Әділетті ел – адал азаматтан басталады
Қазақстан Республикасының даму стратегиясы әділетті, ашық және халыққа қызмет ететін мемлекетті құруға бағытталған. Бұл бағыт – елдің тұрақтылығы мен әлеуметтік келісімінің кепілі. Соңғы жылдары қабылданған реформалар, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамалары қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың белсенділігін арттыруға бағытталған.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлықпен бекітіліп, мемлекеттің азаматтардың сұраныстарына уақтылы жауап беруі мен қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы тұрақты диалогқа негізделген. Бүгінде мемлекеттік органдар басшыларының кездесулері, консультативтік алаңдар, «Ашық Үкімет» порталы, E-Petition және E-Otinish порталдары арқылы халықпен цифрлық байланыс орнатылып, мәселелер дер кезінде шешілуде. Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіліп, жыл сайын шамамен 250 млн қызмет қағазбастылықсыз, кезексіз және парақорлықсыз жүзеге асады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым бірге жүруі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, саяси-экономикалық реформалар жеткіліксіз; бастысы – қоғамдық сана мен азаматтардың ниетін өзгерту. «Адалдық пен әділдік тығыз байланыста: адал азамат болмаса, әділдік орнай алмайды. Әрбір адам адал, еңбекқор, отаншыл, білімді, тәртіпті және жанашыр болса, қоғамда әділдік орнайды», – деді Президент.
«Адал азамат» тұжырымдамасы – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершіліктің басты элементі. Соңғы жылдары ашықтық, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және азаматтық бастамаларды қолдау реформалары арқылы мемлекеттік қызмет саласы жетілдірілді. Бұл шаралар әлеуметтік сенімділікті арттырып, институттардың тиімділігін күшейтті.
Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдегі саяси реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму және «Әділетті Қазақстанды» құрудағы әр азамат, оның ішінде ірі кәсіпкерлердің жауапкершілігіне тоқталды. Ол қазақстандық ірі бизнес өкілдерінің қоғам алдындағы әлеуметтік міндетін күшейтуді, ел байлығының халық игілігіне жұмсалуын басты мақсат деп көрсетті. Сарапшылар бұл бастамалардың әлеуметтік әділдікті нығайтып, кәсіпкерлерді қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға тартатынын атап отыр.Білім беру саласында 2023 жылы пилоттық режимде іске қосылған «Адал азамат» жобасы 2024 жылдан бастап барлық мектептер, балабақшалар мен колледждерде жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – әділеттілік, адамгершілік, жауапкершілік пен еңбексүйгіштік қағидаларын бойына сіңірген отаншыл, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Жоба экологиялық мәдениет, өнер, еңбекке баулу, инновация, оқу сауаттылығы және әлеуметтік жауапкершілік сияқты 6 бағытта жүргізіледі. Нәтижесінде 3 млн-нан астам оқушы сенбілікке қатысты, 1 млн бала музыкалық шығармашылықпен айналысып, 1,3 млн оқушы түрлі мамандықтарды үйренді.
Президент атап өткендей, реформалар жеткіліксіз, бастысы – азаматтардың сана-сезімін жаңарту. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары бір-бірін толықтырады. Адал азамат – жауапкершілігі бар, қоғам мен отан алдындағы міндетін білетін тұлға. Мұндай азаматтар көбейген сайын, Қазақстанның өркендеуі мен әділ қоғам құруы қамтамасыз етіледі.
Қорытындылай келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен «Адал азамат» тұжырымдамалары қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, әділдік пен әлеуметтік жауапкершілікті басты қағида ретінде орнықтыруға мүмкіндік береді. Азаматтық белсенділік, ашықтық және қоғамдық бақылау – еліміздің тұрақты дамуы мен әділ қоғамның қалыптасуының басты кепілі.


