт сұлтан қаза тапты. Ол Созақтың қожасы еді, ал оның інісі Иренші Сауранды иеленіп тұрды», - депті.

      Созақты ұзақ уақыт билеген Жәнібектің баласы Махмұт Сұлтанның қабірінің де әкесінің қасында болуы табиғи шындық. Белгілі жазушы І. Есенберлин «Алмас қылыш» атты шығармасында Әбілқайыр ханмен Жәнібек ханның қабірі Созақта, яғни Жуантөбеде жатыр дейді.

      1960 жылдары Созақ ауданының бірінші хатшысы болған Әділ Сасбұқаев заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтың Созақтағы қамал қаланың орнында тұрып: «Бұл жерлер жатқан тарих қой. Мынау Созақта қазақтың екі ханы жатыр. Қарт Қаратаудың әр қойнауы толған сыр ғой. Анау Баба ата, Құмкенттегі Баба Түкті Шашты Әзіз әулие, бәрі, бәрі құпиясын ішке бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң талай тарихқа қанығар едің, шіркін!  Бір қолды босатып зерттер ме еді...» - деп толғанады.

     Көрнекті қоғам қайраткері қазақтың рухани мұрасының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков 1994 жылы Созаққа келген бір сапарында: «Тарихи болжамдарға қарағанда қазақ хандарының қабірі Созақта болуы керек», -  деген пікірді айтып, дерек жинауды менен (осы жолдардың авторы) сұраған еді. Осыған орай жастары 70-80-дердегі жиырмашақты Созақтың байырғы тұрғындарының әрқайсысынан әр түрлі уақытта сұрағанымызға қарамастан  барлығы теп-тегіс болған бір орынды көрсеткен еді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: